Германия канцлері Ангела Меркель 24 қаңтарда ресми іссапармен Түркияға барады. Бұл туралы Берлиндегі брифингте ГФР Министрлер Кабинетінің ресми өкілі Штеффен Зайберт хабарлады.

Давостағы форум аяқталғаннан кейін канцлер Стамбулда ел президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірқатар келіссөздер жүргізбек.

Меркель сондай-ақ неміс-түрік сауда палатасының шақыруы бойынша іскерлік топтар өкілдерімен кездесіп, Ердоғанмен бірге Герман-Түрік университеті кампусының ашылуына қатыспақ.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркия президенті алдағы жексенбіде Ливиядағы реттеу мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға Берлинге келуге ниетті. Ливияда 2011 жылы Муаммар Каддафи өлтірілгеннен кейін хаос болып, екі билік орнады. Ливия қақтығысын реттеу мақсатында ұйымдастырылатын кездесуге Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Ресей, Алжир, Египет, БАӘ және Қытай басшылары қатысады.

17 қаңтарда Түркия президенті Ливияға әскер аттандыратынын айтқан болатын. Ердоған Түркияның оңтүстігінде тұрақтылықты сақтау үшін саяси және әскери күштің барлық түрін пайдаланатынын айтып, тоғыз ай бойына ұрыс қимылдары жалғасып келе жатқан Ливия мәселесіне араласуын тоқтатпайтынын мәлімдеді.

"The Qazaq Times"