Беларусь пен Польша шекарасында босқындар дағдарысы саяси дағдарысқа тіреліп, жағдай барған сайын шиеленісіп барады. Африка мен Орта Шығыстан келген мыңдаған босқын Польша шекарасына (ары қарай Еуропа Одағы террориториясына) өтіп кетуге тырысып жатыр. Қазір шекарадағы босқындар дағдарысы және оның ЕО мен Беларусь қатынасына жасайтын ықпалымен қатар, мыңдаған босқындардың қалай Беларусьқа барып қалғаны да ақпарат құралдарының жарыса іздеп жатқан тақырыбы.

Бірқатар ірі ақпарат құралдары Беларусь билігі босқындарды мақсатты түрде Орта Шығыс пен Африкадан ұшақпен әкеліп, Польша шекарасынан өтуге итермелеп отыр деген мәліметтерді бұған дейін де таратып үлгерді. Осылайша Минск «адамдарды биологиялық қару ретінде пайдаланды» деп ЕО тарабынан айыптар да айтылып жатыр. Кейбір ақпарат көздерінің деректеріне қарағанда бұл айыптардың негізі де жоқ емес.

Мигранттардың Беларусьқа қалай барғанын зерттеген BBC бастаған бірқатар батыстық ірі агенттіктер Flightradar24 сайтындағы деректерді алға тартады. Аталған сайтта өткен аптада ғана Минск қаласына Стамбулдан 21, Дубайдан 12, Бағдаттан 1 рейс қатынағанын көруге болады. Ақпарат құралдары аталған сайттың чартерлік рейстерді үнемі есепке ала бермейтін баса айтады.

Осы дерекке қарай отырып, жиі жасалған осы рейстердегі жолаушылардың көбі мигранттар болуы ықтимал деген болжам шығарады. Осылайша олар Минскінің астыртын қолдауымен Беларусь жерін ЕО террориториясына өтетін өткел қатарында пайдаланып отыр деп көрсетеді BBC.

Беларусь еліне босқындар қалай келіп қалды?

Егер осы болжаммен соңғы бір-екі жылдағы Минск үкіметінің кейбір әрекеттерін салыстыратын болсақ шындыққа жанасатынын көре аламыз. Айталық, Лукашенконың билігі ЕО тарабынан қатаң сындар, айыптар мен санкциялардың қысымына тап болып жатқан кезде, Минск көптеген елдерге виза режимін алып тастады, олардың қатарында Сирия, Ливия, Ирак, тіпті Ауғанстан секілді халқы қарулы қақтығыстардан шаршап, елін тастап шығудың қылдай мүмкіндігін қалт жібермей тұрған елдер де болды.

Ал, Түркиядағы, Сүрия мен Ирактағы туристік компаниялар Беларусь жеріне сапарлауды соңғы уақыттарда үнемі жарнамалап келген. Олар Беларусь арқылы ЕО-да жұмыс пен баспана да ұсынатынын болған. Ақпарат құралдарында мәлім болғанындай босқындарға мейлінше оңтайлы бұндай ұсыныстар WhatsApp  желісі арқылы жаранамаланған. Бұдан тыс Беларусь осы жылы Орта Шығысқа қатынайтын ұшақтардың санын көбейткені де бар. Одан қала берді Беларусьтың аталған елдердегі консулдықтары виза беруде кеңқолтықтық танытқан екен.

Осындай көптеген жайттер Беларусьтың босқындарды еліне мақсатты түрде тартқанын айқындаса керек. Өзіне саяси, экономикалық қысым түсіріп тұрған Еуропалық Одаққа оның ең үлкен қорқынышысы саналатын босқындар легімен жауап бергісі келгендей.

Сонымен, осы жыл ішінде әсіресе қыркүйек, қазан айларында Беларусь жеріне сүриялық күрдтер, ауғанстандықтар, ирактық, ливиялық азаматтар, тіпті елінде қарулы қақтығыс толастамай жатқан Африкадағы Конго мен Эфиопия азаматтары да келіп үлгірген.

Босқындар дағдарысының артында тұрған саяси жанжал

Лукашенко билігінің қандай мақсатта Батыс Азия (батысша Таяу Шығыс) мен Африкадан босқындарды паналатқаны белгілі болғандай. Бірақ, осы әрекеттің артында үлкен саяси теке-тірестің, тіпті осы тірес келтіріп шығаратын қауіпті саяси жанжалдың ұшы тұр. Бұл арада Беларусь ғана емес, оның атынан Кремльдің де көлеңкесі көрінері сөзссіз. Баспана мен тыныштық іздеген мыңдаған босқындардың тағдырынан есе қайтарғысы келген Лукашенконың пиғылы тым қораш көрініп қалды.

Кеше, Еуроодақ атынан Германияның қызметтен кеткен канцлері Ангела Меркель ханым Ресей президенті Владимир Путинге хабарласып, жағдайды реттеуге күш салуын, Беларусь президенті Аленсандр Лукашенкоға ықпал етуін сұраған.

Бірқатар ЕО ресмилері ақпарат құралдарына берген пікірінде аталмыш дағдарысқа Ресейдің қатысы бар деп көрсетті. Тіпті, Польша премьері Матеуш Моравецкий «Бұның артында Путин тұр» деп ашық айтты. Мәскеу әдетінше бұндай айыптауларды жоққа шығарып, «қып-қызыл жала» деуден танбады.

The Qazaq Times