Былтыр Украинада өткен президент сайлауында Владимир Зеленский 73,22% дауыспен жеңіске жетті. Шоумэн ретінде танылып, халықаралық дипломатияда «батыл саясаткер» атанып үлгерген Зеленскийдің басшылық қызметіне биыл бір жыл толмақ. Экс-президент Порошенкомен өткен дебатта саяси біліктілігін көрсетіп, «елімді ресейлік агрессиядан арашалаймын» деп уәде берген жас саясаткер басқаруында мемлекетте қандай өзгерістер орын алды? Халық сенімі ақталды ма? Сараптап көрелік.

Елде ашық, әділ және демократиялық реформа жүргізуге әзір екенін айтқан Зеленский президентті ұлықтау рәсіміне қатысқан АҚШ өкілдерімен кездесуде: «Донбасс пен Қырымдағы Ресей агрессиясына өзіміз қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан Америка мен ЕО Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді жалғастырса екен. АҚШ – Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұруда қуатты әрі ірі серіктестерінің бірі», – деді. Өзінің мәлімдемелері, реформалары арқылы «Жыл саясаткері» атанған Зеленский бір жыл ішінде бірқатар жетістік пен даулы мәселелерді өткерген.

Донбастағы соғысқа нүкте қойылған жоқ, бірақ тұтқындар алмастырылды

Украина шығысындағы соғысты тоқтату – Зеленскийдің бір жыл бұрын алдына қойған ең негізгі жоспары болатын. Владимир Зеленский президенттік науқан кезінде «Оқ атуды тоқтатамыз» десе де, Украинаның шығысындағы әскери қақтығысты аяқтай алмады. Қазір Донбаста ауқымды әскери операциялар жүргізілмейді, бірақ 4 миллион тұрғынның тағдыры әлі де «қыл үстінде».

Зеленский Киевте екіұшты қабылданған «Штайнмайер формуласы» туралы келісімнің арқасында ұзақ уақыттық үзілістен кейін «Норманд форматын» жандандырып, Париж саммитінде Владимир Путинмен жеке кездесті. Украина мен Ресей басшыларының арасындағы диалог нәтижесінде бірнеше тұтқынды алмастыру туралы келісімге қол қойылды. Алайда Киев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас оңалған жоқ: екі ел арасындағы әуе қатынасы қалпына келтірілмеді, дипломатиялық байланыс төмен деңгейде және Зеленский ресейлік «Вконтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілерінің Украинадағы жұмысына тыйым салу мерзімін ұзартты.

Украина президенті мен Ресей президенті

Саннан сапаға: Конституциядағы өзгерістер

Былтыр қыркүйекте Зеленскийдің тарсырмасымен ел Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, Конституцияда жазылған «парламент депутатын тұтқындауға немесе Раданың келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды» деген мәтін маңызын жойды;

Екіншіден, «саннан сапаға» ұсынысына сәйкес, рада депутаттарының саны 450-ден 300-ге азайды. Сонымен қатар, әр депутат мемлекеттік тілді жетік меңгеруге міндетті;

Үшіншіден, Парламентке қоғам өмірінің түрлі салаларында заңдар мен Конституцияның сақталуын қадағалайтын уәкілдерді тағайындау құқығы берілді;

Төртіншіден, рада шенділері талаптарды бұзып, қызметіне селқос қараған жағдайда, депутаттық мандатынан айырылады;

Бесіншіден, билік жүргізу кезінде халықтың рөлін бір сатыға жоғарылату.

Алтыншыдан, президент тәуелсіз, еркін ұйымдар құрып, Ұлттық антикоррупция және Мемлекеттік зерттеу бюросының басшысын сайлау, отставкаға жіберу құқығына ие болды;

Жетіншіден, Конституция халық депутатына дауыс беру нәтижесі немесе Жоғарғы рада мен оның органдарында айтқан сөзі үшін заң алдында жауапқа тартылмайтындығына (ар-намысқа тию немесе жала жабуды қоспағанда) кепіл береді.

Трамппен жанжалға ілікті, бірақ нәтиже – оң

Владимир Зеленский Дональд Трампқа импичмент жариялау кезіндегі негізгі фигуралардың біріне айналды. Ақ үй басшысына импичмент жариялауға асыққан Демократиялық партия өкіледері «Трамп Украинаны сайлауда оның ықтимал қарсыласы Джо Байденге қарсы қылмыстық іс қозғауға мәжбүр етіп, Зеленскийді қорқытты» – деді. Әлем басылымдарында күнделікті тақырыпқа айналған саяси қақтығыста қос тарап та «судан құрғақ» шықты: Зеленскийдің Трамппен байланысына аса нұқсан келген жоқ, Уашингтон Киевті санкция тізіміне қоспады.

Қазір Зеленский бұл оқиғаны қалжыңға айналдырып, «осы жанжалдан кейін кез-келген америкалық Украинаны әлемнің саяси картасынан таба алатын болды» – дейді.

Сарапшылар бағасы

Журналист Дмитрий Гордонның айтуынша, Донбасс мәселесі шешіліп, экономикада нақты реформалар қабылданбаса, жағдай қиындауы мүмкін. Кей сарапшылардың пікірінше, Зеленский бір жылда жемқорлыққа қатысты заң жүйесіне жүйелі өзгерістер енгізген жоқ. Одан бөлек, Украина Ұлттық банкі биыл ішкі жалпы өнім көрсеткіші 5%-ға құлдырайды дейді. Ал бұл әлеуметтік-экономикалық проблемалардың артуына себеп. Коронавирус пандемиясы да ел экономикасын күйзеліске ұшыратпақ.

Сарапшы Петро Билян: «Зеленский басқаруында үлкен кемшілік не болмаса бір жетістік болған жоқ. Оның ең үлкен проблемасы – кадрлық тапшылық. Көптеген маңызды салаға мүлдем қабілеті жоқ адамдар басшылыққа шақырылды. Басында түбегейлі өзгеріс болады деген уәде іс жүзіне іске асқан жоқ», – деп санайды.

Саяси сарапшы Андрей Ермолаев: «Президенттік бір жылды «Үш» деген бағамен қорытындылауға болады. Көп мәселе сөз жүзінде қалды. Зеленский президент ретінде концептуалдық мемлекеттік басқаруға дайын емес екенін көрсетті. Мемлекеттің сыртқы саясатындағы мәселе реттелген жоқ. Ресей мен Украина арасындағы бітімгершілік жоба және келіссөздер жақсы басталғанымен, жемісін бермеді. Құрамы жастармен толыққан кабинет министрлігі және Жоғарғы Раданың тоғызыншы шақырылымы алғашқыда Украина халқын қуантқанымен, көп кешікпей мемлекеттік басқарудағы кадрлық проблема ұлғая бастады. Ішкі саяси дағдарыс әлі тұрақталған жоқ. Михаил Саакашвилидің де Украина саясатына қайта келуін осы кадрлық дағдарыспен байланыстыруға болады», – дейді.

P.S: Сараптай келе, президент Зеленский мемлекет басқаруында «халық қалаулысы» атын абыроймен алып шықты деуге негіз бар: ол билік басында болған бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген жоқ. Ал президенттің Оманға сапарында орын алған олқылықтары, Трамппен түсініспеушілігі сынды мәселелер саяси фигура ретінде Зеленскийге айрықша зиян келтірмеді.

"The Qazaq Times"