– Біз ШЫҰ-ның белсенді мүшесінің біріміз. Бұл ұйымда біздің президентіміз айтқанындай әлемнің жарты халқы бар. Оның ішінде төртеуі ядролық қарумен қаруланған. Осы ұйымның бізге берері не?
– Қандай саяси қоғамдық ұйым болсын «ол келешекте халқымызға мемлекетімізге не береді, не жақсылық әкеледі?» деген сұрақ әркімнің жүрегінде жүреді. Сондықтан бұл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы біз сияқты кішкентай мемлекеттерге ештеме де бермейді. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан бар. Ал енді мына Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістанға экономикалық жағынан, халық жағынан терезесі тең мемлекетке жақындасу үшін, бір бірімен есептесу үшін керек. Ал біз соның ішінде қатысып қана жүрген мемлекет болып отырмыз. Солай болады да келешекте. Біз ол Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арқылы ешқандай сұрағымызды шеше алмаймыз, ештеме жасай алмаймыз. Неге десеңіз, қазір Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитінң алдында Пекинде өткен «Бір белдеу– бір жол» жобасы тек Қытайға ғана керек нәрсе. Неге десеңіз, Қытайдың өндірісі үлкен. Олардың мақсаты - сол өзінің өндіріп жатқан, шығарып жатқан өнімін, тауарларының барлығын сату, Қазақстан, Ресей және Қырғыстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттерге нарық орнату. Ар жағында Тәжікстан бар. Осыларға өзінің шығарған затын сатып, бекітіп, соны шегелеп қою. Ал егер ондай болатын болса біздің өндірушілер, өндіріс өндіретін жеке меншіктер зардап шегеді. Осы 25 жылдың ішінде біздің үйренгеніміз сауда саттық. Қытайдан сатып алып, өзімізге сату. Үстіне ақшаны қосады да өзімізге сатады. Түркиядан, Ресейден әкеледі, бәрін өзімізге сатады. Өзіміздің өндіріс мүлде құрып, құрдымға кетіп бара жатыр.
– Не істеу керек онда?
– Өзіміздің шаруашылықта жүрген, бизнесте жүрген азаматтардың өндірісін көтеру керек! Ол үшін, біз секілді мемлекетке шетте отыру керек. Белсенді кірісіп кетпеу керек. Мен қазір бәрін қараймын, интернеттен оқып отырмын. Анализ жасап отырмын. Біз белсенді болып кірісіп кеттік соның ортасына. Ал ол белсенділік деген өзіміздің тауар өндіретін мекемелердің бәрін құрту деген сөз. Қазірдің өзінде ұсақ-түйек бір нәрсе ашылса, оның өзі құрып кетеді. Мысалы қазір айыр күрекке шейін Қытайдан келеді. Айыр, күректі өзімізде де істеуге болады ғой. Мен енді сауда орындарына барып сатып алайын десем, мынау қытайдікі, мынау ресейдікі, мынау түріктікі, мынау еуропанікі дейді. Сонда біздікі қайда? Оны өндірмейтініміз – бізде бағасы қымбат болуы мүмкін. Бастаған кезде бір-екі жыл қымбатырақ болады. Ал оған ешкім көмек жасап жатқан жоқ. Сондықтан біздікілер онымен шұғылданбайды. Шұғылдануға қауқары жоқ, қаржысы жоқ. Банк жүйесінің барлығы кредиттерді жоғары пайызға береді. Ол кредитті алып, өндірісті ұйымдастырам деген адам ақымақтау болып қалады. Сондықтан бұл «Бір белдеу – бір жол» саяси-экономикалық жағынан бізге жақсылық әкелмейді. Біз тек алыпсатар болып қаламыз. Барлық халық алып сатады. Ел енді күллі халық алып сатар болсақ ешкім ештеме өндірмейтін болса, қаржыны қайдан табады? Әзірге қаржы тауып отырғаны мұнайымыз бар. Мұнайдан және салықтан келгенді соны жалақы деп беріп отыр халыққа. Халық болғанда да зейнеткерлер, студенттер, бюджеттен алатын мұғалім, дәрігер, содан кейін анау шенеуніктер. Енді олар өздерінің алған жалақысына сатып алу керек қой. Тырмақ сатып алу керек, басқаны сатып алу керек. Сонда бәрі Қытайдікін, басқа елдердікін сатып алады. Өйткен экономиканың келешегі жоқ деген сөз. Сондықтан бұл бізді экономикалық тұншықтыру. Ертең біздің халық өзіміздің үстімізден өтетін жолды сыпырады, соның қарын тазалайды. Жол желініп қалса соған жеңіл-желпі жөндеу жасайды. Сонымен бітті. Себебі қазір бұрынғыдай емес. Оң жақ-сол жаққа кішігірім кафелер салып қоямыз, сусын сатамыз деген болмайды. Себебі ол жолдарға ешкім тоқтамайды. Өйткені ол жол арқылы Қытайдан Еуропаға 24 сағатта өтіп кетуге болады. Сондықтан бүгінгі күні жолдың оң жақ, сол жағын жайнатып, сусын ұйымдастырып ақша табамыз деген бос сөз.
– Былайша айтқанда Ұлы Жібек жол деп жүрген Батыс Еуропа – Батыс Қытай деп жүрген жолдан бізге ешбір пайда жоқ қой сонда?
– Ешқандай бізге пайдасы жоқ. Ол орта ғасырда болған шаруа. Ол кезде жібектерді, басқа заттарды түйемен тасыды. Қазір түйемен тасымайды ғой. Ол кезде түйемен тасығанда қонақүйі бар, тамақ ішетін жері бар сол жердегі барлық халық жұмыс істеген. Ал қазір халық ештеме де істей алмайды. Себебі Қытайдан шыққан үлкен жүк таситын машиналар бір тәулікте Еуропаға жетіп алады. Оларға тоқтаудың қажеті жоқ. Сондықтан біз бұл жерде ештеме де ұтқан жоқпыз. Біздікі жай қосалқылық. Жай жанында жүреміз. Сол ұйымға мүшеміз. Ал ол дүниежүзінде үлкен беделі бар, 70 жылдан бері күллі мемлекет болып қолдарын қойып жасаған Біріккен ұлттар ұйымындай бола алмайды. Біз оның мүшесіміз. Бізге сол жетеді. Егер мынау соғыс деген нәрселерден сақтанамыз десек. Ал оған кіріп, шапанымызды желпілдетіп неміз бар? Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның несі бар? Айтып отырмын ғой мына 4 мемлекет өздері ұйым құрып, өздері келісетін болса «экономикамызды қалай жүргіземіз, қаржымызды қалай жүргіземіз, содан кейін қару жарақты қанша ұстаймыз, атом қару жарағын қалай ұстаймыз, тереземізді кіммен теңестіреміз?» дейтін де солар. Ал біздікі жай қосалқылық. Бізде «қалай теңестіреміз?» деген сұрақ болу керек.
– Астанада Сүрия мәселесі туралы тағы келіссөз өтейін деп жатыр. Керек пе сол бізге?
– Енді одан біз ештеме жоғалтпаймыз немесе таппаймыз. Біздің беріп жатқанымыз сол жатақхана. Келіссөз жүргізетін орын. Одан басқа ештеме жоқ. Біздің мемлекет оларға ақыл айта алмайды. Оларға кім ақыл айта алады? Ресей, Түркия, АҚШ, Еуропа болды. Басқалары енді айтқан шығар. Ал мына Астанада өткізейік, осындай келіссөз жүргізейік деген бізге жаман емес. Одан ұтыларымыз жоқ. Мысалы келіссөздер негізінен Швейцарияның астанасы Женевада өтіп жүр. Астанада өтіп жатыр. Одан біздің ұтылып жатқан, не болмаса бір ұпай жинайтын ештеме жоқ. Келсін. Күнде келіссөз өткізсе де біздің ештемеміз кетпейді. Ұшақтары бар, ұшып келеді, сөйлеседі сосын тарайды. Нәтиже бар ма, жоқ па, біз оған ықпал ете алмаймыз.
– Біздікі жай майдан көру дейсіз ғой?
Иә.
– Енді шетел асып кеткен саясаткерлерге келсек. Олардың ел іші саясатына ықпалы қандай? Ел билігіне араласу мүмкіндігі бар ма? Бізде біраз саясаткерлер шетелде жүр ғой?
Енді ол шетел асп кеткен саясаткерлерді әртүрлі себеппен біздің мемлекет шетел асырып жіберді. Шетелге кетті. Олардың енді сол қудалап жүргені, айтып жүргені елімізде нақты демократия болу керек. Шетелде өкілдер болсын, Қазақстанда демократия жасасын, көзбояушылық болмасын деп жүр. Бірақ олар біздің ішкі саясатқа кірісе алмайды. Оған күші де жоқ. Ешбір мүмкіндіктері де жоқ. Олар шындықты айтып келеді. Біздің ішкі саясатқа олар жуыр маңда ешқандай кірісе алмайды да, ықпал ете алмайды.
– Ал өзіңіз саясатпен айналысып жүрсіз бе?
Енді мен сол үлкен лауазымды қызметке барғаннан кейін саясаттан қол үзген жоқпын. Саясаттың ішінде де бірнеше тармағы бар. Бірнеше жолы бар. Егер халық сыйлайтын саясаткер болсам, онда шындықты айту керек. Мен қанша уақыт болса да шындықты айтып жүрмін. Мен енді билікті күйретейін деп отырған жоқпын. Сол биліктің өзіне сәл кішкентай ғана болсын ықпалым болып, біздің қоғам демократия жолына ақырын-ақырын бұрылып, халыққа сәл де болсын жақсылық жасайтын болсам жүріп жатқан саясатқа ризмын. Бірақ халықтың дұрыс жолына ықпал жасап, халықты дұрыс жолға жұмылдырайық деп билікте отырған саясаткердердің ешбір дұрыс жобасын көріп отырған жоқпын.
– Қазақстанда бір ғана саясаткер бар, ал қалғаны орындаушы дейді. Бұл рас па?
Ол рас. Бізде енді бір ғана саясаткер бар. Ол кісі біздің Президент. Ол кісінің айтқан саясатын орындаушылар асыра орындайды. Ал бастарынан шығарып, саясат жүргізіп, экономикалық даму жағдайын ойлап, саяси дамуды ойлайтын саясаткер жоқ. Себебі бір ғана саясаткер болғаннан кейін оларға ешқандай жол да жоқ, оларға ешбір есік те жоқ.
– Президенттікке кандидат болу үшін “Сайлау туралы» Конституциялық заңға тағы өзгерістер енді, мысалға білімі, денсаулығы туралы шектеулер қойылды. Біз неге өзгерте береміз?
– Енді ол Президент сайлауына шұғыл дайындық деген сөз. Бізде кезектен тыс сайлаулар өмір бойы болып келе жатыр. Сондықтан бұл енді кезекті сайлауға дайындық деген сөз. Ал енді мына білімі денсаулығы деген жәй сөз ғана. Әйтсе ол да Қазақстанның азаматы ғой, азаматтық біліммен денсаулықпен шектелмейді ғой. Сондықтан қатардағы жеке азаматтардың да өзін президенттікке ұсынуға қақысы бар. Оны шектеу шектен шыққандық.
“Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгеріс енгізу, шектеу қою «ешкім кіріспесін, кім кірісе алатынын өзіміз білеміз» деген сөз.
– Әңгімеңізге рахмет!