Ақын десе көз алдыма Парижге асыққан бала Рембо келеді. Тәшкеннен Алматы тарапқа құмарта көз тіккен студент Төлеген Айбергенов елестейді.
Рембо он тоғыз жасында өлең жазуды қойып кетті. Бірақ осы жасына дейін жазған өлеңдері-ақ оған әлемнің ең ұлы ақындарының қатарынан ойып орын алып берген.

Артюр Рембо

Отызында өмірден озған Төлеген де қазақ поэзиясының аспанында мәңгілік шамшырақ болып қалып қойды.
Бас-аяғы бес-он жылдың ішінде оларды ұлылықтың шуағына бөлеп үлгерген сонда не құдірет? Түсінбеймін…
Түсінетінім, толыққанды текті өлең тарыққанда демеушің, адасқанда жол сілтер ақылшың, қысылғанда қолтығыңнан сүйер періштең бола алатындығы.
Рас, ақынға мықты өлең жазуды үйрету мүмкін емес. Бұл астрономды ғарыш нысандарын, миллиодаған жұлдыздардан тұратын алып галактикаларды қолдан жасауға мамандыруға болады дегенмен бірдей бос әурешілік болып шықпақ. Әйтпесе, қолына қалам ұстаған екінің бірі Төлеген, екінің бірі Мұқағали болып кетпес пе еді.

Төлеген Айбергенов

Өлеңнен үміткер жанның қайсысы осал ақын болғысы келеді дейсіз. Демек, мықты ақынның өлеңінде кәдуілгі есеп-қисапқа бағына бермейтін әлдебір тылсым сырдың да болғандығы ғой. Қаншалықты шындық екенін білмеймін, Төлеген (Айбергенов) өлеңдерін аудармақ болған орыс ақынының жұмыс үстінде жүрегі шыдамай жарылып кетіпті деген әңгімені естігенім бар. Шамасы, аудармашы Төлеген өлеңінің ішкі кернеу қуатын игере алмай қалған болар. Бәрі мүмкін. Ал, Төлегенге сондай өлеңдер жазу, тудыру үшін қандай жүректің иесі болуы керек еді?
Кеудемде жүрген, зердемде жүрген
Ынтызар ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ.
Түкпірімдегі дір ете қалғыш
Осынау құйттай жүрекпен,
Келем мен бүгін қасиетті, байтақ
Қазақстанды көтеріп.
Дір ете қалғыш құйттай жүрек көтерген қасиетті, байтақ Қазақстан. Осы сөзді басқа біреу айтса сенбес едіңіз, ал Төлегенге сенесіз. Шынайлылығымен, пәктігімен, асқақтығымен сендіреді. Бәлкім, ақын жүрегінің алау болып жануы деген осы шығар. Төлеген өртеніп кетті. Әйтпесе, өмірден отызында озуға асығар ма еді. Бозбала Рембо болса өлеңді тастап кетті. Сауда-саттыққа басыбайлы берілді. Әлдекім айтар, Рембоны көзі тірісінде ешкім мойындаған жоқ, оның күні өзі бақилық болғаннан кейін ғана туды деп. Айта берсін, білмегесін айтады. Оны Пол Верлен мойындаған-ды. Иә, иә, атақты Верлен. Анатоль Франс:
«Бұл ақынға кәдуілгі пенделерге қарағандай өлшеммен қарауға болмайды… Ол бізде жоқ құқықтарға ие болатын… бізден өлшеусіз биік тұрды. Өлшеусіз төменде болды. Бірақ бір ғасырда жалғыз-ақ рет туылатын ақын еді…» деп баға берген Верлен.

Павел Васильев

Жасы үлкен болса да сол Верлен тарихта Рембоға ұстаз болуға, ақыл айтуға тырысқан жоқ, керісінше шәкірт көзімен қарады. Соңынан ерді. Тарихта Рембо секілділер аз ба. Бізде жетпісінші жылдары Артығали Ыбыраев деген ақын болған. Жыр сүйер қауым есімін жақсы біледі. Өлеңдерін де. Сол Артығали өмірден өткенде жиырма бірде еді. Жиырма бір кейбіреулер үшін өлеңге енді келіп жататын жас.

Саттар Ерубаев

Енді-енді мерзімді басылымдарға жарияланатын тұсы. Ал бұл жас Артығали үшін мәңгілікпен тілдесер жас болды. Кешегі Кеңес дәуірінде он бес-жиырма кітап шығарған ағаларымыздың қайсысы қазақ әдебиетінің тарихында қалары белгісіз. Бірақ жиырма бірдегі баламен ешкім таласа алмақ емес. Бернияз, Саттар, Абдолла,..

Абдолла Жұмағалиев

Артығали да солардың бірі, солардың қатарында.
Иә, қазақ поэзиясында өмірімен де, өлеңімен де, қысқа ғұмырда лапылдап өткен шығармашылық шабытымен де үлгі боларлық ақындар аз болмапты.
Бірақ, амал қанша, әдебиет әлімсақтан кіл таланттардың ғана бас қосатын жері болмаған. Оған таланттарды таңдау құқы берілсе де, ондай еркіндік берілмеген. Блоктың «Жаза беру керек дейді, жаза беру керек дейді… Сонда жазу дегеніміз көк сия мен ақ қағазды былғай беру ғана ма екен» деп өкінетініндей бар. Мұндай өкініштен қазақ әдебиеті де кенде емес.
… Кейде редакцияға жасы алпыстан асып, жетпісті алқымдаған ақындар келеді. Кезінде ақын болса болған болар, бірақ қазір ақын емес. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Аксиома. Бар айырмашылығы, қайран Мұқағали, ерен Мұқағали жасы қырықтан асқан, тепсе темір үзер шағында «Шабытым шау тартып барады ма?» деп өз мүмкіндігіне күмән білдіріп қобалжыса, бұлар жетпістің төріне шығып алып та өлеңнің бәйгесін ешкімге бермейміз деп ойлайды. Өлең төңірегіндегі таласы кішкентай балалардың ерегесін еске түсіреді. «Өлеңімді жарияламай, мені өлтіргілерің келіп жүр. Бірақ, өлтіріп алып мойындайсыңдар ғой» дейді. Іштей осы да әдебиетке өмірін арнаған ақсақалдың, я ақ шашты апайымыздың аузынан шығатын сөз бе деп өкінесің. Іштей өлеңге енді келіп жатқан, алыс ауылда жатып алып бір шумақ болса да өлеңінің (еске Төлеген түседі) «Қазақ әдебиетінің» бетіне шыққанын саруайымданып емес, сарғая сағынып күтетін жас талапкерді ойлайсың. Екі астанадан алыста жүрсе де, қазақ өлеңінің жоғын жоқтап, олқысын толтырып жүрген Тыныштықбек Әбдікәкімов, Серік Ақсұңқарұлы, Ертай Ашықбаев, Шаһизада Әбдікәрімов, Сабыр Адай, Светқали Нұржановтар еске түседі. Қуандық Шолақовтай ақыны бар ауылды аңсайсың…

Артығали Ыбыраев

Біздің жерлес бір ұлы орыс ақынымыз болған. Павел Васильев деген. Қаны орыс демесең жаны қазақ секілді сезілетін осы ақынды Мәскеудің білгірлері (Пастернак, Луначарский, Горький, т.б.) Сергей Есенинмен терезесі тең ақын санаған. Өзі жиырма алтысында репрессияның құрбаны болған сол ақын жасы отыздан асқасын өлеңді қойып, түбегейлі прозаға бет бұруды ойлапты. Ақынның жасы отыз деп ойласа керек. Сол кездегі қазақ ауылының аянышты тағдырынан сыр шертетін «Тұз бүлігі» деген поэмасы бар. Азуы алты қарыс Олжастың да тақыр жерден пайда болмағандығын, сол Павелдің шекпенінен шыққанын осы ақын шығармашылығымен танысқан адам байқай алады.
Біз бұл жерде Павел Васильевті бекер ауызға алып отырғанымыз жоқ. Оның шығармашылыққа адалдығын алға тартқымыз келген.