Ұлттық экономика министрлігі бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға ұсынылатын жөнсіз және қайталанған есептерді анықтау және қысқарту бойынша заңнаманы кең ауқымды тексеруді жүргізеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Бүгінде бизнес беретін есептің 1200-ден аса түрі анықталды. Сонымен қатар сонау 2000-жылдардың басында енгізілген, ал мемлекеттік органдардың өзіне олардың қажет екені түсініксіз бірқатар есеп түрлерінің бар екені анықталды. Нәтижесінде бұлардың бәрі бизнеске ауыртпалық болып табылады», - деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов.
Реформаландырудың қорытындысы олардың қолданылуын ретке келтіру, бизнес беретін есептіліктің қайталануын болдырмау және соған сәйкес кәсіпкерлердің шығындарын қысқарту болуы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдарға берілетін есеп түрлерінің бірыңғай және мейлінше толық тізбесін құруды жоспарлап отыр. Ешбір мемлекеттік органның кәсіпкерден осы тізбеде қарастырылмаған қандай да бір ақпаратты немесе есепті сұратуға құқығы болмайды.
Содан кейін бекітілген тізбеге есептіліктің жаңа түрін кіргізу мәселесі міндетті түрде тек оның дәлелділігі және мақсаттылығын айқындайтын реттеушілік әсер ететін талдау рәсімдеулерінен өткеннен соң ғана жүзеге асырылады.