Кеше, 27 ақпан Lotte Group кеңесі Thaad жүйесін орнатудың нақты шешімін қабылдағандарын жариялады. Оңтүстік Корея ақпарат құралдарының хабарлауынша, қатысты тараптар келісімге қол қойып болған, жобалау және жасау құрылысы ұзамай басталмақ, 5-7 ай ішінде  Thaad жүйесін орнату құрылысы аяқталады. Бұл – Корей түбегінен маза кетті дегенді білдіреді. 

Фото: ifeng.com

Қытай IFeng.com-ның хабарына қарағанда, өткен жылы шілдеде, Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жариялап, Thaad жүйесі елдің Оңтүстік Шығысындағы, Кионсан Сеоңжу жеріне орнататындықтарын мәлімдеген болатын. Алайда, аталған орынға ядролық шабуылға қарсы жүйені орнатуға жергілікті халық және корей қоғамында күшті қарсылық туылды. Кейін, корей үкіметі өзге үш орынды атап көрсетті және соның біріне «Саад» жүйесін орнататындығын жариялаған болатын. Соңғы сараптаудан өткізу арқылы, Thaad жүйесін орнатуға Сеоңжу жері ең тиімді деген шешімдерінде қалды. Алайда, әуелгі нүктеден он неше шақырым жылжытып, сол маңдағы гольф алаңына орналастыратын болып тұрақтанды.

Фото: Possible South Korean

Оңтүстік Кореяның бұл нүктені талдауының себебі көп. Сеулден 200 шақырым қашықтықта орналасқан бұл орын, ел астанасын қорғауда аса маңызға ие. Бұдан өзге екі нақты себебі бар: бірінші, Қытайдың қарсылығын болдырмау үшін керек болды. Lotte Group болса Қытай мен Корея арасындағы сауда-экономикалық қатынастарда аса маңызды кәсіпорындардың бірі. Аталған жерде Lotte Group-тың өзі орналасқан. Сондай-ақ, Америка-Корея бірлескен армиясының базаларына жақын болудай сыртқы себептері бар. Екіншіден, Сеоңжу маңы Корей консервативтік күштерінің берік қамалы, Пак Кын Хенің  туған ауылына жақын. Консервативтік күштердің қорғауы мен Оңтүстік Корея оппозициялық күштерінің қарсылығынан сақтануға да болады.

Thaad жүйесінің орналасу орны белгілі болуы, Lotte корпорациясына түсетін қысымды көбейтті. Қазір Оңтүстік Кореяда Lotte Group пен Корей қарулы күштері арасында келіспеушілік бар. Lotte Group Кореядағы он ірі, әлемдегі 500 ірі корпорацияның бірі болып, Қытайдың жер-жерінде 50-ден аса ірі орталықтары бар. Қытайдан өзіне келетін қысымды бәсейту үшін, жауапкершілікті корей қарулы күштеріне итергенімен, корея күштері компанияның атын жамылып, саяси қысымды сейілтуге болатынын айтуда. Жапония, Ресей, Қытай, Солтүстік Кореяны шарпитын жүйе Корей түбегінің алдағы ең түйінді тақырыбы.

Әрине, Қытай үшін Thaad жүйесінің Кореяға орналасуы, қуанарлық іс емес. Солтүстік Корея ядролық мәселесі, Қытай-Солтүстік Корея, Қытай-Оңтүстік Корея, Корей түбегіндегі АҚШ-Қытай қатынастары т.т. көптеген тараптардың мүдделері үшін де назар аударатын мәселе. Қытай алғаш рет Оңтүстік-Солтүстік Корея қысымына бірдей тап болып отыр.  Thaad жүйесінің Кореяға орналасуын жақтаса өзіне және Солтүстік Кореяға тиімсіз. Солтүстік Корея болса саяси ұстаным жағынан Қытайға ең жақын, әрі көрші ел. Ал, қарсы тұрар болса, Сеул мен жасасқан ынтымақтастығы, Корей түбегінің тыныштығы, Шығыс Азия өңірлік қауіпсіздігі сынды мәселелердің ушығып кетуінен алаңдайды. Осылардың артында көмескіленіп тұрған Қытай-АҚШ қарым-қатынасы да бар. Шығыс Азия өңірлік қайшылығын шешуде Қытай беделі маңызға ие болып келді. Ал, алдағы өзіне жүктелген таңдау кезегі, осы беделіне нұқсан келтіруі де ғажап емес.

Корей түбегіндегі жағдай, осыдан бұрын, улы саңырауқұлақты өсіріп шығаратын жылыжай іспетті болды. Қазір бұл улы саңырауқұлақ өсіп шықты. Ол кез-келген уақытта пісіп жетіліп, өзінің улы тозаңын шашуға дайын тұр. Солтүстік Корея жөнінен алғанда, бұл – өздеріне тікелей жасалған қастандық. АҚШ-Оңтүстік Корея әскери бірлестігінің бұл қадамы ядролық қаруларын қозғауға бірден-бір себеп бола алады. Ал ядролық қару болса, олар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және АҚШ-пен қарым-қатынасты шешетін бірден-бір жол. «Саад» жүйесі іске қосылаудан бұрын, Оңтүстік Корея мен АҚШ-ты ядролық оқтың астынан алуы да бек мүмкін.

Фото: Hanber.Livejournal.com

Ал, Оңтүстік Корея үшін терістіктен қашан болмасын бір қауіп келеді. Корей түбегінің тыныштығына ешкім кепілдік ете алмайды. Сеулдің көзқарасында, Қытай-Солтүстік Корея қатынасы әлдеқашан бүлінген, түбек мәселесін біржақты ету тек қана Сеулдің қолында. Сондықтан қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Осындай бір-біріне аса кереғар қайшылықтар арасындағы Корей түбегі мәселесі алдағы уақытта соғыс қаупін де елестетуде.

Алайда осының бәрі Thaad жүйесінің Кореяға орналасуының түбірлі себебі емес. Thaad жүйесін Корей түбегіне орналастыру, түбектік қауіпсіздігіне тиек бола алмайды. Есесіне, түбектің тынымсыз жанжал мен ұрыс-керіс ошағына айналдырады. Бұл тек АҚШ-тың Қытайды тежеуі үшін керек жүйе. Корей түбегіне қойған АҚШ-тың қарауылы деуге болады. Жүйенің қамтитын көлемі 2000 км радиусты алып жатыр. Демек, бұл Қытайдың жиырмаға тарта провинцияларын өз ішіне алған 4000 шақырымдық диаметрдегі шеңбер деген сөз. Бұл аумаққа Жапония мен Солтүстік Корея тұтастай сыйып кетеді. Ең маңыздысы, Қытайдың 4 негізгі әскери қолбасшылық штабының үшеуін ішіне алып жатыр. Жүйе орнатылса, Қытайдың солтүстік-шығысы, солтүстігі,  шығысы, шығыс оңтүстік өңірлерінен көтерілген барлық зымырандарды тежей алады. Ресей территориясының мәлім аумағына да әсер етпек.

Қытайдың бұған қандай нақты шаралар қолданатыны әзірге анық емес. Алайда, Шығыс-Азияның өңірлік қайшылығы шарықтау шыңына шыққалы тұр. Көп тараптардың мүддесі қамтылатын бұл қайшылық, алдағы халықаралық қатынастардың жаңа бағытын тудыруы да ғажап емес. Корей түбегінде қазір дауыл алдындағы тыныштық болуда. Бір ғана оқтың бей уақыт атылуы түбекті АҚШ, Қытай, Ресей, Жапонияның араласуындағы соғыс майданына айналдыруы әбден мүмкін.

“The Qazaq Times”