Испанияның Барселона қаласында халық жиналған орынға қарай жүк көлігін бағыттап, 13 адамның қазасына себепкер болған жүргізуші іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі жазды.
Каталонияның жағалаулары жаз мезгілінде туристер арасында ерекше танымалдылыққа ие орындардың бірі. Қаза тапқан 13 құрбанның қай елдің азаматтары болғаны анықталып жатыр. Толық расталмаған мәлімет бойынша, олардың қатарында 3 испан, 2 итальялық, 1 бельгиялық және 1 америкалық азамат болуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы 13 айда террорлық әрекет ұйымдастырушылары халықты көлікпен соғу тәсілін жиі пайдаланып жүр. Аталған мерзім ішінде Германия, Испания, Франция, Ұлыбритания жерінде көлік қолдану арқылы болған әртүрлі қайғылы оқиғалар кезінде 130-ға жуық адам көз жұмған.
Бүгін Испания билігі елдегі төтенше жағдайды қатаңдатуға байланысты шешім шығарады. Егер қауіпсіздіктің ең жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету туралы ұсыныс мақұлданса, онда қала көшелеріндегі полицейлердің қызметіне көмек көрсетуге мемлекет әскері қосылады.