Француздың  атақты қолбасшысы Наполеон Бонапарт соғыс алдында өз әскерлерінен «тірі қалуды» талап етеді екен: «Соғыста өліп кету бәрінің қолынан келеді. Бірақ, тірі қалу тек талантты жандарға ғана тән қасиет. Маған сендердің мүрделерің емес, өздерің қажет. Сондықтан, тірі қалуды бұйырамын...»

Леонардо Ди Каприо кинодағы шығармашылық өмірінде көптеген фильмдерге түсті. Олар жай картиналар емес екені тағы белгілі. Нағыз Шедевр. Бір өкініштісі, өткен жылдар барысында сомдаған образдарының біреуі де «Оскарға» лайық деп табылмағанында. Кейбір келте ойлы  мес қарын академиктердің өлшем-пайымдарынша Леоны «жас бала»-ға теңеп келген. Жер бетіндегі киносүйер қауымның көз алдында қайта-қайта әділетсіздік болып, жұрттың наразы пікірі күшейген соң олар амалсыз қалды. Сонымен, былтырғы жылдың көктемінде «мүсінше» ди Каприоға тапсырылды. Шарасыз шенеуніктердің жүрерге жолы қалмағандықтан, ол мазмұнсыз марапаттады. Жүлде иесін анықтайтын қазылардың мұндай әрекеті, шахмат ойынындағы  жүрістің соңғы сәтіне ұқсайды, «мат».

ди Каприо, "Тірі қалу" фильмінде

Лео оларды бұл жүріске бастаған жоқ, керісінше жоғарыдағылардың өздері соғыс ашқандар. Соңынан тығырыққа тірелгендер де өздері. Марапаттау кезінде актердің қуанышы қойнына сыймай өз «Оскар»-ын көкке көтерді. Қарапайым кино көрермен тілімен айтқанда «Выжывщи» (тірі қалған) фильмі яғни ондағы кейіпкері «мүсіншеге» лайықты дәрежеде емес еді. Бәрібір, «Оскар» оған берілді. Байқаған болсаңыз, ешкім қарсылық білдірген жоқ. Өйте алмайды да. Себебі, Лео осы күнге дейінгі шығармашылығында «Оскар»-ға артығымен қызмет атқарған актердің бірі.

Криштиано Роналдо. Бұл есімді алғаш доп теуіп жүріп, бір досымнан естігенде, бұндай ойыншының бар екендігіне күмәнмен қарағанмын. Себебін айтпай-ақ, түсінген болсаңыз иә, ол сіздің ойыңыздағы Рональдо (Луйс Назарио де Лима). Біздің кезде бір ғана Роналдо болды, ол да  тоғызыншы номердің иесі. Көп аймағы құмды өлке саналатын Бразилияда «балалар футбол үшін арнайы туыла ма» деп ойлап қаласың. Ағылшындардан тараған  болса да, футболды дарытқан да, әлемде  дамытқан да, түптеп келгенде осы ел емес пе? Ал, Криштиано қайдан шықты? Алғаш әлемдік ареналарда ойын көрсете бастаған Криш «Роналдо» атына сай бола ала ма деген көптеген пікір-таластар баспасөз беттерінде шыға бастады. Журналистер арасындағы дауға айналған бұл бала Ронни, біздерге кешегі «қасқатісті»  қайтара ала ма, әлде Луистің мәңгілік көлеңкесі кейпінде қала бере ме деген талас біразға дейін өрбіді. Кезінде футбол сүйер қауымды ерекше ойын үлгісімен таңдай қақтырған бразилиялық Роналдоны журналистер «қасқатісті» деп атап кеткен. Уақыт өте келе, көрермендер көңілін жаймен жаулаған  португалдық  Криштиано Роналдо Душ Сантуш Авейро алдыңғы күдіктердің бәрін сейілтті.

Криштиану Роналдо, ойын алаңында. Фото: epochtimes.ru

Криштиано күні кеше өткен Франциядағы  «Еуро-2016» футбол чемпионатында қалай ойын көрсеткені өзіңізге мәлім. Алғашында португал құрамасының ойыны жанкүйерлерге ұнады дей алмаймыз. Әлемдік жарыстарда жеңіс дәмін сезінбей келе жатқан бұл жанкешті команда, тағы да жеңілістің кермек дәмін қайта татумен отанына оралатыны болжанған. Мұндай болжамның басты фактілері порт иелерінің топтағы кездесулерінің нәтижесіне негізделген-ді.  Алғашында Исландия. Кейін Австрия мен тең ойын.  Венгрлермен кездесуде жеңеді деп болжанған португалдар әрең дегенде таразы басын теңестіріп, топтан келесі кезеңге үшінші орынмен өткен. Бұл команданың алдағы қарсыласы, өз тобынан арыстандай ақырып шыққан хорваттардың ойынына қарай, футбол балгерлері оларды «Еуро-2016»-ның жаңа жеңімпаздары деп те үлгерген. Бірақ, өмірде мәңгілік қағида бар емес пе, «жақсы ат соңынан шабады».

Айтайын деген ойымызды  енді тікелей финал кешіне қаратар болсақ, Роналдо ештеңе де жасаған жоқ. Анығында, бірдеңе жасауға мүмкіндік бермеді. Жарақат алды, алаңнан шықты. Ойнаған кезінде мүлдем алаңда бар екені сезілмеді. Ең қызығы, португалдық футболшылар кубокты көкке көтерер сәтте, басты планға «ештеңе жасай алмаған» Роналдо шыға келгендігі. Барлық шаруаны өзі шешкен жандай кубокты шаттана ұстағанына не дерсің. Иә, солай дейсіз, іштей сезіп тұрмын. Бірақ... бірақ басқа ракурспен қарайтын болсақ, Роналдо бүкіл ойын барысында, жаужүрек тұғырда тұрғанын көреміз. Дүниенің кез-келген  спорт телеарналарын қойыңыз да қараңыз, біліп аласыз. Криштианоның есімі алаңдағы ойыншылардың есімінен көп айтылса айтылды, кем болған жоқ.

Алаңнан кеткен қаһарман ойын бітіп кубокты көтерер сәтке жеткенше көрерменге өз есімін айттырып тұруға мәжбүр етті. Әрқандай эпизод арасында Роналдо есімі жаңғырып тұрды. Не үшін білесіз бе? Сізге ұнай ма, ұнамай ма Роналдо одан бұрын аңызға айналып болған еді. Шешуші сәтті Пепе, Патрисиу және Едерлер жасаған болуы мүмкін, бірақ кубок Роналдоға тиісті болғаны анық.

Ди Каприо өте көп кинода түрліше образдар да көрініп (әксарі) соңында сценариге сәйкес «өледі». «Титаник», «Қанды алмаз», «Авиатор», сынды көркем шығармаларында оның кейіпкері «өлім табады». Ешкімге сыр емес кинода басты кейіпкер қайтыс болса, ондай фильмдер әдетте тартымды шығады. Ғайыптан адамды ойлантырып қояды да, әйтеуір бір кесірден  «өлім» тапқандығын болжайды. Ал Леонардоның «Оскар» алуына себеп болған фильмінде басты кейіпкер тірі қалады. Киноны көрген болсаңыз Лео сомдайтын басты кейіпкер бірнеше рет ажал аузынан құтылды. Мына бір сюжеттерге сүйенер болсақ ол енді «тірі» қалмайтын шығар деп ойағаныңыз анық: «аюмен болған қанды айқас,  артынан іздеп келген жергілікті тайпадан жанын аман сақтау үшін таудың тастай өзеніне өзін тастауы, бірде қасындағы серіктерінің қианаты». Осы сияқты фактілерді жіпке тізер болсақ, мына фильмде де кейіпкеріміз кино соңына жетпей «мерт» болады деген тұжырым жасап үлгерген боларсыз. Ди Каприоны «тірі» қалдыру сценаристтің  жаңағы журилерге деген тактикалық жүрісі де шығар. Бұл жолы тағы да жансыз қалар болса, шаруаның шешілмейтініне көзі жеткен күйі, мәре сызығына шала жансар күйде жетіп келеді бейшара. Тіпті фильмнің аты да оның тірі қалатынын алдын-ала болжайды.. Бұл ана «мүсіншеге» тікелей құпиялы түрде шамалап айтқандай секілді: «мен бұл сахнаға «тірі» келдім, енді «мүсінімді» берерсіңдер»?!.

Роналдо алаңнан кетіп те, алаңда қала да білді. Сәл  бөгеліңкіреп барып қайта шапты. Үзілістен соң, және ең маңыздысы қосымша уақыттарда Криш саптастарының жүрегіне еніп, рухын көтергенін көрдіңіз... Егер де, футболды түсінбейтін кісі кенеттен теледидарды қоса қалған жағдайда, Роналдоны бас бапкер деп ойлауы бек мүмкін.  Сантуш не істерін білмей басы қатқан жағдайда да, шәкірттеріне қандай әрекеттер жасау керек екендігі жайлы мәлімет бере алмай жатқан кездерде де, португалдық жұлдыз жеңілуді қалаған жоқ. Ол ондай ойды мүлде санасына кіргізгісі келмеді. Әйтеуір, не де болса тыныш тұра алмады. Алаңға алмасып кіріп бара жатқан жігіттерге бірдеңелерді ұқтырып жатты. Бір қарасаң Пепе және Маутиньоларға түрліше тактикаларды көрсетумен әлек болып жүр. Отыздан аттап, жасыл алаңдағы өмірінде бірталай жүлделерге ие болған бұл азамат енді ғана ең алғашқы жеңісіне жететін жандай жанталасты.

Эдердің қаһармандық қалқанында да Роналдоның бейнесі бар екенін естідіңіз. Аңызға айналған саптасы, көшбасшы отандасының отты сөздері мен жолбарыс келбеті оны гол соғуға мәжбүрледі. Бір сәтке болса да Роналдоға айналуына себеп болды. Бір сөз өте көп жағдайды өзгертіп жібергеніне не дерсіз?! Сенімім кәміл, егер де Криштиано «кубок қолдан кетті» деп бір бұрышта амалсыз көз жасына көміліп отырғанында, Португалия гол соға алмайтын еді. Жеңілетіні анық еді. Бүкіл команданың рухын көтеру, оларды өз деңгейлерінен биікке алып шығуына себепкер жан болды Криш. Мықты футболшылар үнемі ең керек кезде қайрат көрсеткендігі үшін ғана атақ-даңққа жетеді деген қағида бар футболда.

Жоғарыдағы Наполеонның айтқан сөздері «соғыс өнері» кітаптарында көптеп келтіріледі. Футбол да соғыс. Жасыл алаңда жиырма екі жан тоқсан минут жанталасады. Мұнда да тірі қалу қажет, жарға жығытып жатса да, соғыстың соңына шейін сау жету міндетті. Шыдау керек. Тірі қалу маңызды. Лео және Ронни 2016 жылы тарихта «тірі қалғандар...».

Нұрғиса КАМАЛБЕК

"The Qazaq Times"