Биылғы қараша айы халықаралық маңызды оқиғаларға толы болды. Соның бірі – Америка Құрама Штаттарының 45-ші президент сайлауы. Қарашаның тоғызында өткен сайлауда Дональд Джон Трамп жеңіске жетті. Сайлау нәтижесі белгілі болысымен ақпараттық кеңістікте Дональд Трамп туралы және құрама штаттардың алдағы геосаясаттағы ұстанатын бағыты қызу талқыға түсті де кетті. Әр елдің бұқаралық ақпарат құралдары өз елімен құрама штаттар арасындағы байланыстың қалай дамитынын талдап жатты.

Еуропа мемлекеттері мен Ресей, Қытай, Жапоня секілді Азия елдері, әлемдегі басқа да көптеген мемлекеттер АҚШ-пен қарым-қатынасқа баса назар аударатыны анық. Себебі, геосаясаттағы үлкен әріптестерінің келесі қадамда қандай бағыт ұстануы, осы елдердің экономикасы мен жалпы жағдайына, әскери істеріне әсер етпей қоймайды. Трамптың "таққа отыруы" АҚШ-тың өзге елдермен бұрыннан ұстанып келе жатқан қарым-қатынасына белгілі деңгейде өзгерістер алып келуі де мүмкін. Себебі, Трамп өзінің сайлау алдында  америкалықтарға берген уәдесінде тұратын болса, онда ол сыртқы саясатты ретке салып, ел ішіне баса назар аударатын болады. Американың ішкі істері дегенімізбен, соның өзі кей елдердің сауда, экономикасына қатысты жақтары өте көп.

Фото: DalnieStrany.ru

Америкаға заңсыз кіретін еңбек мигранттарын шектеу де Қытай мен Мексика, Үндістан сынды елдердің мүддесіне әсер етпей қоймайды. Қытай мен Үндістаннан Америка құрама шекарасына заңды-заңсыз кіретін мигранттары, жалпы елдегі мигранттардың 21 пайызын ұстайды. Сонымен қатар, Қытайдың қазіргі мемлекет басшысы ұстанған саясат бұрынғыларынан мүлде бөлек. Қытай өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап шетелдермен сауда-экономикалық байланысты күшейтіп, шикізат шығаратын елдерден, Орта Азия мен Африканың табиғи байлықтарын әкеле бастады. Сол арқылы ел ішінде өндіріс нысандарына жұмыс тауып беріп, олар өндірген тауарларды шетелге қайта шығару арқылы, халықтың әлеуметтік жағдайын шешіп келді. Бірақ, мемлекеттің басты проблемасы – демографиялық өсім мен халық санының тығыздығы өзгермей сақталып келе жатты. Ал, Ши Жинпиң билікке келуімен үкімет тауар экспортымен бірге «адам экспортын» да қолға алды. Ол – шетелдерге зат экспорттау барысында өндіруші кәсіпорындар мен елдегі артық еңбеккүштерді де сыртқа шығару саясаты. Ел ішіндегі жұмыссыздық пен халық саны тығыз ішкі өлкелердегі әлеуметтік дағдарыстарды шешуге бағытталған Қытай үкіметінің осы шаралары Орта Азия, Оңтүстік шығыс Азия, Орта  Шығыс, Африка, Еуропа мен Америкаға бағытталған. Осы саясатын мықтап тиянақтандыру үшін Қытайдың мемлекет басшысы Ши Жинпиң көптеген маңызды қадамдарды да жасады. Тарихтан бері Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасы дамымай келе жатқан Орта Шығыс, араб елдері, Үндістан мен Пәкістан сынды елдерге сапарлай барып, ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасап қайтты. Соның нәтижесінде, Қытайдан сыртқа шығатын еңбек мигранттары көбейді. Америкамен де әзірге дейін әскери істерден басқа барлық салаларда ынтымақтастық-селбестік, әріптестік қарым-қатынас ұстанып келе жатқан Қытай үкіметіү ендігі АҚШ президентінің ұстанатын саясатына қатты назар аударып отыр.

АҚШ, ҚХР арасындағы қарым-қатынастағы бір түйткіл – Тайюань мәселесі. Әр жолғы АҚШ президент сайлауынан кейін Қытай жағы  Тайюань мәселесіне қатысты көзқарасын анықтап отырады. Екі ел арасында ресми кездесулерде, тараптардың Тайюань тұрғысындағы ұстанымдары қайталай еске алынып отыратынын білеміз. Қытай тарапы Тайюань ҚХР-ның ажырамас бөлегі деп мойындауына мүдделі. Американың  Тайюань ісіне араласуынан екі ел арасындағы қатынас 1980 жылдарға дейін дұрыс дамымай келді. АҚШ-тың 33 президенті Рейганның тұсында екі ел осы іске орай түсіністікке келіп, АҚШ Қытайдың  Тайюань  ісіне араласпайтын болып келіскен.

Бірақ, таяуда ғана жартылай таққа отырған АҚШ президенті Трамп алғашқы дипломатиялық жұмыстарын әр ел басшыларынан келген құттықтау телеграммалар мен қоңырауларға жауап беруден бастаған. Екінші желтоқсан, жұма күнгі «Нью-Йорк газетінде» Трамптың Тайюанның қазіргі басшысы Сай Иыньуын ханыммен телефонда сөйлескенін хабарлаған. Бұл Қытай БАҚ-ын дүр сілкіндірді. Себебі, Қытай-АҚШ арасындағы 37 жылдық дипломатиялық қарым-қатынаста Тайюань үкіметінің телефонын қабылдау тұңғыш рет жүз беріп отыр. Онсыз да, сайлау алдында Америкадағы қытайлар туралы небір тосын сөздер айтып жүрген Трамптың бұл реткі әрекетін, әр басылым әр түрлі сынап ала жөнелді. Осы ақпаратты жариялаған «Нью-Йорк газетінің» Қытайдағы тілшісі Эван Оснейс бұл туралы «Трамптың Тайюаньмен телефонда сөйлесуінің соңғы қатері қаншалықты» деген тақырыпта көлемді мақала жариялады.

Қытай журналистері және саясаттанушылары бір ауыздан Трамп пен Сай Иыньуынді қатар сөгіп, «Бұл Трамптың ішкі идеясы мен бір реткі тәуекелге баруы, қалай болса да, оның бұл әрекетінің соңғы зардабы өзі ойлағаннан ауыр болады. Сай ханымның бұл әрекеті тынық түнде дабыл қағып, Шығыс Азияны дүрліктірумен бірдей, бұлай жалғасса, ерте ме, кеш пе атынан құлайды» деп гуілдесті. Мейлі, қалай болса да, қытай саясаткерлері Қытай мен АҚШ қарым-қатынасының жаңа парағы ашылғалы тұрғанын Трамппен байланыстырады. Жалпы жағдайға назар аударар болсақ, Трамптың Қытайға өң қабақ танытты дей алмаймыз.

фото: eadaily.com

Осы жағдайда керісінше құрама штаттар президентінің Ресейге ұстанған позициясы жақсы деуге болады. Ол Ресей Федерациясының президенті В.Путинмен бірнеше рет телефонда сөйлескен. Бұл тілдесулерде әлемдік келелі мәселелерді Ресеймен селбесе шешуге тырысатынын да айтқан. Бұған қоса, өзінен бұрынғы президент Барак Обамамен кеңесінде де, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға құлықты екенін танытқан. Бұл ойын ол президент сайлауының алды-артында да бірдей байқатып келеді. Не десек те, орыс-қытай сынды екі алыпқа Трамптың ұстанған позициясы бірдей емес. Бұл тұрғыда Ресейдің ырықты орында тұрғаны анық. Әлемдегі көптеген басылымдар Трамптың таққа отыруы Америка мен әлемге өзгеше жаңалықтар алып келеді деп отыр. Кейі жақсы жағынан болады десе, кейі әзер ұстап тұрған әлем тыныштығын бүлдіреді деген болжамдар айтуда. Өзін нағыз америкалық мінезде көрсетуге тырысатын, мінезі қырыс та, бірбеткей Трамп геосаясатта қандай нақты қадамдар мен тәуекелдерге баратынын алдағы күн көрсетері анық.

Қазақстан да Америкамен ширек ғасырға таяу уақыт дипломатиялық қатынас орнатып келе жатқан ел. АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс жыл сайын артуда. Америка Орта Азиядағы ең ірі ел ретінде Қазақстанға бұрыннан баса назар аударып келеді. Әсіресе, Ресей мен Қытай арасындағы, Еуропа мен Шығыс Азияны тұтастырып жататын географиялық орны да алыс құрлықтың назарынан тыс қалып көрген жоқ. Ал бүгінгі Қазақстанға көршілес екі алпауытқа деген көзқарасы бірдей болмаған Америка бізге қандай тың саяси көзқарас танытары беймәлім. Әзірге Ақүй жақтан Қазақстан туралы жағымсыз жаңалық естімедік.

Естай Божан

«The Qazaq Times»