Космогония ғалымдары Жер планетасының жасын төрт жарым миллиярд жыл деп есептейді. Қазіргі адам танымындағы уақыт өлшемімен алып қарасақ, бұл шынында да орасан үлкен мерзімді көрсетеді. Ал, тарих ғылымдары адамзат тарихын Дарвин теориясының негізінде, б.з.д. 1,9 миллион жылдан 36 мың жылдар аралығында үңгірлерде жасаған, отты пайдалана білетін адам тәрізді маймылдардан бастап отыр. 36 мың жылға дейінгі аралықта ешқандай археологиялық қазба деректер табылмаған ақтаңдақ уақыттың өзі де неше жүз мың жылды құрайды. Сондықтан, тарихшылар осы мезгілдерде адам тарізді маймылдардың қалай дамып-жетілгеніне жауап бере алмай отыр. Осындай археологиялық және сандық мәліметтерді қарай отырып, ойлау қаблетіне ие адамның «осынша ұзақ мерзімде жер планетасын мекендеген саналы тіршілік тек біз ғана болдық па» деген заңды сауалы туындайды.

Бұл сауалдың түбіне жетіп, жер шарының пайда болуынан тартып, ортадағы алып денелілер дәуірін, олардың құрып-жоғалу себебін, одан кейін орнаған жаңа дәуірдің қалай басталғанын, жан-жануарлардың дене-тұрпаттық, биологиялық, генетикалық қандай өзгерістерге ұшырағанын, және осыдан он мың жыл бұрын болды деп болжанған мұз дәуіріндегі өзгерістер, немесе топан су қаптаған кездегі нақты деректерді бүгінгі дамыған ғылымымыздың өзі толық дәлелдеп көрсетуге дәрменсіз.

Тарих ғылымының нақты ғылыми фактілерге –  тарихи жазба деректерге; археологиялық қазба материалдарға негізделетіні анық. Оған ойжота, құр долбар тиянақ болмайды. Неміс философы Карл Яспрес өзінің «Смысл и назначение истории» еңбегінде тарихи жазба деректердің ең ертедегісі осыдан бес мың жылдан ары бармайтынын көлденең тарта отырып, тарих ғылымының одан ары бармауы керек деген пікірін айтады. Әрине, бұл пікір ХХ ғасырдың орта кезеңіндегі тарих және философияның пікіріне өкілдік етеді. Тарих ғылымы одан кейін де сан мәрте жаңарып, өзінің қосалқы зерттеу салаларын кеңейтті. Соның бірі – мифология. Бір қарағанда миф пен тарихтың қатысы жоқтай көрінгенімен аңызға айналған, мифтік түс алған тарихи шындықтардың болатынын ғылым күн сайын дәлелдеп келеді.

Өзге жұртты былай қойғанда, әлі күнге дейін себебі мен шығу тегі беймәлім қазақ аңыз-ертегілерінің өзі ғылымның осы үлкен саласына жүк бола алады. Қысқа ғана «Адамдар үш мекенде өмір сүреді екен» – дейтін – аспан адамдары, олар белдікті мойынынан байлайды, жер адамдары біз белдікті белімізден, жер асты адамдары белдікті тізеден не балтырынан буынады» деп айтылатын осы аңыздың сырына қаншалық үңіле алдық. Ауыз әдебиеті ерте дамыған халық ретінде, өзімізбен бірге ежелгі дәуірдің құнды мұрасын сақтап келе жатқанымызды байыптай алдық па?!

Ф.ғ.д, профессор Берікбай Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегінде қазақтың ұлттық дүниетанмы мен дәстүрлі діни нанымына тоқтала отырып, ел арасында сақталған діни мифтік аңыздың астарына үңіледі. Оның кейбірі ислам дінімен бірге жеткен діни наным-сенімнен туған мифтер болса, кейбірі ислам дінінен бұрынғы Семиттер дінінің пайғамбарларынан, көне дүниетанымдардан, дейтүрік заманынан келе жатқан аңыздар. Сондағы айтылған аңыздың түбі ақиқат деп сенер болсақ былай дейді: адамзат Адам ата – Хау анадан тарады; оның алғашқы ұрпақтары бүгінгі адамдардан әлдеқайда әлеуетті, алып денелі, жоғары дене сапасына ие болды, сондықтан, олардың ғылым-техникасы бүгінгі біз елестете алмайтындай дәрежеде дамып жетілген, күллі жердің табиғи ресурстарын толық игеріп, тіпті ғарышты да толықтай меңгеріп галактикадан да алқып барған; мұншалық даму олардың қоғамын бірте-бірте азғындауға, құдайсыздықа алып келген; сондықтан Жаратушы оларға кұллі адамзатқа алғашқы апаты – топырақ апатын жіберген. Жер шары әлде бір ғарыштық әсерден өсінен жазып, қатты  жер сілкінісі туылған, соның салдарынан теңіздер құрлықтарға, құрлықтар теңіздерге ауысып, дүниенің астаң-кестеңі шыққан, зіл-заладан аман қалу үшін бір қауым ел жердың қатты қыртысының астындағы кеңістікті тауып тіршілік сақтауға мәжбүр болса, енді бір қауым адамдар алыс бір жұлдыздан тіршілік етуге болатын шарт-жағдай тауып, сонда тұрақ тапқан. Ал, осы апаттан Жаратқанның құдіретімен аз ғана адам жер бетінде аман қалып екінші бір заңдылық күйі мүлде өзгерген заманға тап келіп, жапа-машақатпен жалғасты өсіп-өне бастаған екен. Автор осында еміс-еміс көрінетін НЛО, теңізшілерге оқыс ұшырасып қалып көз жаздырып кететін теңіз астындағы беймәлім махұлықтарды сол кездегі жер бетінен кеткен Адам атаның ұрпақтары деген ойын айтады. Олар кеткесін жердің тіршілік заңы мүлде өзгеріп, жер бетінде ұзақ тіршілік етуге мүмкін болмаған екен.

Осы арада біз аңызда айтылған оқиғаларды ғылымдағы кейбір деректерге, ғылыми болжамдарға салыстырып көрелік. Аңызда айтылатын топырақ апаты, жердің теріс айналуы, құрлықтар мен теңіздердің орны алмасуын қисынсыз деп айта алмаймыз. Бүгінгі күндегі Сахара, Такламакан сынды алып шөлдерден теңіздің тереңінде жасайтын балықтардың сүйектері өткен ғасырда жүргізілген ғылыми барлау жұмыстары кезінде талай мәрте табылып, осы алып шолдердің өз кезінде теңіздің немесе мұхиттардың түбі болғаны дәлелденген. Жасанды жер серіктерінен түсірілген жер планетасының суреттеріне қарайтын болсақ, осы шөл-жазиралардың теңіздің түбі ретінде елестету қиын емес. Тіпті балықтың тасқа айналған қалдықтары ойпаңды құмдықтарды былай қойып, қазір әлемдегі ең биік үстірт Гималай тауынан да табылған. Осы деректерге сүйене отырып, аңыздағы «Топырақ апатын» яғыни күшті зіл-заланың Эдуард Зюсс ортаға қойған «Құрлықтың қалқып көшуіне» тура келеді десек, қисынды көрінбей ме?! Екі ғасыр бұрын ортаға қойылып, әлдеқашан дәлелденіп болған осы ғылыми көзқарас аңыздағы осы оқиғаға дәлел бола алатынадай. Құрлықтардың қалқып көшуі жер шарындағы қатты сілкіністен кейін, жер шары қатты жынысы мен магма қабатының ажырауынан басталған болуы да мүмкін.

Аңызда айтылуынша, жер бетінде жаратушы өзі аман сақтап қалған аз санды адамдар жаңа дүиеге үйлесе дамыған. Ұзақ уақыттан кейін алдыңғы Адам атаның ұрпақтары жеткен деңгейге  жетпесе де, дамуы мен ғылым-техникасы бүгінгілерден озық болған тағы бір өркениетті қоғамға жетіпті. Алайда, оларда да бұрынғылардай құдайсыздық жайлаған қоғамға аяқ басыпты. Сол кезде Жаратушыдан екінші реткі апат – су апаты келіпті. Бұл енді қазіргі көптеген халықтарда сақталған Нұх пайғамбар және оның кемесі туралы аңыздың түп негізі. Бұнда да Жаратушы өзі талдаған адамдар Нұхпен бірге аман қалып, келесі дүниеге қадам басады. Олардан да ұрпақ тарап, тарпаң табиғаттың қиыншылықтарын жеңе отырып, бүгінге жетіпті. Аңызға негізделсек, әлі екі реткі апат, немесе ақырзаман бар екен. Оның бірі от, енді бірі жел. Ақірет күні дегеніміз соңғы апатпен бірге келеді, яғни жел апатымен бірге, Микайл періштенің кернейінен шыққан жел, күллі тіршілікті қайтарады делінеді.

Соңғы су апатының болғаны жайлы ғылыми болжамдар мен дәлелдерді көрсетіп жату артық болар. Еуропа ғалымдары Нұхтың кемесі қалды деген бірнеше тауларға ғылыми экиспедиция жасады, бірде Түкркия жерінде десе, бірде Өзбекстанда деген әр түрлі болжамдар бар. Соңғы кезде Гонконг пен Түркия ғалымдарынан құралған барлау группасы Түркияның Арарат тауынан кемені таптық деп жар салды. Маңыздысы, осы аңыздың қазіргі 181 елде бір нұсқада айтылатындығы. Ал, біз өзіміздің елдегі Қазығұрт тауында деп сенеміз. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?!» деген секілді қазақ ауыз әдебиетінде де сақталған сөздер кездеседі.

Бұл айтылғандарды қисынды-қисынсыз деп қарасақ та, көлденең тартар өзге тақырыптар да толып жатыр. Аңыз шын тарих емес делік, алайда күллі адамзаттың хатқа түскен тарихынан бергі уақыт жер жаралған одан арғы уақыттың миллионнан біріне де дөп келмейді. Саналы түрде осы ұзақ уақытқа жауап іздеу өркениетті қоғамның қозғаушы күші десек артық емес.

Қазақ баспасөзінде бұл тақырыптар азды-көпті айтылып жүр. Таласбек Әсемқұловтың «Аңыз туралы аңыз немесе ауызекі мәдениеттің пайда болуы турасында бір-екі толғам» атты көлемді мақаласы соның бірі. Мақалада автор қазақ есепшілерінің және ұмыт болған көне қазақ жылнамасынның маңызын айта келіп, оның түп төркіні арғы өркениеттен, яғни біздің жыл санауымызға тән болмаған есте жоқ ескі замандағы үлкен өркениеттен бастау алған болуы мүмкін деген ой қорытады. Яғни, қазақтың көне жылнамасы – «Ескіше жыл есебінің» басталуы осыдан бұрынғы 16200 жылға тура келеді, демек бұл мұсылман календары, христиан календары, төрт мың жылдан басталады деп айтылатын қытай ескі жылнамасы – «егіншілік календарынан» да ары, тіпті Карл Яспрес айтып отырған бес мың жылдық тарихтан да ерте заманға барып тіреледі. Т. Әсемқұлов осының жетегінде шумерологияның, ассирологияның негізі болған Джеймс Черчварттың «Көне континент Му» деген еңбегіне тоқталады. Өткен ғасырда күллі Батыс ғылымында үлкен төңкеріс болып саналған осы еңбек жер бетін бізден де ерте мекен еткен дамыған өркениеттердің болғанын айғақтап көрсеткен. Т.Әсемқұловтың ойларын қайталап жату артық болар. Десе де, біздің жоғарыда айтқан аңыздан алған ой-танымдар мен Му өркениеті шын мәнісінде бір болуы әбден мүмкін. Грек мифтерінің негізінде осыдан 100-120 мың жыл ілгері алып денелі Атланттар жасаған деген болжамдар да бар. Бұл да алдынғы аңыздардарды қайталайды. «Алып денелі адамдар» деген осы сөз ежелгі өркениеттер туралы әңгімелерде көптеп ұшырасуы тегін болмаса керек.

Адамзат қоғамы дамыған сайын оның ашқан жаңалығынан гөрі байыбына жетпеген істері көбейе түседі. Өткеннен де, бүгіннен де, болашақтан да. Көз алдымызда күннен-күнге құрып бара жатқан табиғи байлықтар бізге, осы дүниенің де ақырласар шегінің барлығын көрсетсе керек. Барлық дін мен философия адам ақырзаманды өз қолымен жасайды деген пікірде. Біз өз қолымызбен жасаған өндіріс ошақтары өзіміздің көрімізді қазып жатса, дамудың түбі өркениеттің дағдарысына әкеліп соғары даусыз ғой. Сонда, біз де өткен өркениетті тіршіліктер секілді бір күні күйреудің қамытын киіп, өзімізге келетін от апатына оранып, келесі бір тіршілікті таңдандыратын белгілер қалдырып, жоғаламыз ба?! Әлде, қоршаған ортамен етене, баянды бір тіршіліктің қалыбын тауып аламыз ба?

Естай Божан

"The Qazaq Times"