Бүгін данышпан Асқар Сүлейменов айтқандай «Келер қазақтың ішер уы да, татар балы да» болған адамзаттың «һәкімі» Абай Құнанбайұлының  туған күні. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған, бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала (мақала деп шартты түрде айтып тұрғанымыз – «Қазақтың шығу тегі туралы») жазған  Абайдың биыл 174 жылдық мерейтойы.

Есі дұрыс басшы Абайды айналып өте алмайды

30 мамыр ҚР-ның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  № 55 жарлығымен  ендігі жылы болатын «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» пәрмен берілген еді. 1 шілдеде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған. Комиссия шамамен келесі жылға 500-ден астам шара ұйымдастырылатынын мәлімдеген.

Ел басшысының қаулысы бойынша Үкіметке 2019 жылғы 1 қазанға дейін ауқымды мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспарын бекітуді, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғыртуға, 2020 жылы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге, ақын еңбектерінің шет тілдеріне аударылуы мен басылуын  қолға алу жөнінде, атаулы шара  ЮНЕСКО мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы ТҮРКСОЙ аясында мерекелеуді ұйымдастыру туралы бірқатар тапсырма берген.

Дүниені кезген #Abai175

Соның ізін ала, 15 шілде әлеуметтік желілерде белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың қызы, 9 жастағы оқушы Ләйлім-Шырақтың бастамасымен #Abai175 хэштегін белгілеу арқылы халықтық эстафета басталды. Оның жолдауын мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдаған соң, биліктегі ірі лауазымдағы министрлер мен елшілер, атқарушы шенділердің бірқатары белсенділік танытты. Ерекше челенджге Димаштың үн қосуымен шетелдік азаматтар, өнер адамдары мен еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысуда. Бірақ тап осы күндері эстафета біршама саябырсығандай.

Неге бір жылда екі дата?

«Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілген» дара Абайдың туған күні Алматыда 10 тамызда, ел астанасы мен Семей, тағы басқа өңірлерде бірнеше жылдан бері  23 тамызда аталып өтуде. Бір жылда екі рет айтылады. Ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді. Себебі, 1917 жылдан кейін әлемдегі күнтізбе 13 күнге жылжыған. Демек, бүгінгі қолданылыстағы күнтізбе бойынша – 23 тамыз.

Абайтанушылар тоқтамы

Бұл туралы белгілі абайтанушы, профессор Арап Еспенбетов «Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов туған күнін соқырға таяқ ұстатқандай анықтап берген еді. Өмірін абайтануға арнаған қазақтың қайсар ұлы, марқұм Қайым Мұхамедханов кезінде мәселенің нүктесін қойып кетті. Қазақ елінің күнтізбесінде Абайдың туған күні 23 (ескі стильмен 10) тамыз, қайтыс болған күні 5 шілде (ескі стильмен 23 маусым) екендігі тайға таңба басқандай бадырайтып жазылса нұр үстіне нұр», – дейді.

Сонымен қатар, астаналық абайтанушы Алмахан Мұқаметқалиқызының «Абайдың өзі айтқан «жұмбақ адамның» жұмбақ туған күнін «Абай жолы» романындағы «күзде жайлаудағы ел ойға түсіп, күзем алар шақта» дүниеге келген Абайдың туған күні тамыз айы екені белгілі. Тамыз айының ескіше көрсеткішін жаңа күнтізбемен шаққанда 23 тамызға келеді», – деген ойы көңілге қонымды әрі дәлел тұрғысында қуатты пікір.

"The Qazaq Times"