Қазір елді алаңдатып, тіпті көңіліне үрей салып отырған мәселе - Конституцияға жаңадан ұсынылып отырған 26 бапқа қатысты өзгерістер. Осы жөнінде белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел жіңішкелікпен талдау жасаған пікірін білдірген еді.
М.Кемел: Конституциямызға ұсынылған өзгерістердегі ерекше назар аударуды талап ететін түзету, 26-баптың 1-тармағына байланысты, онда «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген, бұл мәтінді «Әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» - деп өзгерту ұсынылып отыр.
Рас, Елбасы бес институттық реформаны алға тартқан кезде, оның ішінде, меншік құқығына кепілдік беретін заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан болатын. Өйткені, адамның конституциялық құқықтарының ішінде адам үшін ең маңыздысы ол – жеке меншік құқығы. Бұл құқықтардың қазақстандық құқықтық жүйеге ғана емес, адамның бостандығы, оның межесі ретінде адамның құқығы, тек қана адам өндіріс құралдарына меншіктену құқығы болғанда ғана орын алып, жүзеге асырылады. Егер өндіріс құралдарына адамның жеке меншігі толығымен жоққа шығарылса, ол жерде бостандық пен құқықтың болуы мүмкін емес. Бірақ, мәселе біздің басты киеміз - Жер туралы болса, онда шетел азаматтары осы бапты пайдаланып бүгінге дейін алып алған жері жеке меншікке кетіп қала ма деген қауіп бар сияқтанады көңілге. Ол жер көлемі бір үйдің аумағындай немесе 1-2 гектар (өндіріске қажетті) болсада мейлі, ал 20-100 мың гектарлап жеке меншікке беріліп қойған жерді заңдастыру тәсілі үшін ұсынылып жатса, онда уайым дұрыс, әлеуметтік желілерде осыны білетіндер де білмей шамалайтындар да көтеріп жатуы сондықтан. Сөз етіп отырған азаматтарды шошытып отырған «әркім» деген сөз Конституцияның осы бабының 4-тармағанында да тұр. Одан бәлендей қауіптебесе де болады. Мәселе «әркім» деген сөзде деп санамауға тиіспіз. Мәселе сол «әркімдердің» ішіне меншік құқығы бар жер иелері де еніп кете ме дегенде болып тұр.
Осы уайымды болдырмау үшін осы «Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деп жазылған мәтінде немесе 6-баптың 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн» дегендегі соңғы сөйлемді нақтылап: «Ауыл шаруашылығы жері, шет ел азаматтары мен заңды тұлғаларды қоспағанда, заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы мүмкiн» деп жазылғаны жөн.
«The Qazaq Times»