Порталымыз белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Әміржан Қосановпен арнайы «Рухани жаңғыру» және осының аясындағы ұлттық мүдде, Алаш мәселесі туралы, сонымен бірге қазақ қоғамының, қазақ билігінің бүгіні мен ертеңі жайында пікірлескен еді.
– Сөздің басын «Рухани жаңғырудан» бастасақ. Биыл қаншалықты жаңғырамыз? Халықты алдау емес пе бұл? Түп негізі қандай бұл рухани жаңғыру дегеннің?
– Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Жалпы біздің рухани өмірімізге, ұлттық құндылықтарымызға, тарихи болмысымызға қатысты түбегейлі мәселелер ағымдағы билікке, біздің оған деген сыншыл көзқарасымызға қатыссыз айтылуы керек. Өйткені, кез келген ұлттың, мемлекеттің рухани құндылықтары ол - мәңгілік мәселе. Ұлт жаңғырып тұру керек. Ұлт табиғат сияқты жаңғырып тұру керек. Ұлттық сана мен болмыс біз жиі айта беретін кешегі атақты хандарымыз бен батырларымыз, Абайдың, Махамбеттің кезіндегі қалыпта қалып қоймауы керек. Олар уақыт талабына сай дамып отыруы тиіс. Заман өзгерген сайын ұлттың болмысы, ұлттың бәсекелестігі тек қана экономикада немесе әлеуметтік салада емес, рухани болмысында да өз көрінісін табуы керек.
Әрине қазіргі таңда «рухани жаңғыру» идеясына деген халықтың көзқарасы басқаша. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дейді. Қазіргі таңда қарны ашып, азып-тозып, «таксовать» етіп, бала-шағасына, үйіне нәпақа тауып апарамын деп жүрген адамға Сіз отырып алып, рухани құндылықтар туралы, сондай үлкен ғаламдық, жаһандық мәселелерді айтсаңыз, ол түсінбеуі мүмкін. Сондықтан да қазіргі қысылтаяң кезде «рухани жаңғыруға» сыншыл, керек болса, кейде міншіл, әжуа, келеке қылатын көзқарас бар. Оның үстіне дұрыс бастамада науқаншылдық пен формализм жоқ емес. Ол, әсіресе, облыс-аудан деңгейінде көп байқалады. Жергілікті жазушының мерейтойын «рухани жаңғыруға» теліп қойып, атап өту де соның бір көрінісі: ол туған күнін «рухани жаңғыру» бағдарлмасынсыз да атап өтіп жүр еді ғой!
– Демек, рухани жаңғыруды кәдімгі президенттің жыл да жолдайтын бағдарламалардың аясында емес, бұл мәңгілік идея болып қалу керек дейсіз ғой?!
– Иә, мәңгілік болу керек! Ол тоқтамайтын процесс!
Кез келген ұлттың - ол ағылшын, еврей болсын, қазақ болсын өзінің ұлтының белгілі бір ғаламдық катаклизмдер алдында өзін өзі қамшылап, өз-өзінің намысына тиіп, өзін алға жетелейтін, бүгінгі ұрпақ бізден гөрі жақсы болсын деген, балаларға біз оқымаған кітапты оқытып, біз тыңдамаған дәрісті беру, меніңше, кез келген ұлттың үзілмес үрдісі болуы тиіс. Табиғат жаңарады, адамзат жаңарады. Сол адамзаттың бір құрамдас бөлігі ретінде кез келген ұлт та жаңарып отыруы тиіс! «Рухани жаңғыру» идеясына мен сол тұрғыдан ғана қараймын. Әйтпесе, кейбіреулер менің «рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірнеше облысқа барғанымды «билік жағына шығып кетті» деп жүр. «Бұл Әбекең де шенділердің сойылын соғып жатыр» деп айтып қалыпты.
Жоқ, мен билік емес, халық жағындамын. Бірақ, билік кей кезде орынды бастама көтерсе, оны неге қолдамасқа?!
Оның үстіне, «рухани жаңғыру» аясында ұлттық мәселе көп айтылып жатыр. Оған дейін біздің шенділер ондай әңгімеден ат-тонын ала қашатын. Ұлттық мәселелер, біздің тарихымызға байланысты, оның ішінде «Алаш» идеясына байланысты нәрселер ашық, ресми түрде айтыла бастады. Мәселен, мен Алаш идеясына қатысты оң баға президенттің аузынан шыққанын қолдаймын. Өйткені президент лауазым иесі ретінде бізде ең биік тұлға. Яғни, Қазақстандағы барлық бастық - қазақ та, орыс та, украин да, неміс те - оның айтқанын істейді. Істеуге міндетті. «Алаш» идеясына қатысты бастамаларын мүлтіксіз орындайды. Оның өзі жақсы емес пе?!
– Жаңа айтып жатырсыз «Рухани жаңғырудың» ішінде Алаш туралы айтылды деп. Егемендік алғанымызға міне енді 27 жылға кетіп бара жатыр. Алашты қаншалықты таныдық? Не кедергі?
– «Алаш» идеясын толыққанды танып, мойындап, басшылыққа алуымызға үш нәрсе кедергі.
Біріншіден, «Алашты» тануға жауапты, танудың іс-шараларын қолға алатын, бағдарламасын жасайтындар – бізді қазір басқарып отырған топтағы кешегі коммунистер, болшевиктер, солардың рухани ұрпақтары. Өйткені олардың ішінде де, ескіні көксейтін, баяғыны аңсайтын, советтік дәуірдегі кейбір алдамшы мұраттарды әлі де ұмыта алмай жүрген тұлғалар бар, әсіресе, аға ұрпақ өкілдері. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Совет Одағын көрмеген, Ленинді білмейтін тұтас бір ұрпақ өсіп, аяққа тұрды. Осы жастар билік басына келіп жатыр. Олар «Алаш» ісін қолға алады. Олардың сана-сезімі ластанбаған, таза.
Екінші кедергі ол – геосаяси кедергі. Біз Ресеймен бірге келе жатырмыз. Ресейдің неоимпериялық ұстанымдағы идеологиясы «Алаш» идеяларының кең қанат жаюына тағы бір кедергі. Ельциннің кезінде антикоммунистік риторика басым болды. Ал қазір қараңыз, Кремльдің қолдауымен Зюгановтың өкілдері осы күнге дейін президенттік сайлауға түсіп жатыр. Төртінші рет президент боп сайланғалы жатқан Путиннің өзі күні кеше коммунизмді – христиандыққа, ал Ленинді – әулиеге теңеп жатыр. Ол өзі КГБ-дан шыққан. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Ресейде соңғы жылдары Сталинді, Берияны ақтайтындай тірліктер жасалып жатыр. Ал дәл сол тұстарда «Алашорда» үкіметі «ұлтшылдық» деп саналып, қудалауға ұшыраған болатын. Ал біздің билік әртүрлі – объективті және субъективті себептерге байланысты Кремльдің идеологиялық ықпалынан шыға алмай отыр. Осы тәуелділік «Алаш» идеясына да өз салқынын тигізіп отыр!
Сосын, Ресейде біздің 600 мыңнан астам қандасымыз тұрып жатыр. Осы тұрғыдан екіжақтық қарым-қатынас принциптерін анықтағанда біз мейлінше реалист әрі абай болуымыз керек. Ертең шет елде диаспора боп жүрген қандастарымызға Қазақстанда, өз елінде алшаң басып жүрген біздің салқынымыз тиіп кетпеу үшін. Сосын бізде орыс факторы бар. Сондықтан да бізге Ресейдің, Кремльмен өркениетті түрде, дос әрі көрші ретінде, терезесі тең деңгейде сөйлесе алатын, ұлттық мүддені талантты да табанды жүргізе алатын жаңа билік керек. Ол үшін бұл формация ауысу керек. Қазіргі президент ауысу керек. Сөйтіп, оның маңайы ауысу керек. Өйткені бізде әлі де ресейшіл топтар бар. Дегенмен қазір олар азайып келеді.
Оның үстіне біз бір сұмдық субьективті фактордың алдында тұрмыз. Елбасының болашақ мұрагеріне кепіл керек. Бір кепіл – ішкі, яғни, ықпалды кландардың кепілі. Яғни, ортақ тұлғаға қатысты өзара тіл табысуы (олар қоғамның кепілі сияқты аса маңызды нәрсені ойлап та жатқан жоқ!). Екінші кепіл – сыртқы кепіл. Сыртқы кепілді әрине, бірінші орында, Ресей мен Қытай бере алады (Батыс – алыс, әрі өз проблемаларынан бас ала алмай жатыр, бізбен тіпті шаруасы да жоқ! Бірақ та көптеген дамыған елдердің бізде өзінің экономикалық мүдделері бар, соны да ескеру керек). Сол кепілдің бір басты бөлігін Кремль бере алады. Меніңше, осы тұрғыдан Ақорда мен Кремль арасында белгілі бір келісім бар сияқты. Сондықтан, Кремльдің құлағына түрпідей тиетін «Алаш» идеясы дәл осы таңда мейлінше кең насихатталып, біз талап еткендей, мемлекеттік идеологияға айналуына осы үлкен кедергі бар! Сондықтан біз әзірше латыница мен кириллица мәселесі бойынша, Еуразиялық одақ пен ШОС мәселесі бойынша, кешегі советтік жүйенің құрбаны болған «Алаш» идеясы бойынша да әлі де соның ықпалында болуға мәжбүрміз.
Үшінші кедергі өзімізде, қоғамда, Сіз бен бізде жатыр! Қоғам да бір дүр сілкініп, өзі «алаштанбаса» ешнәрсе өзгермейді!
– Өткен жылы елбасы өкілеттілігінің бір бөлігін парламентке, үкіметке бөліп берем деді. Біразын бөліп бергенде болу керек. Мәжбүрлі түрде. Алдап кеткен жоқ па?
– Бұл идея күні кеше пайда болған жоқ, бұрыннан айтылып келе жатыр. Кезінде Қазақстанда мықты оппозиция болды. Билік бізден именді, бізбен санасуға мәжбүр болды! Өйткені біз бірге болдық!
Біздің бір саяси талабымыз да осы болды, яғни суперпрезиденттік биліктен бас тартып, биліктің үш тармағының тепе-теңдігін жасау. Бір қызығы осы көзқарасты президент те осыдан ертерек қолдап, ресми мәлімдеген. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалып келді. Осыдан екі жыл бұрын президент мұны қайтадан айтты. Шынымды айтсам, бұл жерде мен сол кезде президентке кеңесші болған Тони Блэрдің ықпалын көріп отырмын. Ол елбасына: «Еуропалық өркениет болған соң қалай болғанда да мына авторитарлық жүйеден басқа жүйеге көшу керек. Еуропалық одаққа жақындау үшін бетіңіз ашық болу керек» деген болса керек, әйтеуір бір ілгерілеушілік болған сияқты. Қоғам ол бастаманы қолдады да. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей қалай болғанда да мұны жүзеге асыру керек болды.
Оның үстіне барлық билікті бір қолына шоғырландырып, суперөкілетті «екінші Назарбаевты» біздің саяси жүйе көтере алмайды. Сондықтан да реформа керек.
Президенттің өзі қазіргіден өзгеше жағдайда билікке келді. Ол кезде ықпалды Жоғарғы Кеңес болды. Президент өз аяғымен барып, депутаттардың алдында есеп беріп жүрді. Қазіргідей кландық жүйе болмады. Демократяның бірқатар нышандары бар еді.
Ал қазір, яғни, билікті транзит кезеңі алдында жағдай мүлдем басқаша. «Екінші назарбаев» мүлдем басқа саяси ахуал тұсында билікке келейін деп отыр. Қысқаша айтсақ, диагноз мынадай: билік пен экономиканы кландар бөліп алған, елде билікті бүгін алуға дайын 4-5 клан бар, ресми оппозиция жоқтың қасы. Осындай жағдайда бір клан бас билікке қол жеткізсе, арты соғысқа ұласып кетуі мүмкін. Өйткені, бір-бірімен терезесі тең олар ертең бір-бірін қудалай бастайды. Оның арты жақсылыққа апармайды!
Болашақ президенттің қасында «сен тұр мен атайын» деген бәсекелестері тұрады. Қаржы жағынан да, жас жағынан да, бедел жағынан да, қазақшылдығы, ресейшілдігі, батысшылдығы жағынан да олардың саяси салмағы бірдей.
Меніңше, елбасы өзінің маңайында шартты түрде төрт клан болса, төртеуін шақырып алып, билік тармақтарын өзара үлестіріп беретін сияқты. Яғни, ешкім де ренжімейтіндей болуы тиіс. Президенттік, парламенттік, үкіметтік, сот жүйесі сияқты тармақтар, сөйтіп, әр кланның қолына көшеді.
Байқап отырсақ, осы жоба жүзеге асу үшін, елбасы осы конституциялық реформаны жасағысы келгендей.
Бірақ, менің пайымдауымша, жеме-жемге келгенде, «осының бәрін қайтесіз, елдегі билікті өйтіп бөлшектеуге болмайды, бір адамға тапсырсаңыз, бәріміз де соның айтқанын істейміз. Оның алдында ресми оппозицияны құртайық. Президенттікке өз-өзін ұсыну құқын алып тастайық, сол кезде ешкім де бізге кедергі жасай алмайды, кез келген адамыңызды ың-шыңысыз сайлап аламыз. Өзіміздің маңдағы кландардың ішіндегі ең беделділеріне компромат жинап, ауыздарын жаптырайық. Сіз саспаңыз, Нұреке» деген ақылмандардың сөзі өткендей. Өйткені, Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерді мен толыққанды, тиімді әрі заман талабына сай деп айта алмаймын. Бейнелеп айтсам, «бір қадам ілгері, екі қадам артқа» болып отыр!
– Жақында БАҚ беттерінде Ұлттық қордың 22 млрд доллары АҚШ-та бұғатталып қалғандығы жөнінде ақпарат тарады. Қалай ойлайсыз бұл қаржыны елге қайтара аламыз ба?
– Біраздан бері у-шу боп жатқан осы мәселенің бір жағы әлі де құпия боп жатыр. Сол молдаван кәсіпкерін біздің мұнай саламызға алып келген, жоғарғы кабинеттерге кіргізіп, сол жақтың батасын алуға көмектескендер кім?!
Егер де ол кәсіпкердің құқығы бұзылса, оған кінәлі кім? Жеке компания ма әлде мемлекеттік компания ма? Жеке болса, онда неге бюджет жауап беруі тиіс? Ал мемлекеттік компания болса, нақты қай басшы не шенеунік? Ол талап етіп отырған 500 миллион доллар қайдан пайда болды?
Міне, осы сауалдарға ашық та бүкпесіз жауаптар берілуі тиіс! Онсыз бәрі де бос сөз боп қалады!
Мұнай саласына кім көрінген кіре алмайды. Осы скандалдың артында өте беделді тұлғалар мен топтар тұруы мүмкін! Сондықтан да мәселеінң анық-қанығына жетіп, ел бюджетіне орасан зор нұқсан келтірмеу үшін тәуелсіз, құрамында қоғам өкілдері бар комиссия құрылуы тиіс. Оның жұмысы барлық БАҚ-та жан-жақты көрсетілуі керек.
Жақында Әділет министрлігі осыған байланысты комментарий берді. Сонда мені таң қалдырған бір нәрсе бар, яғни, біздің шенділер «аса үлкен қауіп жоқ, 22 миллиард доллар бұғатталса да, өзімізде қалады, асып кетсе, Статидың талабындағы қаржыны төлей салармыз» деген сыңайда сөз айтып отыр! Ал ол дегеніңіз, анау-мынау емес, 500 миллион доллар! Олай болса, сотта жеңіліп жатсақ, сол соманы Ұлттық қорға немесе Қазақстанның шетелдегі басқа да активтеріне салмай, осы жағдайдың пайда болуына тікелей кінәлі адамдардан өндіріп алу керек!
Мәселенің тағы бір қауіпті жағы бар; елдегі бизнес қандай жағдайда жүріп жатқанын біріміз білеміз – коррупциясыз ешнәрсе жүзеге аспайды. Ал енді біздің шенеуніктерге реніші, ашуы және сот талабы бар жалғыз осы Стати ма? Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көріп жүрмейік!
– Кеше ғана Иранда болған оқиға әлі де жалғасып жатыр. Жай ғана жұмыртқаның екі есе қымбаттауынан басталды. Ал бізде жұмыртқа бес есе қымбаттап кетті. Қалай ойлайсыз, сонда біздің халық парсыларға қарағанда басқаша халық па?
– Өте қиын сұрақ.
Мені 20 жыл бойына толғандырып келе жатқан сұрақ. 20 жыл бұрын да біз оппозициялық митингілерге шыққанбыз. Конституциялық өзгерістерге қарсы болғанбыз. Заманбек пен Алтынбектің қазасынан кейін бас көтергенбіз, Жаңаөзеннен кейін Абай ескерткіші алдына шыққанбыз. Сол кезде 1 жарым миллион халқы бар Алматыда алаңға 3-4 мың адам ғана шығатын. Әрине налисың. Себептері не?
Мұның бірнеше себебі бар. Бірінші себеп - салыстырмалы түрде (мен бұл жайтты баса айтқым келіп отыр!) осы күнге дейін мұнайдың арқасында, газдың арқасында әлеуметтік деңгей өте төмен деңгейде болса да, біршама болса да, қамтамасыз етіліп келді. Барлығы қазақтың шүкіршілдігі мен тәубашылдығында деп санаудан аулақпын. Әрине, жалақы, зейнетақы жоқ десе, жұрт шығады көшеге. Әзірше – бар. Әрине, өте аз. Бірақ бар. Алайда, жағдай күннен-күнге ушығып, мемлекет бюджет сарқылып бара жатқанын да ескеруіміз керек!
Екінші себеп – ресми үгіт-насихатта. Күнделікті жағымды хабар көрсетіп, теледидар елдің санасын улап жатыр. Әбден зомби еткісі келеді. «Жаңа зауыт ашылып жатыр, жаңа жұмыс орындары пайда болды» дегенге әлі де біраз адам сеніп келе жатыр. Бірақ ондай насихаттың заманы кетіп бара жатыр. Қазір жаңалықтың бәрін мынадан біліп алады (телефонын көрсетіп – ред.). Бұрын қоғам мен ақпарат арасында ресми БАҚ-тың фильтрі тұратын. Қазір жұртшылық кез келген ақпаратқа өзі тікелей қол жеткізеді. Ал ол айнада – Интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер – өмір өзінің шынайы қалпында, ешбір боямасыз көрсетіліп жатыр! Осыдан барып, елдің жемқор әрі былыққа батқан билікке көзқарасы қандай боларын өзіңіз біле беріңіз!
Үшінші себеп бізде, оппозицияда жатыр деп ойлаймын. Яғни, оппозиция қазіргі таңда ұйымдық түрде бірлік танытып, ел ішіндегі наразылық әлеуетті бір арнаға тоғыстыра алмай жатыр!
Қазір саяси түрде саяқ жүрсем де РНПК мен ЖСДП партияларының басшылығында болдым. Бүкіл оппозицияны біріктірген «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бас хатшысы болдым. «ЖСДП Азат» партиясының бас хатшысы болдым. Сондықтан оппозицияға айтылып жүрген бар кінәға менің де қатысым, жеке жауапкершілігім бар. Оны мен мойындаймын. Бірақ мен ешқашан да жеке бас мүддемді ортақ мүддеден жоғары қойған жоқпын. О жағынан арым таза!
Бірақ оппозицияға келген бастықтардың бір ауруы бар, оның аты – шексіз әрі көп жағдайда тіпті орынсыз, ретсіз амбиция! «Мен ғана президент боламын, мен ғана төраға боламын, мен ғана басшы боламын, мен тізімде бірінші тұрамын» - сондай кеудемсоқтық бар. Біздің кейбір әріптестер кезінде сөйтіп, нәтижесінде біз жалпы оппозицияның халық алдындағы беделін түсіріп алдық.
Ашынған халықты біріктіре алатын саяси күш болмай тұр. Бірақ сіз қараңыз. Соңғы араб елдерінде болған, парсы елінде болып жатқан оқиғалардың мән жайына қарасаңыз, оның артында үш фактор тұр. Бірінші фактор - экономикалық фактор. Яғни ол жерде тұрған біреулер ең басында: «Мен Аятоллаға, оның саясатына қарсымын» деп шыққан жоқ. Жұмыртқа бағасының қымбаттағанына қарсы шықты. Біздің Жаңаөзендегі мұнайшылар президентке қарсы шыққан жоқ. Оппозицияны қолдап шыққан жоқ. Мен екі-үш рет бардым әріптестермен Жаңаөзенге. Бізге алаңда жеті ай бойына тұрған мұнайшылардың айтқаны: «Үкімет бекіткен коэффициентке сай лайықты жалақымызды берсін» деді. Яғни экономикалық жағдайдың нашарлауы ең алдымен дәл сол экономикалық талап қоюға алып келеді. Бірақ арты саяси талаптарға ұласып кетіп жатқанын соңғы оқиғалар ап-айқын көрсетіп отыр!
Екінші фактор саяси сипаты бар. Өйткені шетелдік БАҚ көрсетен видеоларды қарасаңыз – олар да саяси ұрандарды көтеріп отыр. Яғни олар мәселенің жұмыртқада емес екенін түсініп отыр, жұмыртқа – елдегі саяси ахуалдың жекелелен бір салдары ғана. Яғни қазіргі саяси жүйеде әлеуметтік мәселелер міндетті түрде саяси ұрандарға алып келіп отыр.
Үшінші фактор - қазіргі ақпарат инфрақұрылымында. Дәлірек айтсам, барлық ресми БАҚ таралымынан әлдеқашан асып кеткен Интернет пен әлеуметтік желілерде. Осы әлеуметтік желі футболдағы форвард сияқты ақпарат алаңының «шабуылшысы» болып келе жатыр. Ол ақпарат таратып қана қоймай, наразылық акцияларын ұйымдастырып, бағыттай алатын қоғамдық-саяси күшке айналып бара жатыр!
Иранда болған толқулар Қазақстанда болмайды деп кім кесіп-пішіп айта алады?! Ешкім де айта алмайды!
Иранда шешуші роль атқарған факторлардың үшеуі де қазір Қазақстанда жоқ деп кім айта алады? Қараңыз, Жаңа жыл басталды, ай соңында халық жаңа коммуналдық квитанцияларды алады. Тарифтер болса, күрт өсіп, ешбір тоқтаусыз шарықтап жатыр! Оған қоса дүкендегі бағалар да көтеріліп жатыр. Айлық пен зейнетақы болса, сол қалпында.
Кешегі елбасы жолдауын алыңыз. Жолдау техникалық емес, саяси құжат болуы керек! Бірақ, бұл жолы халық өзіне жаны ашитын, өзінің сойылын соғатын президентті көрген жоқ. Халық өзінің үкіметіне кезекті бір тапсырмаларды беріп жатқан басшыны көрді. Егер де президент столды қойып қалып: «Ей, айналайын үкімет, мынау не болып жатыр өзі? Халқымның жағдайы төмендеп кетті ғой! Сендер маған жалған ақпарат беріп жатыр екенсіңдер ғой! Елім азып-тозып кетіпті! Үкімет, кет! Парламентке жаңа, үкіметке тиімді бақылау жасай алатын партиялар келсін!» деп айтқан кезде президенттің рейтингі 200 пайызға өсіп кетер еді!
Өкінішке орай, президент маңайындағы ат төбеліндей ғана топтың айтқанынан шыға алмай қалды. Мұның өзі елдегі жағдайға объективті баға беріп, тиісті шешім қабылдауына өз кесірін тигізіп отыр.
Бұл жылдың сценарийі қиын болуы мүмкін. Баға өсіп, жағдайы қиындап, ашынған жұрт үнсіз отыра қоймас. Тығырықтан шығатын биліктің нақты бағдарламасы, жоспары жоқ! «2030, 2050»-де бәрін де жарылқаймыз!» деген стратегияларға ел сенуден қалды! Бізге ұзақ мерзімді стратегиядан, мәселені бүгін, дәл қазір шешетін мықты тактика керек! Әйтпесе, іс насырға шабуы мүмкін!
Билік: «Ел ішіндегі оппозицияны құртып тындық! Әблязов шетелде. Еш жақтан қауіп жоқ!» деп өзін-өзі алдап отыр. Иранда да халық көшеге елдегі ресми саяси партияның ұйымдастыруымен шыққан жоқ! Халық өзі шықты. Оның ішінде, орталық қалалар емес, аймақтағы жұрт шықты! Жағдай өзгермесе, билік өз халқымен санасуды бастамаса, ешбір ресми партияның үндеуінсіз-ақ қазақтың «Спартагы» не «Ленині» шыға келеді, оның соңына еретін жұрт та табылады! Сол кезде билік оппозициялық партияларды жауып тастады ма, тәуелсіз БАҚ-тың көзін құртты ма, билік сыншыларын шетел асырып жіберді ме, соттап жіберді ме - оның бәрі түк болмай қалады!
Билік: «Қарсылық акциялары болса, басып, жаншып тастаймыз!», - дейтін болар. Мен билікке бір нәрсені айтқым келеді: егер де алда-жалда сондай наразылық кезінде бір қазақтың көзі шығып, басы жарылатын болса, оның арты жалпыхалықтық шеру боп кетуі ықтимал. Қазіргі ақпараттық технологиялар мен мүмкіндіктер заманында ондай сорақылықты жасырып қала алмайсың! Халық қозғалса, хан да қозғалып кетеді!
Бұл – әбден мүмкін сценарий! Сондықтан билік осы бастан саясатын өзгертуі керек!
Ең алдымен, плюралистік, алуан-түрлі пікір өкілдері бар қоғаммен тікелей диалогқа көшуі тиіс! Сонда сең қозғалып, өзгерістер басталады!
Өйткені, елдегі жағдайды түзеудің екі жолы бар. Бірі – билік пен қоғам бірлесіп, елде қордаланып қалған проблемаларды шешуді бірлесе қолға алатындай механизм жасауды талап ететін бейбіт, эволюциялық жол.
Екіншісі – революциялық жол. Қазіргі билік қолындағы билікті жайдан-жай бере қоймайды! Өліспей, беріспейді! Және де каланаралық тартыста жеңіліске ұшыраған мүдделі топтар ел ішіне іріткі салып, өздері әртүрлі арандатуға баруы ықтимал. Діни радикалдар да саяси аренаға шығуы мүмкін! Ол жағын да естен шығаруға болмайды!
Сондықтан бізді үшінші, аса қауіпті әрі қатерлі жол күтуі мүмкін: оның аты – сарай төңкерісі! Биліктің қазіргі жағдайында ондай сценарийді де мүлдем жоққа шығаруға болмайды!
Өз басым, билікті қанша қатты сынап жүрсем де, оның тезірек ауысқанын қаласам да, бейбіт, эволюциялық жолды қалаймын. Оған қоғам дайын. Бірақ, билік дайын емес!
Егер де таразы басына екі нәрсені салса. Бірі – «елдегі билік ауысады, бірақ қан төгіледі» деген сценарий, ал екіншісі – «бейбіт жол» десе, сөз жоқ, мен екіншісін таңдаймын. Қан төгіс ешкімге де керек емес! Ондай революция, құрбандықтарға жол беріп қана қоймай, елдің қоғамдық дамуын ондаған жылдарға кейін шегеріп тастауы мүмкін!
Оның үстіне, алда келе жатқан электоралды науқандар - президенттік және парламенттік сайлаулар осы үш тенденцияны одан сайын өзекті етіп тастайды! Нағыз таңдауды сол кезде жасау керек болады!
Сіз айтқан билік тармақтарының тепе-теңдігін жасауға билік ішіндегі қолынан іс келетін кадрлар да ниетті болуы тиіс. Өйткені биліктің тармақтары тепе-тең болса, биліктің өз ішінде өркениетті бәсеке пайда болады. Мен биліктің ішіндегі біраз адамдарды білемін. Лайықты, талантты азаматтар бар, министр, әкім болуға лайықты жігіттер өсе алмай отыр. Өйткені олардың жоғарғы жақта көкелері жоқ. Тұнып тұрған трайбализм, жершілдік, рушылдық, тамыр-таныс, құда-жекжаттық болып кетті. Командалық принцип деген бәле баршаны шаршатып болды! Немесе пара беріп, өсу керек. Оны біздің шенеуніктер де біліп отыр. Солар біздің әділеттік туралы ойларымызды қолдайды деп ойлаймын.
– Қалай дегенде де парсы жұртымен біздің әлеуметтік болсын, саяси болсын, жай танымдық болсын айырмашылық бар дейсіз ғой?
– Қазақ - парсы не араб емес. Бірақ, жалпыадамзаттық, өркениеттік трендтер бар.
Мысалы қараңыз, парсыны діни режим ұстап тұр. Құранға қарсы кім шығады, Аятоллаға қарсы кім шығады? Солай емес пе? Сондықтан біздің билік те мейлінше репрессивті сипат алған, ол: «бәрін құртып тастадық, күштеу органдары «қит етсе» 15 тәулікке жауып тастайды» деп отыр. Қандай айырмашылығы бар? Ешқандай.
Екінші әлеуметтік сала. Парсы мемлекетінің бір кемшілігі – олар геосаяси жобаларға көп күш, көп қаржы салып кетті. Яғни «сол аймақтың лидері боламыз, мұсылман әлемінің лидері боламыз, АҚШ-пен тайталасамыз» деп. Біздікі де солай. ЭКСПО, саммиттер, түкке тұрмайтын даңғаза жобалар. Сол ЭКСПО ақшасына Астанаға баяғыда-ақ, газ тартып тастауға болар еді. Қазір соған ақша таба алмай отыр.
Экономикалық саясатта да қарап отырсаңыз – бір ұқсастық, яғни жаппай қымбаттау. Жастардың саны өсіп бара жатыр. Жұмыссыздық өршіп бара жатыр. Бізде де солай болып келе жатыр. Сондықтан да екі елдегі ахуал турасында айтсақ, мен бұл жерде өзгешеліктен гөрі ұқсастықтарды көп көріп отырмын.
– Иранда болған дүние бізде де болуы мүмкін дейсіз ғой?
– Әрине мүмкін. Ертең-ақ болып кетуі мүмкін.
– Соңғы сұрақ. Дамыған 30 елдің қатарына әне-міне кіріп қалдық деп едік 58 орыннан шықтық. Осы 58 орынның өзі шын ба?
– Статтистиканың екі түрі болады. Біреуі - мемлекеттік статистика, екіншісі - рас статистика. Мен өзім мемлекеттік статистикаға сенбеймін.
Мысалы, осы жылғы бюджеттің тапшылығына байланысты үкіметтің сөзі бөлек те, Халықаралық қаржы қорының, тәуелсіз сарапшылардың сөзі бөлек. Девальвация туралы да да, ішкі жалпы өнімнің өсуі туралы да пікір әртүрлі.
Әрине, әрбір ел өз алдына амбициялық мақсаттар қояды. Бірақ ол мақсаттар елдегі жағдайды ескеретіндей, реалистік тұрғыда болуы шарт! Әйтпесе, құр бос қиялға ұқсап кетеді де, ел арасында анекдотқа айналып кетеді!
Сосын «біз 30-дыққа не басқа бір «ондыққа» кіреміз!» деп ұрандата берудің керегі жоқ! Өйткені біздікі секілді жалған ақпаратқа негізделген жүйеде көзбояушылық орын алуы мүмкін. Елбасының қаһарына ұшырап қаламыз деп министрлер статистиканы қолдан жасап жіберіп жатады.
Негізі басты ұран былай болу керек: «әрбір қазақ қойнауы бай елде өмір сүріп жатқанын сезіну керек!».
Біздегі жағдайды билік көбінесе Қырғызстан, Тәжікстан секілді мұнай мен газы жоқ елдермен салыстырады. Ол методологиялық жағынан мүлдем дұрыс емес. Бізді мұнайлы елдермен салыстыру керек!
Кезінде Хрущев айтты ғой: «20 жылдан кейін бүкіл совет халқы коммунизмде өмір сүреді» деп. Брежнев: «91 жылға дейін әрбір совет отбасы баспаналы болады» деді. Соның бәрі жүзеге асты ма?
Сондықтан, меніңше, идеологиялық алдамшы ұрандардан бас тартып, жоспарларды нақтылау қажет. Мәселен, парламенттік сайлауға партия өзінің бес жылдық бағдарламасымен шығу керек, жеңсе, үкіметті құрап, сол уәделерін орындауы керек. Орындай алмаса, келесі сайлауда халықтың өзі ол партияға дауыс бермейді. Міне, сонда ғана уәделер мен жоспарлар бір ретке келеді. Әйтпесе, «не патша өледі, не есек өледі» дегенмен жүре береміз!
– Ал осы неге керек?
– Қайталап айтайын, ұзақ мерзімге жоспар құрудың еш әбестігі жоқ. Бірақ, ол жоспарлар бүгінгі күнмен байланысты болуы тиіс. Адамдар өзгерістерді дәл қазір, бүгін көргісі келеді. Ал тым алыстағыны болжап, ертеңгі «кім бар, кім жоқ» заманға теліп тастау, ең алдымен, бүгінгі жауапкершіліктен қашу, сосын елді алдау деп білемін! Алысқа бармай-ақ қоялық, кешегі елбасының жолдауын алайықшы. Өткен жылы жариялаған жолдаудың тағдыры не болды? Ол туралы бір ауыз сөз жоқ! Есеп пен жауапкершілік жоқ жерде нәтиже де болмайды!
Мысалы, мен президент болсам былай істер едім. Жолдау жасаймын, үкіметке тапсырма беремін. Келесі жылы өзім жолдау жасардың алдында бір күн бұрын үкіметті, парламентті жинап алып есеп сұрар едім: «Депутаттар, қанша заң өзгерттіңдер, ол заңдардан елде не өзгерді? Қандай жақсылық әкелді? Премьер-министр, сен менің айтқанымды істедің бе?». Істемесе, «давай, до свидания», кет!», - деп айтар едім. Істеді ме, орнында қалады. Сондай жұмыс болу керек қой.
Ал қазір жолдаудың бағасы басқаша болып отыр. Өйткені жұрт біледі, осы жолдаудың есебін президент сұрамайтынын. Сөз жоқ, жолдаудың ішінде біраз оң да орынды нәрсе бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Әдемі заттар бар ішінде. Бірақ оның ертең есебі болмайды. Сондықтан меніңше, баяғы Хрущев пен Брежнев стиліндегі 20-30 жылға дейінгі жоспарлардан бас тарту керек. Болды. Халықты алдаудың керегі жоқ.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Қойшыбек Мүбарак