Кеше, желтоқсанның 13-і Түркістан қаласының М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында жергілікті полицей мен мұғалім арасында кикілжің туып, мұғалімді көпшіліктің көзінше арнайы нарядпен алып кеткен.

Аталған оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, өңірдегі жауапты мекемелерді аяғынан тік тұрғызды.

Әлеуметтік желіде мектеп директорының міндетін атқарушы К.Әбдіқадырованың қалалық білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға жазған "жағдай барысы туралы мәліметі" тарады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, білім ордасының оқушылар әжетханасы түзде орналасқан. Онда мұғалімдерге арнайы кесте бойынша кезекшілік ету міндеттелген. Кеше күндіз сағат 10:25-тер шамасында Түркістан қаласының ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей мектеп ауласында орналасқан әжетхананың кезекшілігін тексеруге келген. Сол кезде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахыт Каукенов Манасұлы үзілісте кезекшілікте болып, аяғынан су өткен соң ішке кірген көрінеді. Әжетхана маңында кезекшілікте тұрмауының себебін сұраған подполковник Данияр Мейірханға ұстаз аяқ киімін ауыстыруға кіргенін айтқан. Бірақ полиция өкілінің "әдептілікке жат" дөрекі сұрақтарына мұғалім де тиісінше жауап берген деседі. Ақыр аяғында Бахыт Манасұлының жеке куәлігін тартып алып, әріптестері мен оқушылардың көзінше қолын қайырып алып кеткен. Мектеп ұжымының ара түскеніне қарамастан, күштеп алып кетіп бара жатқан оқиғаның бейнежазбалары интернетке кеңінен тарап кетті.

№15 мектеп директорының білім бөліміне жолдаған "мәліметі" әлеуметтік желіде тарады. Түркістан. 13 желтоқсан 2019 жыл. Фото: Facebook

Мектеп директорының әкімдікке жолдаған мәліметіне қарағанда, "кикілжің көше бойында да жалғасқан, оған жол бойындағы мектеп оқушылары мен өзге ұстаздар куә болған". Сондай-ақ ішкі "әжетхана қасынан уақытша кеткен" ұстаз ішкі істер бөліміне жеткізілген соң хаттама толтырып, оған 12 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Әлеуметтік желіде аз уақыттың ішінде үлкен дауға айналған оқиғаға қоғам белсенділері "әжетхана кезекшілігін мұғалім мойнына артып қойған жауапты тұлғалар төменнен жоғарыға дейін жауапқа тартылуы керек" деп талап етіп жатыр. Жергілікті "Бекет" газетінің бас редакторы Сафуан Өтебаев өзінің facebook парақшасында "ұстаздарды сабыр сақтауға шақырып, мерекеден соң шындыққа көз жеткізетінін, ақпарат тарататынын айтып" дүрлікпеуге шақырды.

Әкім-қаралар жиі бас сұғатын оқу мекемесінің әжетхана мәселесі әлі күнге дейін оң шешім таппай келеді. Аймақта балалар дәретханасы ғимарат ішінде орналасқан оқу орындары аз.

Бүгін ертеңгілік Түркістан облысының білім басқармасының өкілі Рахымбек Жолаев  "полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз рейд жүргізгенін" және бұған басқарма "жариялы түрде кешірім сұрайтынын", жауаптыларға "тиісті шара қолданылатынын" жеткізді. Кешегі жағдайдан кейін тәжірибелі ұстаз Бахыт Манасұлының қан қысымы көтеріліп жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Жолаев мұғалімнің "полиция қызметкерінің заңсыз әрекетіне прокуратураға шағым түсіргенін" хабарлаған. Бірақ "беделіне нұқсан" келген ұстаздың туыстары мен әріптестері облыстық білім басқарамасы бастығының сөзімен келіспейді. Олардың сөзінше, қан қысымы 200-ден асып, ауруханаға жатқызылған  Бахыт Манасұлы ешқандай шағым жазбаған, оған мұршасы да жетпей отыр.

Білім басқармасының бастығы Рахымбек Жолайдың жазбасы. Түркістан. 13 желтоқсан 2019 жыл. Фото: facebook парағынан скриншот-қиынды

Бұған дейін, 12 желтоқсан Түркістан қаласының полиция департаментінің бастығы Данияр Мейірхан "мектепте жабық тұрған әжетхана болғанымен, балалар далаға жүгіруге мәжбүр" екенін айтып, ескертусіз рейдке шығатынын жазған еді. Жазбасын "мектеп инспекторларының жұмысын тексеруді шештім" деп бастап, соңында жағдайдың байыбына бармай жатып қоғамдық ортада қолын қайырып әкетуін беделді ұстаздар "полиция өзінің дөрекілігін білмей, өзгенің мінін жіпке тізгіш" деп сынауда. Азаматтық қоғам белсенділері, соның ішінде белгілі ұстаз Мейіржан Темірбек "Тараздағы сияқты әкім орнынан кетпес үшін мұғалім туалет күзетуі керек пе?" деп, өз көңіл толмаушылығын білдірді. Азаматтық белсенді Айгүл Орынбек "Ерлан Тұрғымбаев Түркістанда ашылмаған қылмыс көп, ал полиция мұғалімдерге қысым жасап жүр!" деп сынады. Мектеп оқушыларын зорлық-зомбылықтан қорғау мен қауіпсіздік қызметінің мұғалімдерге жүктеу - көпшіліктің таңданысын, ызасын тудырып отыр.

Данияр Мейірханның жазбасы. Түркістан. 13 желтоқсан 2019 жыл. Фото: facebook парағынан скриншот-қиынды

Қарашаның ортасында Тараз мектептерінің біріндегі аулада орналасқан дәретханада 7 сынып оқушысына 38 жастағы ер адам зорлық көрсеткені қоғамда резонанс тудырған болатын. Сабақ кезінде сұранып шыққан қыз бала ұшырасқан таргедиялық жағдайға қатысты президент Тоқаев мәлімдеме жасап, жауапты лаузымды қызметкерлер мен қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатқан еді. Содан кейін ел мектептері бақылауды "өзінше күшейтіп", оны мектеп инспекторлары не учаскелік полицейлерге емес, мұғалімдердің мойнына артып қойған.

Биыл Қазақстан парламенті «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қабылдап жатқан тұста күштік құрылымдар мен жергілікті басқару органдары мұғалімді "қолбала" ретінде санап, әкімшілік қызметтерге жегуін тыймай келеді.

"The Qazaq Times"