Британдық белгілі заңгер Джеффри Найс Лондонда тәуелсіз сот құрып, Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид немесе адамзатқа қарсы қылмыс екенін тексермек. Бұл Қытай үкіметін Шыңжаңдағы түрік азшылықтарын басып-жаншу әрекеттерін айыптаудың соңғы мүмкіндігіне ретінде бағаланады.
Сот бірнеше мәрте куәгерлерден тыңдаулар өткізіп жаңа айғақ-дәлелдерді ұсынады деп күтілуде. Адам құқықтарын қорғаушы адвокат Джеффри Найс бұған дейін бұрынғы Сербия президенті Милошевичті Балқан соғысы үшін айыптау процесін басқарған. Оның кезекті бастамасына Дүниежүзілік Ұйғыр құрылтайының арнайы өтініші себеп болған.
Арнайы құрылған тәуелсіз сот Шыңжаңда қуғын-сүргін көрген көптеген ұйғыр және өзгеде аз санды ұлт өкілдерінен жауап алу, тексеру, анықтау жұмыстарына кірісе бастаған. Алдағы уақытта Шыңжаңдағы саяси лагерлерде (ресми Бейжің «Білім беру орталықтары» деп көрсетеді) күзетші болған бірнеше куәгер сотқа қатысатыны белгілі болды.
Жақында Associated Press Шыңжаңдағы мұсылман азшылық өкілдерінің санын азайту үшін Қытай билігі ауыр аяқ әйелдерге міндетті түсік жасату және жүктілікті болдырмайтын шараларды міндеттеп жатқанын жазды. Батыс елдері бұл саясатты адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағалады. Лондонда құрылған тәуелсіз сотта бұл мәселелерде жіті қарастырылмақ.
2017 жылдан бастап Қытай үкіметі терроризмге қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау желеуімен Шыңжаңдағы түрік азшылықтарын бұрын-соңды болмаған қуғын-сүргінге ұшыратты. Трамп әкімшілігі Қытай үкіметінің қазақ, ұйғыр секілді Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жүргізген саясатын «Геноцид» қатарына жатқызу мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны туралы да ақпараттар бар. Қазірше, Шыңжаңдағы басып-жаншу, еркіндікті шектеу әрекеттеріне қатысты шенеуніктерге арнайы санкция енгізілген. Тіпті, Трамптың Демократ бәсекелесі Байден де Бейжің билігінің Шыңжаңдағы әрекеттерін «Геноцид» ретінде бағалаған.
Ресми Бейжің тәуелсіз сот туралы әлі түсініктеме берген жоқ. Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған әрекеттерді «геноцид» ретінде айыптауларды теріске шығарып, «ойдан шығарылған» деген мәлімдемелер жасап келген. Айта кету керек, Лондондағы тәуелсіз соттың соңғы шешімі қалай болса да, сот шешімі ешбір елдің билігі үшін міндетті болмайды.