Испания билігі өткен аптада 13 адамның қазасына себепкер болған террактіні жасаған жүк көлігінің жүргізушісін қолға түсіру барысында, күдіктінің полиция қызметкерлерінің қолынан өлгенін жариялады. Бұл туралы CNN ақпараттық агенттігі жазды.
Younes Abouyaaqoub есімді маррокалық азамат Испанияның батысында орналасқан шағын елдімекендердің бірінде көзге түскен. Ол туралы полицияға хабарлаған әйел аптап ыстықта ұзын жеңді, қалың киімде жүрген белгісіз азамат бірден күдік тудырғанын айтады. Полиция келген кезде оның белінде жарылғыш заттардан жасалған белбеу болған және ол пышақпен қаруланған. Полиция атқан оқтан жараланған күдіктінің беліндегі жарылғыш затты шешіп, қауіпсіздік орнату үшін оның жанына арнайы робот жіберілген.
Өткен аптада қалың халықтың арасына қасақана бағытталған көліктің салдарынан 13 адам қаза тапқан қайғылы күні Younes Abouyaaqoub оқиға орнынан бірден ізін суытқан. Жолай басқа көлік жүргізушісін өлтіріп, оның мүлкін алып, белгісіз бағытта жасырынған.
Каталонияның Ішкі істер министрі Хоаким Форн жергілікті радиоға берген сұхбатында: "Барлық деректер мароккалық азаматтың кінәлі екендігін көрсетеді", - деп мәлімдеді. Каталонияның полиция қызметі Younes Abouyaaqoub -тың Испаниядағы террактілерге қатысы бар деген 12 күдіктінің қатарында болғанын айтады. Олардың мәліметінше, қазір 12 азаматтың 4-еуі қолға түсіп, 8-і өлтірілген.