Желтоқсанның басында Беларусь президенті Александр Лукашенко елдің ата заңын өзгерту туралы мәлімдеме жасаған, әрі конституцияны өзі жазып жатқанын айтқан болатын. Кеше, 27 желтоқсан, дүйсенбіде Беларусь билігі конституцияға өзгеріс енгізу бойынша жаңа жобаны жария етті. Лукашенко ұсынған ата заң бойынша билік құрлымына өзгерістер енгізіледі және мемлекеттік тіл ретінде орыс тілінің де орыны көрсетілген.
Ай басындағы сөзінде Лукашенок: «Ата заңды өзім жаздым. Заңгерлер жазып тұрды, мен айтып отырмын. Мемлекетті сақтап тұру үшін маған қандай билік құзыреттері керек екенін өзім, президент ретінде көріп тұрмын», – деген еді. Жалпы Беларусьтың қазіргі президенті ел конституциясын өзгерту туралы соңғы ауқымды наразылық шерулеріне ұласқан президент сайлауынан бұрын да айтып келген болатын. Сайлаудан кейінгі он мыңдаған адамның ұзақ уақытқа созылған наразылық шерулері билік жағынан күшпен жанышталды. Шерулерге қатысты қудалау әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
Билік жаңа жобаны жариялағаннан кейін оны қабылдау бойынша референдум өтері белгілі. Азаматтардың үкімет сайтына кіріп өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіруге бір ай уақыт берілді. Ал, Лукашенко референдум өтетін күнді келер жылдың 20 ақпанына белгіледі.
Назар аударарлық бір мәселе, жаңа конституцияда Лукашенко Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолын қайталағысы келгендей. Яғни, билік тармағына құзыреті ең жоғары жаңа орган қосылған. «Бүкі Беларусь елінің кеңесі» деп аталатын жаңа орган болашақ елдің тағдырын шешетін болады. Болжаммен 1200 мүшесі болатын бұл кеңесті кеңес алқасы мен президент басқарғанымен, президентке импичмент жариялай алады. Сондай-ақ, ББЕК елдің шетелде армия тұрғызуына рұқсат беруге, сайлауларға бақылаушылық жасауға және баға беруге құзыретті. Премьер-министр аталмыш кеңеске есеп беріп тұруға міндетті. Осыған қарап ББЕК төрағасының билік құзіреті президенттен әлде қайда жоғары болатынын көруге боалады.
Ал, президент өкілеттілік мерзімі бойынша Лукашенконың конституциясы Ресей президенті Владимир Путиннің жолын қайталағалы тұр. Жаңа жоба бойынша президенттің өкілетті мерзімі 5 жыл, бір адам тек екі кезек президент болуына болады. Алайда, бұл шектеу қайтадан сайланған президенттің өкілетті мерзімі аяқталғаннан кейін ғана күшіне ие. Олай болған болса Лукашенок қайта сайланғаннан кейін тағы екі кезек президент болуына мүмкіндік берілмек. Осының өзі былтырғы Ресей конституциясына енгізілген өзгерістерді, Путиннің «өкілетті мерзімін қайта бастау» туралы өзгертулері Беларусьта қайталанып жатқандай көрінеді.
Беларусьтың поппозицияшыл саясаткерлері жаңа жобаны қатты сынға алуда. Кремльге лайықталған конституция ретінде қабылдап жатқандары да бар. Себебі, орыс тілі мемлекеттік тіл ретінде қала бермек, әрі Беларусьты бейтарап ел статусына қарай дамыту бойынша констиция талаптары жаңа жобадан алынып тасталған.
Оппозицияшыл саясаткер Лебедько BBC-ге берген сұхбатында: «Лукашенок бұның бәрін президент Путин үшін жасап жатыр. Беларусьта жүз мыңдаған адам наразылық шарасына шыққанда, оның Ресейге жайылып кетуінен алаңдаған Путин Лукашенокға конституциялық өзгеріс жасауды ұсыныс еткен», – деген. Оның айтуынша, Мәскеу Лукашенкодан «құтылғысы» келеді, оның орнына ресейшіл саясаткердің келгенін қалайды. Бұған қоса Ресейді жақтайтын бір-екі саяси партия да құрып, осылар арқылы Беларусьты бақылауында ұстағысы келеді.