Каталония жақын күндері өз тәуелсіздігін жариялайды – деп мәлімдеді автономия басшысы Карлес Пучдемон ВВС телеарнасына берген сұхбатында.

Қазан айының 1-і күні өткен референдумнан кейін алғаш рет сұхбат берген Каталония басшысы Карлес Пучдемон: «Ел билігі осы аптаның соңында немесе келесі аптаның басында Испаниядан бөлініп шығуға байланысты тиісті қарар қабылдайтын болады. Қазіргі таңда Каталония мен ресми Мадрид арасында қарым-қатынас толықтай үзілген» - деп мәлімдеген.

Пучдемон ВВС журналисінің: «Егерде Испания Каталония билігін өз қолына күшпен алатын болса, сіз не істейсіз?» - деген сұрағына: «Бұл олардың үлкен қателігі болады. Егер ресми Мадрид осындай қадамдарға баратын болса, онда бұл қадам барлығын бұзады» - деп жауап берген.

Бұған дейін Испания королі Филипе VI Каталония билігін қатаң сынға алып: «Олар ел конституциясын бұзу арқылы заң және демократия шеңберінен шықты. Олар Испания тұтастығына нұқсан келтіру арқылы оның тәуелсіздігіне қауіп төндірді» - деп мәлімдеген болатын.

Естеріңізге салайық, Каталонияда тәуелсіздік алуға байланысты референдум қазан айының 1-і күні өткен болатын. Оған ел халқының 42 пайызы қатысып, оның 90 пайызы дербес ел болуды қолдап дауыс берген. Референдум күні Испания билігі Каталонияға ұлттық гвардия мен арнайы жасақ сарбаздарын кіргізген. Алаңға шыққан халық пен полиция арасындағы қақтығыс салдарынан 893 бейбіт тұрғын мен 33 полиция қызметкері жарақат алған болатын.

“The Qazaq Times”