Ауғаныстан халқы құқық қорғау органдарынан қауіпсіздіктің күшейтіліп, қорғаныстың нығаюын талап етіп, қала көшелеріне шеруге шықты. Соңғы кездері Ауғаныстанның әртүрлі бөлігінде жиі орын алған террористік актілер мен оның құрбанына айналған қарапайым азаматтар санының артуы жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл туралы Әл-Жазира (Al-Jazeera) ақпараттық агенттігі жазады. 

Соңғы болған жарылыс кезінде, Гераттағы мешітке жиналған 30 адам қаза тауып, тағы 80 азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Герат губернаторының өкілі Джилани Фархад ауруханадағы адамдардың да өліп кету қаупі жоғары екендгін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Онан алдын Кабулдағы Ирак елшілігінің алдында болған терракт екі күзетшінің өмірін қиды. Қандағардағы НАТО әскеріне қарсы шабуыл кезінде тағы екі америкалық әскери мерт болған.

Гераттағы мешітте жан тапсырғандар негізінен шиит мұсылмандары болғанымен, құрбандарды жерлеу рәсімінен кейін қала көшелеріне шыққандардың қатарында сунниттер де бар. Қайғылы жағдай бүкіл Гератты біріктірді.

Жарылысқа куә болған Мұхаммед Джаваш Амид: "Террористер оқ жаудыра бастағанда, мешіт алдындағы күзетшілер оларға қарсы қару қолданған жоқ. Бұл біздің құзыретімізге кірмейді деп, қаша жөнелді. Сол себепті де, 4 джихадшының екеуі ізін суытып кетті. Біздің полицияға, күзетке деген сеніміміз шайқалды", - дейді.

Халық белсенділері қала губернаторының болған оқиға үшін жауапкершілікті мойындарына алғанын қалайды. Шеру ұйымдастырушыларының пікірінше, мемлекет Гераттағы жарылыс кезіндегі өлген құрбандар санын 30 ғана деп,  жасырып отыр. Шын мәнінде, бұл көрсеткіш 70-ке жуық бейбіт тұрғынды құрауы мүмкін.

Деректерге сәйкес, бір ғана 2017 жылы Ауғаныстандағы террорлық шабуылдар нәтижесінде 1 мың 700 тұрғын мерт болған.

“The Qazaq Times”