Дүниетаным – ортаны тану, әлемді тану, өмірге деген түсініктер, сол қоғамдағы адамдардың көзқарасы, ұстанған ұстанымы.

Дүниетаным дегеніміз не? Көптеген ғалымдар әр түрлі түсініктемелер ұсынды. Мысалға алсақ, Джэймс Сайр (James Sire) дүниетанымды – әлемнің негізігі құрылымы жайында алған болжамдарымыз (немесе пікірлеріміз) дейді. Филипс пен Броун (Phillips and Brown) «Дүниетаным дегеніміз алдымен дүниенің анықтамасы мен ол жайындағы қалыптасқан пікірі, содан кейін бұл көзқарастың (пікірдің) өмірде қолданылуы», дейді. Қысқаша айтқанда, дүниетаным дегеніміз әрбір ұлттар мен ұлыстар, қоршаған орта, заманына сай әлемді түйсігу, сезіну соның нәтижесінде түсіну. Өйтсе, уақыт пен кеңістік аясында қоғамда қалыптасқан түсінік.

Ендеше ұлан байтақ Азия даласында өмір сүрген түркі халықтардың географиялық орналасу кеңістігі бірнеше рет жүрілген Ұлы көштің (миграция) әсерінен ондаған мәрте өзгеріске түсті. Өмір сүру алаңы – Кеңістік өзгерген соң рухани құндылықтары, тілі, ділі, діні де өзгерді. Үлкен империялар мен көрші болумен қатар иық тіресе өмір сүріп, бірде жеңіліп, бірде жеңіп, олардың рухани мәдениетін өзіне сіңірумен бірге өз мәдениетін оларға беріп келген.

Этностардың дүниетанымы үнемі дамып, өсу, өзгеру үстінде болды. Сонау алыс ғасырларда қалыптаса бастаған түсінігі – дүниетанымы үнемі өзгеріске түсумен өсіп, өніп келді.

Олардың діні қандай еді және артында қалдырған жазба мұраларында осы жайлы айтылды ма? Бұл дүниетанымдары солардың ұрпағы саналатын халықтардың салт-дәстүрінде, наным-сенімдерінде, тілінде, әдебиетінде сақталды ма? Шет ел тарихшыларының зерттеулері мен ізденістерінде осы тақырыптың қаншалықты орын алғандығын қарастыратын боламыз.

Түріктердің дүниетанымының бастау бұлағы, қайнар көзі – ТАБИҒАТ. Табиғаттың құбылысын, оның ритімін өзгертпестен философиялық ой-тұжырымының, дұниетанымының арқауы еткен. Бұл табиғатпен біте қайнасып бірге өскен, соның өзгеріс, құбылысын жіті бақылайтын көшпелілер әулетінің сезіну, түйсігу, сезінген түсінікті рухани байлыққа айналдырып үлгеруінің жемісі. Салт-дәстүрі наным-сенімі осы табиғатпен біте қайнасып мыңдаған жылдар бойы бірге туындаған ұғымдар жиынтығы болып саналады. «Жаз жайлау, қыс қыстау, күз күзеу» сияқты ұғымдардың табиғат бесігі даланың мал аяғынан тозып кетуін сақтау екенін түсіну қиын емес. Ал әр малдың киесі ұғымы көшпелілердің тіршілігінің қайнар көзі болған шаруашылығын ұлықтауы болса, жер-судың киесіне байланысты ұғымдар көзі тал-бесік табиғатты аялауы болмақ. Осы табиғаттың жаратушысын «Тәңірі» деп танып, оның туындысы табиғатты аялау арқылы Тәңірге табынған. Бұл үрдістің сабақтастығы қазірге дейін жалғасып халықтардың салт-дәстүрінде орын алған. Атап айтар болсақ:

  • қазіргі моңғол, қазақ, қырғыз т.б. халықтардың дәстүріндегі қыстау, күзеу, жайлау ұғымдардың болуы;
  • ағын суға кір жумауы, суды ұлықтауы;
  • «Көк шөп жұлма», «Бастау басына ақтық байлау» сияқты ұғымдары;
  • Аңның, малдың пірінің болуы (Тайпалардың киесі -Көк бөрі; түйе атасы –Ойсыл қара; жылқы атасы –Қамбар ата; қой атасы - Шопан ата,...);

Осындай түсініктермен Тәңірінің жаратқан әрбір жаратылысына өзінше баға беріп құрметпен қараған. Тек Тәңірді ғана жалғыз деп ұғып қалған жаратылыстың барлығына балама тауып өздеріне тән бинарлық дүниетаным жүйесін ойлап тапқан. Оны қазіргі түріктер «екі жұлдыз» (iki yildiz), моңғолдар «арга билиг», қазақтар «амал-білік» деп атап келді.

Көшпелілердің екі негіздік амал, білік жүйесі дуалистік дүниетаным. Көшпелілердің дуалистік жүйесі сапалық жағынан Еуропа халықтарының дуалистік танымынан мүлдем басқаша түсінік береді. Еуропа түсінігінде болмыс бірімен бірі күресіп, бірін бірі жою арқылы дамып алға жылжиды деген ұғымда болса, байырғы түріктер амал мен білік бірін бірі толықтырып, байланысу арқылы дамып алға жылжыйды деп түсінген.

Байырғы түріктердің екі негізгі амал, білік түсінігі байырғы қытайлардың инь, янь түсінігімен ұқсас.

Ежелгі және байырғы түріктердің діні әлі де толық зерттеле қойған жоқ.  Іш-оғуз (скиф), сақ, хунну, көк түріктердің дінін ол дәуірде қалай атаған, оның жүйесі қандай, дін бе әлде наным-сенім бе дегенге күні бүгінге дейін толық жауап берілмей келеді. Байырғы түріктердің наным – сеніміне арнайы қалам тартқан ғалымдар саусақпен санарлықтай ғана. Бұл мәселеге ең  алғаш арнайы назар қойып зерттеген ғалымдар: француз Ж.-П.Ру (15,16,17,18), ресейлік И.В.Стеблева (20), С.Г.Кляшторныйлар (8) болды.  Байырғы  түрік дінімен манихей дінінің байланысы қақында М.Майлард (11) біраз тереңдеп зерттеу жүргізді.  Орта және Орталық Азия халықтарының ХХ-ХХІ ғасырға дейін сақталып келген шаманизмнің жора-жосындары мен жекелеген оңғындары (культ) шеңберінде, олардың байырғы түрік оңғындарымен тікелей сабақтасытығын Л.П.Потопов (13), Анохин (2), С.Д.Майнагашев (9), Ш.Ш.Уәлиханов (24), Н.Ы.Дыренкова (7), Г.Д.Санжаев (19), Н.А. Алексеев (3), О.Пүрэв (14), А.Т.Төлеубаев (23), С.М. Абромзон (1), П.Пельо (12), Г.П. Снесарев (21), Ш.Бира т.с.с. ондаған ғалымдар ғылыми еңбектерінің зерттеу объектісіне айналдырып келді.

Бұл аталған зерттеушілер байырғы түрік наным-сенімдернің жекелеген жора жосындары Еуразияның ежелгі тұрғындары түрік, моңғол, манж-түнгүс халықтарының жадында жақсы сақталып қалғанын ашып көрсете отырып, проблеманы ары қарай тереңдеп зерттеуге жол ашты.  Ғалымдардың ізденісі ғылым үшін баға жетпес аса үлкен жетістік екенін құрметпен атап өткеніміз дұрыс.

Демек жоғарыда, екінші топта аты аталаған зерттеушілер жекелеген наным-сенім аумағында қарастырып, сол шеңберден шыға алмады.  Сөйтіп, ежелгі және байырғы түрік, моңғол, манж-түнгүс халықтарының дүниетанымын, рухани ұстанымын наным-сенімін (верия) деп дәлелдеп келеді.  Қазіргі ғылымда наным-сенім дегенді білімге негізделмеген белгілі бір құбылыстың ақиқаттығына илану, табиғаттан тыс күштерге көзсіз сену деп түсіндіріледі.

Байырғы түріктердің дінін ғылыми тұрғыда  арнайы қарастырған алғашқы үш ғалымның тұжырымдарымен танысалық.

Француз зерттеушісі Ж.-П.Ру: «Байырғы түріктердің қаған оңғыны (культ) нағыз халықтық дін (тайпалық және рулық) болғаны айқын емес» (15. 7-8) дей келе діннің деңгейіне жетпеген тек қана наным-сенім деген тұжырым жасаудан аса алмаған.  Ал, И.В.Стеблева байырғы түріктердің дінін тағы да сол наным-сенім шеңберінде қарастыра отырып оларды көп құдайлыққа алып барған.  Олар, ең жоғарғы дәрежеде Тәңір, одан төменгісі Умай, одан соң Иер-сув (жер-су) төртінші дәрежедегісі Ата-баба аруағы (культ) деп бөліп қарастырған (20.213-217).

С.Г.Кляшторный байырғы түріктердің діні «шаманизм» деп қарастыра отырып, әлемді жоғарғы, ортаңғы, төменгі деп бөледі.  Жоғарғы әлемнің құдай Тәңір, ол барлық жанды жансыз дүниеге әсер етеді  (8. 131-132). Умай - Аналық әулеттің көрінісі (бейнесі) сәбилердің қорғаушысы, аналық құрсақ (8. 133).  Ал, Жер-су Ортаңғы әлемнің бас құдайы (8.134).  Төменгі әлемнің құдайы Эркліг (8.125-129) деп әлемді үш құдайға бөліп береді.  Сөйтіп байырғы түріктердің дінін көп құдайлық наным-сенім дәрежесінде алып қарастырған. Онымен бірге байырғы түріктердің дүниетанымын мифке (қиял аңызға) айналдырып жіберген.

Жоғардағы зерттеушілер байырғы түрік діни ұстанымын бүгінгі Сібір халықтарының шаманизмінің деңгейінде қарастырды.  Ғалымдардың бұл тұжырымын біз қабылдай алмаймыз.  Себебі:

  1. Хунну, түрік, моңғол империяларының империялық идеологиясының алтын бағынасы болған, сол ұлы империяларды орнатқан, олардың іс-әрекетіне алтын арқау болған көне дінмен бүгінгі Сібір халықтарының шаманизімінің арасында жер мен көктей аса үлкен айырмашылық бар. Сібір халықтарының шаманизмі империя орнатқан идеология болушы көне діннің әбден ұмтылып, жойылып бітіп, содан қалған жекелеген қалдықтары (реликт) ғана.
  2. Жоғарыдағы зерттеушілер ежелгі Хунну, байырғы түрік, орта ғасырлық Моңғол империясының ұстанған дінін арнайы қалыптасқан жүйесі (система) бар екенін қарастырмаған.

Міне, осы екі себептен болып байырғы еуразия көшпелі халықтарының діни ұстанымын наным-сенім деп қарастырған.

Жоғарыдағы зерттеушілер арасында немістің атақты ғалымы Г.Дөрфер ғана аталық сөз айтқан.  Ол, байырғы түріктердің діні, дін дәрежесіне көтерілгенін баса айта отырып, бұл дін монотейзмге (бір құдайлыққа) жақын деген тұжырым жасаған.  Г.Дөрфер байырғы түріктердің дінін «тәңірлік» (тенгризм) деп атай отырып: «... бұл дін даму тарихында үш кезеңді  басынан өткізген болуы әбден мүмкін.  Олар: тотемдік, шамандық және sit venia verbo тәңіршілдік»,-деген қорытындыға келген (6,580).  Біз белгілі де белді ғалымның бұл тұжырымын қолдай отырып, ары қарай байытуды мақсат тұттық. Діннің негізгі көрсеткіші немесе трансцендентті философиялық бастауы не? Олар:

  1. Құдай көкте де, жерде емес
  2. Құдай тумайды, туған жоқ, әрі болмысы жоқ
  3. Ол дүние, бұл дүние болу керек
  4. Пейіш, тозақ бар
  5. Ақыр заман болу керек
  6. Дін бүкіл этностың, халықтың сана-сезімінен орын алып, өмір сүру этикасына сіңіскен болу керек.
  7. Болмыстың пайда болуы, өсіп дамуы, өзгеріп құбылуы ұстанып отырған діни дүниетаныммен (философия) өлшену.
  8. Ғибадат ететін орын болу шарт

Міне осы 8 көріністі (критерии) бойына сіңірген дін, дін дәрежесіне көтеріледі.  Әлемнің қазіргі тұтынып отырған буддизм, иудей, христиан  (және котолик), ислам сияқты классикалық діндердің негізгі критері осылар.

Олай болса,жоғарыдағы көрсеткіш бойынша байырғы түріктердің дінін  саралап, салмақтап көрелік.

  1. Байырғы түріктердің түсінігі бойынша Тәңір (teŋri) жерде емес көкте ол көзге көрінбейді. М: Űze kök teŋri (Жоғарыда көкте Тәңірі) (КТ І.1)
  2. Тәңір жалғыз (teŋir teg) жаратушы.  Ол жаралмайды, тумайды(КТ ІV.1), Тәңірдің баламасы жоқ, шексіздік.
  3. Бұл дүние тіршілік-тірлік. Ол дүниеге адамның жаны ұшып кетеді.  Жан жоғалмайды.  М: Kűl-tegin qoj jylqa [toquzynčy aj] jiti jigirmike učdy (Күлтегін қой жылы тоғызыншы айдың он жетісі күні ұшты) (КТ. ІІ.14)(10,170) Бұл сөйлемде Күлтегіннің жаны ұшып кеткенін сөз етіп отыр.  Ал, мүрде жерде қалады.
  4. Ұшқан жан жоғалмайды. Ол дүниеде не жақсылық, не қиыншылық көреді.  Олай болса тозақ, пейіш мәселесін бұнда қабат сөз ете білген.
  5. Тәңір мен жер киесіне ұшырағанда ақыр заман болады. Адамзат, ағайын туыс өз ара арпалысады.  М: Teŋri jer bulγaqyn űcűn (Тәңір мен жер киесіне ұшырағаны үшін) (КТ. ІІ. 4) (10. 177) деген сөйлемдер бұған дәлел бола алады.
  6. Байырғы түрік мәтіндерінде жаратушы-бір Тәңірдің көрсетуімен әр бір жанды, жансыз болмыс өмір сүреді деген түсінікте болған. Оны екі негіз үш дәуір (екі jyltyz űč öd) деп атаған.  Бұл байырғы түріктердің дүниетанымының негізгі философиясы(5. 217-228)
  7. Байырғы түріктердің «екі негіздік» дүние танымын түрік әлемнің барлық болмыс бітімін жұптық жүйеге сыйдырады. Онда:
  • Мемлекеттік жүйеде: Тардуш, төлес (оң, сол қанат);
  • Басқару жүйесінде: ябғу, шад.
  • Қоғамдық иерархияда: Аталық, аналық, әулет (хандас, сүйектас)
  • Музыкада: Қос ішек;
  • Суретте: Аталық, аналық символ;
  • Тілде және графикада: дауысты дыбыстың сингорманизмы және дауыссыз дыбыстың консононтизмі;
  • Философиялық дүние танымда: Амал мен білік. т.т.с.с. өмір мен өлім арасындағы болмыс пен құбылысты осы «екі негізге» оның Амал мен Білік жүйесіне негіздеген (10. 89-91)
  1. Г. Дөрфердің тұжырымдағанындай тотемдік, шаманизімдік кезеңінде үңгірге, киелі тауға тәу етіп ғибадат жасаса, Көк түрік империясы орнағаннан кейін ұлы адамдарына арнап тұрғызған шіркеуге (барыққа) барып тәу ететін болған.  Ол барықта адамның сүйегін орыналастырмайды.  қойылмайды.  Ондай барық (шіркеу) орны Моңғол жерінде жүздеп саналады.  Мысалы Күлтегін, Білге қаған, Тұй ұқық, Күллі-чор т.т.с.с. киелі кешендер байырғы түріктердің тәуетіп, ғибадат жасайтын орындары. (10, 48-51; 294-321).  Хуннулар барық (храм) тұрғызып тәуетіп, ғибадат жасайтыны туралы мәлімет қытай деректерінде сақталған.

Осылайша, трансценденттік танымдық бастаулар байырғы түріктердің ұстанған діні, сол дәуірдің өзінде дін дәрежесіне көтерілгенін дәлелдейді.

Көшпелілердің рухани байлығы болған діні, түсінігі бүкіл халықтың сана-сезіміне, дәстүр-салтына, жадына, ханына өшпестей боп сіңгендіктен ежелгі және байырғы көшпелілер бір идеологияны ұстанып, жұмылған жұдырықтай топтаса білген.

Идеологияның ұйытқысы жаратушы - бір Тәңір.  Тәңір киесіне қалу, тәңірдің қаһарына ұшырау адамзатты ақырзаманға апарады.  Тәңірдің жердегі өкілі-қаған.  Қаған «Тәңір бір, Тәңір жаратқан» (КТ. ІІІ.1).  Тәңірдің - жаратушының қолдауымен ұлы қаған мәңгілік ел орнатушы. Мәңгілік ел-орталықтанған төр (билік).  Бір орталықтан, құдіреті күшті Тәңірісінің бұйрығымен биліктің (төрдің) тізгінін қолға ұстап бүкіл бұқара халықты жақсылыққа жетелеуші –Қаған.  Қағанға қарсы келу Тәңірдің ісіне қарсы келу.  Міне бұл жағынан алып қарасақ байырғы түрік діні,Орталық билікке, өкіметке қызмет ететін дін.  Орталық биліктің ең негізгі идеологиясы.  Бұл жағынан ежелгі қытайлықтардың Конфуци (Күнзі) ілімімен ұштасады.

Түріктердің тәңірлік діні қақында О.  Сүлейменов: «Христиан құдайы пайда болардан бұрынғы 4-мыңжылдықта философиялық ілім ретінде қалыптасып үлгерген, Семит және үнді-иран діндерінің анасы болған, ежелгі Мысырдың діни жораларына елеулі ықпал еткен жер бетіндегі ең ескі дін-Тәңір діні өз зерттеушілерін күткеніне көп уақыт болды.  Оның теологтарға да, «Білім» қоғамдығы атеистерге де берері мол» (22.271),-деп аты шулы әйгілі «АЗ и Я» кітабында жазған еді.  Бұл, Тәңір діннің тым көнелігін сезіне мойындай бастаудың басы еді.

Тәңір діннің көнелігін мойындаумен бірге оның көнелігін болжамдауға болатындай дерек қазіргі кезде ғылым қорының қолданысына кіріп келді.

Кіндік Азиядан Америка континентіне қоныс аударған үндістердің дүниетанымы мен байырғы түріктердің дүниетанымы тым жақын. Үндістер де түріктермен бірдей Тәңірге табынып, өздернің дүниетанымын аталық, аналық бастаудан бастап, ғибадатханасын тұрғызып, соны айнала жүріп тәуететін көрінеді.

Онымен қатар тілдеріндегі генетикасындағы ұқсастық байырғы түріктер мен үндістердің бір тектілігін ғылымда дәлелдеп берді.  Ресей ҒА-сы Қиыр Шығыс бөлімінің Солтүстік биологиялық проблемалары институтының (Магадан) ғалымдары М.В.Деренко мен Б.А.Малярчуктың жүргізген зерттеулері осы орайда жаңа деректер ұсынып отыр.  Олар Америкадағы үндістер мен Азия тұрғындарының молекулярлық – генетикалық құрамын мт ДНК (митхондральды-дезоксирибоннуклейн қышқыл) молекуласын зерттеу арқылы америкалық үндістердің генефондында кездесетін мт ДНК-ның А, В, С, Д, деп аталатын төрт түрі де Алтай аумағының байырғы тұрғындары – тыба, алтай, шор іспетті түрік текті халықтарында кең көлемде ұшырасқанын дәлеледеп шықты.  Ал, моңғол, тибет, қытай текті халықтарда бұл бөлшектердің А, С, Д, түрлері ғана кездесіп, В түрі мүлде ұшыраспайтынын анықтаған  (25. 9)

Үндістердің алғашқы легі Америка материгіне б.з.д. 30-12 мыңжылдықтар аралығында кеткен.  Өйтсе, Тәңірлік дін Еуразия далалық аймағын мекендеген түрік, моңғол халықтарының арасына үндістер Америкаға қоныс аудармай тұрған дәуірде қалыптасып үлгергендігін паш етеді.  Олай болса, Тәңірлік діннің пайда болуы бері айтсақ 12 000 жыл, ары айтсақ 30 - 40 000 жылдан асып түседі екен.  Тәңіршілдік әлемдегі монотейстік (бір құдайылық) ең алғашқы дін.

Еуразия алып құрлығының шығысы Хянған жотасынан батысы Кавказға дейінгі далалық аймақты ондаған мыңжылдар бойы мекендеген көшпелілер бір құдайылық дінді тұтынып отырған заманда, отырықшы көршілері қытайлар, үнділер, парсылар, славяндар мың құдайылық дін тұтынып отырды.  Отырықшы халықтардың әр бір қалашығы мен қаласында, селоларында әр қайсысы жеке-жеке құдай жасап алып, бірі екіншісінің құдайларын қабылдамай жақ-жақ боп қырылысып жатты.

Демек, бір құдайлы-көшпелілер мен көршілес отырған отырқшы халықтар арасында бір деңгейде келісіп алғандай бір құдайылық діндер пайда бола бастайды.  Олар: Буддизм б.з.б. VІ-V ғғ-да, иуда б.з.б. VII-VI ғғ-да  Конфуцишілдік (Күнзі) б.з.б.551-479 жж-да, Даоцизм б.з.б. VI-V ғғ-да, Христиан б.з.б. ІІІ-І ғғ-да, Ислам б.з. I-V ғғ-да өмірге келді.  Бұлардың барлығы да көшпелілердің шығыс және оңтүстік жағында шекаралас, көрші аймақтарда пайда болған діндер.  Жаппай бір деңгейде бұлайша өзгеруі, барлығы бір деңгейде бір құдайлық дін қабылдауы көшпелілердің Тәңір діннің әсері емес пе екен? Әсері дейтініміз жоғардағы классикалық діндер Тәңір діншілдердің табыну жора-жосынын сәл, сәл ғана өзгертіп алуы.  Тәңір діншілдердің екі қолын алға құлаштап  жіберіп қос алақанын тосып тілек тілесе, буддистер алға созылған қос алақанды қосып маңдайына тигізіп тағзым ете тілек тілейді.  Ал, Ислам діншілдері алға созылған қос қолдың алақанды қос алақанды маңдайға жақындата алып келіп, тілек тілеп, бата жасап болған соң бетін сипайды.  Содан кейін Жаратушының орны, оның тумайтындығы, ол дүние мен бұл дүние, пейіш пен тозақ, ақырзаман туралы түсініктердің барлығы ең ежелгі көне дін Тәңіршілдіктің әсері емес пе екен?

Тәңіршілдік атауы қақында өз пікірімізді білдіре кетелік.

Байырғы түрік, моңғол, түнгүс-манжур халықтарының бірде-біреуінде тәңір діні, тәңіршілдік деген атау жазбашада да ауызша да сақталмаған.  Бұл атауды Еуропа ғалымдары алғаш шығарып келді.  Тәңірге сыйынып, Тәңірді құдай тұтандығын ескеріп Еуропа зерттеушілері жасанды түрде енгізген атау.  Өйтсе байырғы түрік, моңғолдар қалай атаған.  Жазбаша дерек бар ма?

Орхон ескерткіштерінің мәтіндерінде – Бөгү қаған    (bögű qaγan)           - (Тұй. 34). Тұй ұқық пен бірге далалық соғыста бірге жүрген дін басы.  Байырғы түрік, моңғолдарда үлкен соғыс,  шабуылға шығарда, қандай бір жаққа аттанғанда дін басына айтып, көрсетіп, алдын ала болжатып барып қозғалатын болған.  Көк түріктің дін басы Бөгү-қағаннан (Қапаған қаған) батасын алып, болжайтын болған.  Дәл осы іспетті дін басшыларының есімі бізге жетті.  Бөгү-қаған (Тұй.34 - 50), Бөгү-хан  (ТТ. ІІ. А 33), Бөге-будрач (МК ІІ 27); Бөге-Иавғач (Q В N. 396 6)

Байырғы түрік мәтіндерінде тағы да «bes sűŋűs sűŋűsdűkde Kűűli-čor anča bilge čab esi erti, alpy, bökesi erti » (Бес жолғы соғыста соғысқанда онда , Күллі-чор білік иесі, сөз иесі болды.  Айбары, бөкесі болды) (К4. 17. 4) (10.235).

-«buny jaratyγma böke tutam» (бұны жаратушыма-Бөке[ме] ұсынамын) (Теркін).

ІХ-ХІ ғасыр аралығында  жазылып сақталған байырғы жәдігерлерде:

-Anta jeme Linxuanyŋ özentinen ök bögűn kelgin tuγmaqy- Онда тағы Линхуа гүлінен Бөгүн [қайта] тумақ (Uig. ІІ. 44 33)

- Öntűn syŋarqy burxanlar ulusynta bögűler quvraγynta jaγmur jaγmys teg xua čeček jaγmysyn saqynmys kergek- Ол дүниеде бурхандар елінде, бөгүлер құбырығында (діншілдерге) жаңбыр жауғандай бәйшешек жауатынын ойлау керек (ТТ. V. А 107)

-Yduq bögű biliglig burxan- Киелі бөгү білікті бурхан (Suv. 89 9)

-On kűčlűg bögű biliglig uγan arzylar- Он есе күшті Бөгү білікті парасат тілектер (SA26)

- bögű elig kűčlűg jaruq teŋri- Бөгү елі (сен) құдіретті, нұрлы Тәңірісің (Мап. ІІІ. 28 8)

-Bajat bergű edgű saŋa aj Bögű  Байлық берсін жақсы, ей Бөгү (QBK. 189 7)

- Qajadf joryγly bu ymγa teke, Qutulmas seniŋden aj ersik Böge – таста жүрген  бұл ешкімнің текесі, Сенен құтылмас, ей Бөге (QBN. 385 15)

Міне бұл мысалдар байырғы түріктердің дін басын бөге, бөке, бөгү деп атайтынын, дінін де Бөгү деп айтатынына куә боламыз.  Өйтсе, көшпелілер тарихын шежіресіне жазып қалдырған қытайдың көне дерекретінде қандай сөзбен жазып қалдырғанын алып көрелік.  «Поклоняющся духам, веруют в волков (кит. букв. Ву означает и Волхвов)» (4.231),-деп белгілеген.  Өйтсе қытай дерегеінде де «Бөгү» деген атаумен сақталған екен.  ХІІІ-ХІV ғасыр мұрасы Кодекс куманикста «Бөгү» деген формамен сақталған (26.56).  Моңғолдың құпия шежіресінде «Бөгү», қазіргі Моңғол тілінде «Бөө» деген түрмен сақталған.

Өйтсе байырғы түріктердің дінінің атауы Тәңіршілдік (Тенгрианство) емес «Бөгү» деген атау болмақ.

Байырғы түрік жәдігерлерінде тас ұстындарда дін басын «Бөгү» деп атаумен қатар «ата» деген атауды қатар қолданып келгенін дәлелдейтін дерек бар.

Сүджин жазуында «jaγlaqar qan Ata» = Яглакархан- Ата (Суджи 2).

Қазақ халқының жадында бұл атаулар қалай сақталғанын алып қаралық.

«Салиха Сәмен» жырында «Төбе Тәңір Көкше әулие» деген сөйлем бар.  Моңғолдың құпия шежіресінде бұл сөйлем «Тэв Тэнгэр Көкөчү бөгү» деп жазылған.  Сол сөйлемнің тура аудармасы «Салиха Сәмен» жырында жоғарыдағыдай түрде сақталған.  Өйтсе бөгү, діннің дін басыларының атауы қазақ ортасында «әулие» деген арабтан кірген сөзбен ауыстырылыпты.  Ал, байырғы бөгү дінінің дін басшыларын қазақ халқының ортасында ел аузында Бекет Ата, Бәйдібек ата, Ұзын ата, Қоңыр Әулие, т.т сол сияты атаулармен бүгінгі ұрпақтың жадында сақталды.

Көріп отырсыздар, осыдан 30-40 мың жыл бұрын пайда болған, түрік этносының ондаған мыңжылдықтар бойы тұтынған төл мұрасы рухани қазынасы Бөгү (тәңіршілдік) дінінің атауы 21 ғасырға қандай өзгеріспен жеткеніне көз жеткіземіз.  Дуалистік дүниетанымды арқау еткен, ежелгі бөгү (тәңірлік) діннің бүкіл бүтін жүйесін қалыпқа келтіріп, оның уағыз ілімін жаңғырту, т.т.с.с. іргелі зерттеулер жүргізу түрік әлемін саралап сараптаушы ғалымдардың алдында тұрған жауапты да, абыройлы істің бірі. Бөгү діні өзінің жанашырын күтіп тұр.

 

Әдебиеттер

  1. Абримзон С. М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. Л., 1971.
  2. Анохин А. В. Материалы по шаманству у алтайцев. // Сборник Музея антропологии и этнографии. Л, 1924.  т.  4.2. с.1-16.
  3. Алексеев Н. А. Традиционные религиозные верования якутов в ХІХ-в начале ХХв. Новосибирск, 1975.
  4. Бичурин Н. Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена.  Т. І. М-Л. 1950.
  5. Дмитриева Л. В. Хуастуанифт (Введение, текст, перевод). // Тюркологические исследования.  М-Л; 1963. с. 217-228.
  6. Doerfer G.Tűrkishe und mongolische Elemente in Neupersish Bd. I-III. Wiesbaden. 1965.
  7. Дыренкова Н.П. Умай в культе турецких племен. // «Культура и письменность Востока». ІІІ.  Баку 1928.  с. 120-148.
  8. Кляшторный С.Г. Мифологические сюжеты в древнетюркских памятниках. // Тюркологический сборник.  М. 1981.с.117-138.
  9. Майнагашев С.Д. Жертвоприношение Небу у бельтиров.  // Сборник музея антропологии и этнографии. Т ІІІ. Пг. 1961.
  10. Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. Астана 2003.
  11. Maillard M. Les religions de saut occidentalеs. // L̀Asie Centrale Histoire et sivilisation. P, 1977.
  12. Pelliot P. Neuf notes sur des questions ďAsie Centrale. // TP. Vol. 26. 1926. pp.212-216.
  13. Потопов Л.П. Умай-божество древних тюрков в свете этнографических данных. // ТС-1972. М1973. с.265-286.
  14. Пүрэв О. Монгол бөөгий шашин. Улаанбаатар.
  15. Roux J.-P.  Ľ̀oriqine céleste de La souveraineté dans les inscriptions paléo-turques de Mongolie et de Sibérie. // Studies in the History of Religions. Leyde, 19596 pp. 231-241.
  16. Roux J.-P. La religion des Turcs de ĽOrkhon des VII et VIII siécles. // Revue de Ľhistoire des religions (RHR). P. 1962, t. 161,.№ pp.1-24. .№2, pp.199-231.
  17. Roux J.-P.Tängri. Essai sur le Ciel-Dieu des peoples altaïques. // RHR. P. 1956, T.149, №1,pp.49-82,.№2, 197-237. T. 150. p.1957,.№1, pp. 27-54,.№2, pp.173-212.
  18. Roux J.-P. Notes additionneles á Tängri, Le Ciel-Dieu des peoples altaïques. // RHR. P. 1958, t. 154. .№1.
  19. Санжаев Г.Д. Дархаты.  Л.
  20. Стеблева И.В. Реконструкции древнетюркской религиозно-мифологической системы.  // Тюркологический сборник.    М.  1972.  С.  217-226.
  21. Снесарев Г.П. Реликты домусульманских верований и обрядов узбеков Хорезма. М.
  22. Сүлейменов О. АЗи Я. А-А, 1975.
  23. Төлеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов. А-А. ,1991.
  24. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений т. ІІ.  А-А, 1984.
  25. Бейсенбаев Ж. Арғы түрік тілдері полелит дәуірінің перзенті.// Ана тілі газеті.  2004 .№ 26. б.9.
  26. Құрышжанов Ә.Қ, Жұбанов А.Қ. Белботаев А.Б. Құманша – қазақша жиілік сөздік. А-А, 1978.
  27. Таңжарық Ж. Шығармалар.  А, 1994.  б. 234-245.

 

Қысқарған атаулар

 

КТ – Күлтегін мәтіні

БК – Білге қаған мәтіні

КЧ – Күллі-чор мәтіні

Тұй – Тұй – ұқық мәтіні

Маn ІІІ – Манихей  фрагментері (Chotscho III)

МК – Махмуд Қашқари сөздігі

QBH – Құтадғу білік (Герат варианты)

QBK – Құтадғу білік (Кайр варианты)

QBN – Құтадғу білік (Наманган варианты)

Sud – Suvarnaprabhāsa (Алтын сәуле)

ТТ.  ІІ – Türkische Turfan – Texte II.

V - Türkische Turfan – Texte V.

Uig II – Uigurica II

“The Qazaq Times”