Қытай басшысы Ши Жинпиңның шексіз мерзімге ел билеуіне бөгет болып келген Конституция тармағы ақыры алынып тасталды. Қытайдың жер-жерінен келген құрылтай делегаттары бір ауыздан дауыс беріп, ҚХР төрағасының өкілетті мерзіміне қойылған шектеуді алып тастауды қолдап шықты. Елдегі «People» басылымының хабарына қарағанда, Қытай Халық құрылтайының 3 мың өкілінен тек 2 адам қарсы дауыс беріп, 3 адам дауыс беруден бас тартқан.
Бұған қоса Қытай Компартиясының шешімімен «Ши Жинпиңның жаңа дәуірдегі қытайлық социализм құру идеясы» Конституцияға кіріп, оның дәрежесі партияны құрушы Мау Зыдоңмен (Мао Цзэдун) теңестірілді.
Ши Жинпиң (Xi Jinping/习近平/ Си Цзиньпин) 1953 жылы туған. Оның әкесі Мау Зыдоңмен бірге бүгінгі ҚХР-ның және ҚКП-ның құрылушылардың бірі. Бірақ кейін репрессияға ұшырайды. Шидың жастық шағы ауылды жерлерде, егіс алаңдарында өтеді, кейін Бейжіңге қайтып оралып, тың өмірін бастайды. 1973 жылы ҚКП-ға мүше болып кіріп, партия ішінде дәрежесі таңғаларлық тез өскен. 2013 жылы ҚХР төрағасы болған.
Ол билікке келгеннен кейін Қытайда экономикалық реформа және жемқорлыққа қарсы қатаң соққы беру қолға алынды. Билігінің алғашқы бес жылында ел ішінде зор беделге ие болған. Дегенмен, реформалар мен күрестер барысында ұлтшылдық өсіп, жекелеген азаматтардың құқықтарының бұзылуы көптеп туылған.
«Жаңа дәуірдегі Қытай» және Батысты терістеушілік
Шидің ортаға салған ойы бойынша Қытай бір партиялы басқарудың үлгісін көрсете алды. Ондағы айтпағы, бұл дамушы елдердің «бірден бір талғамы» болмақ екен. Бұл ойын былтыр қазан айындағы ҚКП-ның құрылтайында ортаға салды. Ал бұл реткі Қытай Халықтық құрылтайында осы ойлары ҚХР-ның Конституциясына енгізілді. Демек, ендігі жерде Қытайда Ши Жинпиңді терістеу Қытай Компартиясын теріске шығарумен бірдей қаралады. Ел көлемінде партиялық жиындар ашылып, Ши Жинпиңның «Жаңа дәуір» идеясын оқытуда. Бұл идеяда Қытай әлемнің социалистік лидері болу керектігі айтылады.
ҚХР тарихындағы төрағалар аз болмаған конституциялық өзгерістер жасады, партия жарғыларын да түзетіп келді. Бірақ, өз идеясын Қытай Конституциясына кіргізген Мау мен Ши ғана. Мау соғыстардан ыдырап, бөлініп қалған елді біріктірді. Дың Шяупиң (Дэн Сяопин) реформа арқылы елдің дамуына жол ашқан. Ал, Шидің үшінші дәуірінде Қытай билігі: «ел азаматтары бай да, саламат өмір сүруі керек, Батыстың демократиясы дағдарысқа ұшырап жатқан кезде, Қытай әлемге жаңа үлгі жасап береді» деген бағытқа кетіп отыр. Бұл Қытайдың Батыспен болған альтернативті қарым-қатынасын анық аңғартты.