Беларусьтегі Светлана Тихановская мен Александр Лукашенко текетіресі жалғасуда. Тараптар сайлаудан кейін мәлімдеме жасады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко сайлаудан кейінгі елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ол онда көшеге шыққан наразы халықты қойға теңеп, майданға жол бермейтінін айтты.

«Біз оларды көрдік. Біз сырттан соғылған телефон қоңырауларын анықтадық. Польша, Ұлыбритания, Чехиядан қоңыраулар болды. Кешіріп қойыңыздар, біздің «қойларды» сырттан басқарып отыр. Олар өздерінің не істеп жүргенін білмейді», - деді Лукашенко.

Бұдан бөлек, Беларусь президенті сайлау күні халыққа мереке сыйлағылары келгенін, бірақ ол мейрамды өзгелердің бұзбақ болғанын айтты.

Беларусь президенттігіне үміткер Светлана Тихановская Минск қаласында өткізген баспасөз мәслихатында «билікті бейбіт жолмен беруді» талап етті.

«Бізд биліктің бейбіт жолмен ауысуын қалаймыз. Олар қазір билікті қалай бейбіт жолмен беруді ойлауы тиіс. Қазір олар бейбіт халыққа күш қолдану жолын ғана пайдаланып отыр. Біз бұндай жағдай қайталанбас үшін барлығын істейміз», - деді Тихановская.

Кеше Беларусь Республикасында президент сайлауы өтіп, онда ресми қорытынды бойынша қазіргі  мемлекет басшысы Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Бірақ Светлана Тихановская бастаған оппозиция өкілдері бұл нәтижемен келіспейтінін айтып, сайлау учаскелері жабылғаннан кейін наразы халық жаппай көшеге шыққан. Бейресми ақпарат бойынша, ел астанасы Минскте өткен қарсылық акциясына 300 мың адам қатысқан.