Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін жүргізуге жауапты мемлекеттік комиссияның қорытынды жиынын өткізді.

Дүйсенбі күні, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты 15 наурыз жарияланған Төтенше жағдай режимі заңнамада көрсетілгендей 2 айдан соң аяқталды.  Бүгін күндіз Ақорда «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзін» жариялады. Әдеттегідей мәлімдемедегі мемлекеттік тіл өгейлік көрген. Олай дейтініміз баяндамадағы барлық 2760 сөздің тек 37%-ы ғана, яғни 1025 сөзі қазақша, қалғаны орыс тілінде жазылған. Президент сөз еткен негізгі 7 мәселенің тек екіншісі ғана қазақша. Бұл – бірінші рет емес. «Қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы тиіс» деген ұстанымдағы президент Тоқаевтың қоамдық имиджіне жауапты хатшылары мен спич жазармандары үнемі орыс тіліне басымдық беріп келеді.

Мемлекет басшысы қозғаған мәселелер жөнінде ашық деректердегі және Ақорданың «орысшыл» материалынан негізгі тезистерді ұсынамыз.

«Індеттің шарықтау шегінен өттік, дегенмен карантин шаралары жалғаса береді»

Соңғы екі ай еліміз үшін ауыр сынақ болды. Дегенмен, індет толығымен жойылған жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын жеткізді. Қазірдің өзінде көптеген саланың қызметі қалпына келіп, 1 миллионнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша бірқатар дүкендер ашылады, сән салондары, білім орталықтары және тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады.

«Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн», – мемлекет басшысы.

Жаңа санитарлық ережелер әзірленеді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізеді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істейді. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Ал, жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.

«Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік ара қашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет», – деді президент өз сөзінде.

«Індеттің екінші толқыны басталуы мүмкін»

Жер шарын құрсауына алған кеселдің қаупі әлі де сейілген жоқ. Сондықтан, президент халықты өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, барынша сақтанып жүруге шақырды. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.

«Менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Төтенше жағдай кезінде 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемделген көрінеді.

Дағдарыстан кейінгі даму жоспары

Коронавирус пандемиясы бүкіл дүние жүзіндегі елдердің экономикасын тұралатып тастағаны анық. Эпидемия салдары тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Президент тапсырмасымен, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Олар ел экономикасын жандандырудың кешенді жоспарын әзірлейді және жоспар жуық арада бекітіледі. Ал, мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет.

«Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты. Біз дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуалдың және ұлттық экономиканың түбегейлі өзгергенін анық көріп отырмыз. Қазіргі ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуге тиіс», –деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, елде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Енді дағдарыс және одан кейінгі даму кезінде барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға басымдық беріледі. Әрі отандастырымыздың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ, білім және ғылым жүйесін жетілдіру көзделген. Тоқаев Үкіметке жуық арада ең өзекті деген мәселелерді шешу қажеттігін алға тапсырды.

 «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді

Қомақты қаражат шағын бизнесті несиелеуге де жіберіледі. Бірақ, қаржыландырылып жатқан жобалар экономикалық табыс әкелетін және ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Қазына ақшасын оңды-солды шашпай, мақсатты жұмсалуын құзырлы орындар бақылауы қажет.

«Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі», – деді президент Тоқаев.

Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне кейіннен талдау жасалады

42 500 әлеуметтік төлем алуға өтініш берген жұмыссыздарға қолдау көрсетіледі

Мемлекет басшысының айтуынша, төтенше жағдай кезінде тағайындалған әлеуметтік төлемді алушылардың 40 пайыздан астамы – бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлегендер. Мұндай азаматтар мемлекеттік көмекті қажет ететіндер, сондықтан оларды экономикаға барынша тарту қажет, деді  Тоқаев.

«Бұл адамдардың қайтадан «көлеңкеге» кетіп, өз проблемаларымен қалуға жол бермеу керек. Қиын жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік қорғауға, болашақта лайықты зейнетақыға, ең алдымен, ресми жұмыс істейтін, салық төлейтін адамдар сене алады. Сондықтан дәл осындай азаматтар уақытша жұмыссыздармен қатар Үкімет пен әкімдердің жіті назарында болуы тиіс», – деді ол.

Нарықтық экономика жағдайында әркім уақытша жұмысынан айырылуы мүмкін екендігін алға тартқан президент, Үкіметке еңбек биржасында тіркеуді мүмкіндігінше жеңілдетуді, рәсімдерді шектеп, жұмыссыздық мәртебесін және оған байланысты жеңілдіктер алу уақытын қысқартуды тапсырды.

"The Qazaq Times"