2017 жыл халықаралық маңызды оқиғаларға, саяси шешімдер, келісімдер мен қақтығыстарға толы жыл болды. Бұл жылда халықаралық геосаясатта бірқатар ауқымды өзгерістермен бірге, жаңа бастамалар көтерілді. Саяси аренада жаңа тұлғалар мен көшбасшылар пайда болды. Әлемнің кейбір аймақтарындағы шиеленістер шешім тапса, кейбір өңірдің қайшылығы ушығып, тұтас әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатерлерді де күшейте түсті. Олай болса осы жылдағы халықаралық маңызды деген оқиғалар мен өзгерістерге шолу жасап көрелік.

2017 жылдың қаңтар айының алғашқы күндері Біріккен Ұлттар Ұйымында бірқатар өзгерістер болды. Қаңтардың алғашқы күні  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің тізімдігі жаңарды. Қазақстан Орталық Азиядан аталған әлемдік қауымдастықтың маңызды кеңесіне тұңғыш рет мүше болып, 2017 жылдағы әлемдік саяси өзгерістердің парағын ашқан еді. 2 қаңтар күні Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа Бас хатшысы Антонио Гутериш ресми түрде қызметке кірісті.

Жылдың басындағы елеуді геосаяси оқиғалар қатарында Дональд Трамптың Құрама Штатқа 45-ші кезекті президенті болып сайлануы болды. Дональд Трамп 2017 жылдың 20-шы қаңтарынан бастап қызметке кірісті және қызметінің алғашқы күнінен бастап, Құрама Штаттың саясатына аз болмаған өзгерістерді алып келді. Солардың қатарында, ғаламдық жылынудың алдын алуға жасалған «Париж климат келісімінен» бас тарту, АҚШ-қа мигранттардың кіруін шектеу, АҚШ-қа тиімсіз деп тапқан халықаралық сауда келісімдерінен шығу, Орта Шығыстағы соның ішіндегі Ауғанстандағы әскерлерін көбейту, Солтүстік Кореяға қарсы қатаң қысым шарасын жасау тағы басқалары бар.

Бір жылдан бергі халықаралық хабарларға шолу жасайтын болсақ АҚШ президентіне Трамптың келуі әлемдік саясатқа да үлкен ықпал жасағанын анық байқауға болады. Трамп тіпті құрамында әлемдік ірі державалар кіретін НАТО ұйымын да АҚШ-қа керексіз, тым ұлғайып кеткен ұйым ретінде бас тарта жаздаған еді. Трамп билікке келуден бұрын, соңғы жылдары шиеленісе түскен АҚШ пен Ресей қатынасын ретке салып, екі елді тату етуге тырысатынын жеткізген. Алайда, ол қызметке кіріскен алғашқы айында-ақ, Уашингтонның билігі Трамптың ойлағанын іске асыртпады. Ақ үйдің президент бөлмесіне кіруден бұрын Қытайдың АҚШ-қа әділетсіз саудасына тосқауыл жасап, зиян шеккен америкалық кәсіпкерлерге болысатынын айтқан Трамп, президенттігінің алғашқы жылында бұл уәдесі үшін бірқатар маңызды қадамдарға да барды.

Соңғы жылдары шырмалып келген Корей түбегі мәселесі жыл басынан тартып шиеленісе түсті. Солтүстік Корея көктем айларынан бастап, зымыран сынақтарын бастады. Бұл Солтүстік Шығыс Азия қайшылығын ұлғайта түсті. Қытай мен Оңтүстік Корея арасында АҚШ-тың «Сад» зымыранға қарсы жүйесіне байланысты дипломатиялық дағдарыс орын алды. АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қаратқан қысымы артқан сайын, түбекте ядролық соғысты қауіпі де арта түсті. Күз айларында Солтүстік Корея мен АҚШ арасы тіпті де ушығып, Трамптың Азия сапары кезінде АҚШ-тың алып әскери техникалары Солтүстік Кореяға жақын су алабына келді. Соңғы бір айда ғана АҚШ пен Солтүстік Корея арасы біртіндеп қалыпқа түсе бастағаны байқалады. Тек, өткен аптаның соңында Қауіпсіздік кеңес қабылдаған жаңа санкциядан кейін, ашулы КХДР қайта оталуы қауіпі бар.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті 2017 жылдың бас шенінде биліктен кетіп, екі айдан кейін, мамыр айында Мүн Жайн Оңтүстік Корея президенті болып сайланды. Ол сыртқы саясатта бірқатар өзгерістер алып келді. Алғашқы сапарын, Құрама Штаттан бастаған Мүн Жайын, Қытаймен арадағы қатынастарды реттеу үшін қараша айында Бейжіңге ресми сапармен барды. Оңтүстік Кореяның Корей түбегі мәселесіндегі шешуші орынын көрсетті.

Жалпы, 2017 жылы әлемдегі бір қатар елде президент сайлау өтті. Биылғы жылы елеулі президент сайлауларын қатарға тізер болсақ мынадай.

Ақпанда – Түркіменстанда сайлау дәстүрлі нәтижеде аяқталды.

Сәуірде – Франция президент сайлауында Марин Лепенді жеңіп, тарихтағы ең жас Франция президенті Эмануэл Макрон таққа отырды.

Мамырда – 19 мамыр күні Иранда сайлау басталды. Нәтижесінде Хасан Рухани қайталай президент болып сайланды.

Оңтүстік Кореяда Мүн Жайн билікке келді.

Маусымда – Моңғолияда президент сайлауы өтті, елдің Халмагайн Баттулга моңғол еліне басшы болып сайланды.

Тамызда – Германиядағы сайлау қыркүйекке шегерілді, Ангела Меркель орнында қалды.

Шілдеде – Үндістанда өзгеріссіз сайлау нәтижесі болды.

Қазанда – Қырғызстанда бесінші президент болып Сауранбай Жиенбеков сайланды.

Тауық жылындағы халықаралық оқиғалар арасында «Брексит» мәселесі салмақты тақырыптардың бірі болды. Өткен жылдан басталған Ұлыбританияның ЕО-дан бас тарту мәселесі биыл шешімін тапты. Жыл басында екі тараптың келіссөздері көптеген қиындықтарға ұшырады. Оның басты себебі Ұлыбритания ЕО-дан кету үшін «қол үзу ақысын» төлеуіне тура келді. Оны ЕО Комиссиясы алғашында 60 млрд еуро деп көрсеткен. Сонымен бірге, Ұлыбританияның азаматтары жаппай Ирландия азаматтығын ала бастады. Бұл екі жаққа да келіссөздердің шарттарын қиындата түсті. Қараша айындағы табысты келіссөздерден кейін қос тарап бір мәмлеге келді. Ұлыбритания қол үзу ақысын беретін болды, бірақ оны алғашқы 60 млрд емес, 40 млрд еуро төлеуге келісті. ЕО Ұлыбритания ішіндегі тұрақсыздықтарды шешуге көмектесетін болып келісті.

2017 жылы әлемде ең салмақты әрі күрделі болған мәселе – Корей түбегі қайшылығы. Солтүстік Корея осы жылда тарихтағы ең көп зымыран сынағын және ең қауіпті ядролық сынағын өткізді. Бірнеше зымыраны Жапонияның кеңістігінен өтіп, Тынық мұхитына құлады. Тіпті АҚШ-тың әскери базасы орналасқан Гуам аралына зымыран шабуылын жасайтын болып қорқытты. Солтүстік Корея жөнінен алып айтқанда, 2017 жыл ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымыранды дамыту істері үшін табысты жыл болып қалды. Себебі, биыл КХДР зымыран сынақтары арқылы құрлықаралық баллистикалық зымыранын атмосфера қабатынан шығару, қайта енгендегі температураға төзімділік қатарлы жақтарда табысқа жетті. Сонымен бірге, Солтүстік Корея зымырандары АҚШ-тың маңызды қалаларына жете алатын болды.

Қытайда биыл аз болмаған өзгерістерге ұшырады. Қазан айында өткен ҚКП-ның XIX құрылтайына дейін де, Корей түбегі мәселесі, Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде, Үндістанмен шекаралық жанжал істерінде аз болмаған қарсылықтар мен қиындықтарға тап болды. Құрылтайдан кейін Ши Жинпиң өкілетті мерзімінің екінші кезеңі басталып, елді түбірлі реформалармен жаңартатынын алға тартты. Сонымен бірге бұл елде әлемдік маңызы бар «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының маңызды басқосуы болып өтті. Бұл Қытайдың ықпалын арттыратын маңызды бағдарлама деп қаралды. Оған әр өңірде әртүрлі жауаптар болды. Трамптың Қытайға сапары кезінде Қытай-АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыстар реттелді. Дегенмен, Трамп Қытайдың әлемдік саудадағы әділетсіздігін алға тартып, Қытай экономикасын нарықтық экономика деп мойындамаған ұстанымында қалды.

Қытайда этникалық қазақтарға жасалған қуғын-сүргін де 2017 жылдағы аса салмақты тақырыбының бірі деуге болады. 2016 жылдың қыркүйек айынан басталған қуғын-сүргін, «Шынжаң орнықтылығы» желеуімен қандастарымызға жасалған әділетсіздіктер мен құқық бұзу әрекеттері Қытайдың солтүстік-батыс өңіріндегі жағдайды қиындата түсті. Әрі Қазақстандағы жұртшылықтың күшті наразылығына ұшырады. Басында «білмеппізге» салған Ақ орда, кейін бұл мәселеге сұрау салды. Қытайдағы қандастардың басына үйірілген қара бұлт әлі де сейіле қойған жоқ. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстарға белгілі дәрежеде әсер етті.

Осы жылдағы әлемдегі 2 млрд-қа жуық мұсылман қауымы үшін ең үлкен наразылық тудырған оқиғаның бірі Мьянмадағы мұсылман геноциді болды. Соңғы кездегі Шекарасыз дәрігерлер ұйымының берген мәліметіне қарағанда Мьянманың қарулы күштері рохинжа мұсылмандарының 6000 адамын қырып, жүздеген ауылдарды өртеген. 3 мың адам қауіпсіздік күштерінен жан сауғалай қашып бара жатқан жолдарда қаза тапқан. 700 мыңға жуық рохинжалар Бангладешке паналап қашып барған. Бұл әлемде зор дүмпу тудырған оқиғаның бірі болып, 2017 жылдың тарихында қалды.

Аяқталуға жақын қалған тауық жылында дипломатиялық дағдарыстар да көп болды. Оның бастысы АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының тарихтағы ең төменгі деңгейге түсуі. Сонымен бірге, АҚШ-Куба, АҚШ және 6 мұсылман елі қарым-қатынасының салқындауы. Қытай-Оңтүстік Корея, Қытай-Үндістан, Сауд Арабиясы бастаған алты ел мен Катар арасындағы «Катар дипломатиялық дағдарысы» қатарлы жағдайларды қатарға тізуге болады. Түркия мен АҚШ және Еуропа елдері арасында да дау-дамайлар жиі туылып отырды.

Әскери әрекеттер де 2017 жылда тыныш күйде болған жоқ. Солтүстік Кореяға қарсы АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығулары ақпан айынан тартып желтоқсанның бас шеніне дейін жалғасты. Оның кейбіреуі Корей түбегіндегі соғыс қауіпін еселеп арттырды. АҚШ Ауғанстандағы әскер санын қайта көбейтті. Ресей желтоқсанның басында Сүриядан әскерін шығаратынын мәлімдеді. Бұдан сырт Қытай мен Ресей алғаш рет көлемді әскери жаттығуды бірлесе өткізсе, қыркүйек айында Ресей жағы Беларусьпен бірлескен «Батыс-2017» әскери оқу-жаттығуын өткізді. Бұл Ресейдің тарихтағы ең ірі әскери жаттығуының бірі болып қалды. Әрі, НАТО-ның Ресейден алаңдаушылығын күшейте түсті.

Орта Шығыста 2017 жыл оңды өзгерістердің болғаны да белгілі. Оның ең бастысы «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы күрес айтарлықтай табысты болды деуге болады. Ирак пен Сүрияда аталған ұйымға қарсы күрес жеңіске жеткенін сол елдердің үкіметі және АҚШ, Ресей, Иран, Түркия қатарлы елдер жарыса мәлімдеді.

Тек желтоқсан айында Таяу-Шығыста Израиль мен Палестина қақтығысын қайта өршітетін бір оқиға болды. Ол болса, АҚШ президенті Трамптың Иерусалим қаласын Израиль астанасы деп мойындауына байланысты туылған алауыздықтар. Палестина мен Түркия бастаған бірқатар мұсылман елдер бұл шешімге қарсылық танытты. Соңында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл шешімді терістеді. Дегенмен, даудың бұлты әлі сейіле қойған жоқ.

Жылдың соңғы күрделі халықаралық күрделі қайшылықтардан саябыр тартып қалды. Солай бола тұрса да әр елде, әр өңірде түрлі оқиғалар, жанжал, қақтығыс, келісім мен ынтымақтастықтардың легі толассыз болып жатыр. Жалпы тұрғыдан алғанда 2017 жылдың соңғы күрделі қайшылықтан ада күйінде өтетіндей. Дегенмен, өткен апта соңында басталған Солтүстік Кореяға жаңа санкция шешімі шығыстағы өртті қоздата түсуі де ғажап емес.

Дегенмен, 2017 жылдың бір ерекшелігі әлемнің экономика, әскери істер, ғылым-техникадағы көшбасшысы саналатын елдердің ауқымды өзгерістері мен реформалары қатар болғаны деуге лайық. Ұлыбритания дербес даму жолын талдап, ЕО-дан ірге бөлсе, АҚШ әлемдік көшбасшылық орынын нығайтуға шындап кірісті. Қытай Азиядағы және әлемдегі ықпалын арттыру үшін "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын жүзеге асыруға белсене кірісті. Мұнай теңізінде отырған Сауд Арабияның өзі "мұнайсыз ел" болу жоспарына қадам қойды. Франция билігі жастардың қолына өтіп, жаңа серпін алды. Түркия Еуропадан бет бұрып, Араб елдері, өзге ислам елдері және Ресейге бейімдік танытты. 40 жылдан астам уақыт тоқтап қалған ғарыш саласын зерттеу жұмыстары қайта жанданды. Жақында АҚШ Айға ғарышкер аттандыру жобасын бекітті. Одан ары Марсты зерттеуге де кеме аттандыру жоспарларын атап өтті. Осының бәрі 2017 жылдың елеулі оқиғалары ретінде тарих уақыты қысқарған дәуірдің маңызды өзгерістері болып қалды.

“The Qazaq Times”