Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев Парламент Мәжілісі отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабарлады.

Д. Ақышевтың сөзінше, қыркүйек және қазанда Ұлттық Банк Басқармасы «АТФ Банк» АҚ-ның, «Еуразиялық банк» АҚ-ның, «Цеснабанк» АҚ-ның және «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның бағдарламаға қатысуын мақұлдаған. Бұл бағдарламаға 410 миллиард теңге жұмсалады.

«Аталған банктер және олардың ірі акционерлері қаржылық орнықтылықты арттыру, активтердің сапасын жақсарту және жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейін төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, сондай-ақ банкті үстеме капиталдандыру бойынша жазбаша міндеттемелер ұсынды», - деді Ақышев.

Сондай-ақ, ол банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары белгіленген тәртіппен Ұлттық Банкпен келісілгеннен кейін Ұлттық Банктің еншілес ұйымы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ аталған банктердің реттелген облигацияларын сатып алатынын айтты.

Реттелген облигациялар дегеніміз - компания банкротқа ұшырған жағдайда немесе таратылған кезде басқа қарыздары мен кредиттерінің деңгейінен төмен болатын компания қарызы. Яғни реттелген облигацияларға ие тұлғалар компания банкрот болған жағдайда ондағы активтерден (акционерлерін қоспағанда) өз үлесін алады.

Бұдан бөлек Ақышев  басқа банктердің бағдарламаға қатысуға
өтінімдері банктердің қаржылық модельдерін келіскеннен кейін және банктердің басшылығы мен акционерлері Ұлттық Банктің талаптарын орындағаннан соң бас банктің қарауына шығарылатынын хабарлады.

“The Qazaq Times”