3 шілде күні Қонаев қалалық сотында агросарапшы, азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай мен оның жақтасы деп танылған тағы алты адамға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Жетісу облысының ауыл шаруашылығы саласына бөлінген мемлекеттік субсидиялар төңірегіндегі бұл жолғы процесс жәбірленуші деп танылған төрт тараптың біріне қатысты өрбіп, сот залында үлкен дау тудырды. Айта кетерлігі, мұндай заңдық текетірес бұған дейін Павлодар және Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларында да орын алған болатын.
Бүгінгі процесс барысында тергеу амалдары дайындаған ресми айыптау актісінің тым шикі тұстары, заңдық сәйкессіздіктер мен қаржылық есептердегі техникалық қателіктер тағы да ортаға шықты. Салдарынан миллиондаған қаржының есебіндегі «жоғалулар» істі одан сайын шиеленістіріп жіберді.
Төрағалық етуші судья Нұрсұлтан Қойшыбаев пен мемлекеттік айыптаушы, прокурор Әлімжан Санабаевтың жүргізуінде өткен бұл отырыста Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК/СПК) өтінімдерін зерттеу барысы қаралды. Алайда, айыптау тарапы ұсынған негізгі құжаттардың сапасыздығы соттың әділ өтуіне кедергі келтіріп қана қоймай, тағылған айыптардың нақтылығына үлкен күмән ұялатып отыр.
14 СПК ма, әлде 10 ба?
Бүгінгі сот отырысындағы басты текетірес айыптау актісіндегі СПК санына қатысты басталды. Прокуратура дайындаған ресми құжатта Жетісу облысы бойынша 14 СПК көрсетілгенімен, қорғаушы тарап бұған дейін тек 10 корпорацияның аты аталғанын алға тартты.
Оның үстіне, тергеу материалдарында Алматы облысы мен Жетісу облысының Ауыл шаруашылығы басқармаларының шекаралары мен құзыреттері араласып кеткені белгілі болды. Бұл факт іс бойынша айыпталып отырған тұлғаларға тағылған шығын көлемінің нақтылығына үлкен күмән тудырады. Алдыңғы отырыста 300 млн теңгенің Жетісу облысына қатысы жоқ екені дәлелденсе, бүгінгі отырыста айыптау тарапы тағы да соған шамалас сомадан «айырылып» қалды.
«Алатау Агро» және прокуратураның «екі еселенген» цифрлары
Сот отырысы барысында «Алатау Агро» СПК-на қатысты өтінімдерді талдау кезінде өрескел қателік анықталды. Қорғаушы тарап айыптау актісінде бір ғана өтінім нөмірімен екі бөлек соманың (7 млн 777 мың және 12 млн 792 мың 500 теңге) қатар жүргенін дәлелдеп берді.
Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Арнай Азамат бұл сәйкессіздікті прокуратураның қателігі емес, жалпы сомасы 20,5 миллион теңгеден асатын бір ғана өтінімнің екі траншпен төленуі деп түсіндіруге тырысты. Дегенмен, ресми айыптау құжатындағы мұндай құқықтық сауатсыздық сот процесінің әділ өтуіне кедергі келтіретіні анық.
Айыптау актісінде жоқ 21 миллион теңге
Бүгінгі процестегі ең үлкен сенсация «Алатау Агро» СПК тарапынан еркін шағылыстыру бағытына бөлінді делінген 21 миллион 152 мың 500 теңгелік өтінімге қатысты болды. Жәбірленуші тарап бұл соманы өз шығындарына қосқанымен, мемлекеттік айыптаушы, прокурор Әлімжан Санабаев бұл соманың айыптау актісінде жалпы атымен жоқ екенін және сотталушыға мұндай айып тағылмағанын ресми түрде мәлімдеді. Алмасбек Садырбайдың адвокаты Анар Құсайынова бұл деректі айғақтар қатарынан мүлдем алып тастауды талап етті.
Субсидиялар заңды түрде берілген бе?
Процесс соңында мал басының сақталуы мен мемлекет қаржысының қайтарылуы сөз болды. Анықталғандай, тек «Жаркент Береке» СПК-сы бойынша 14,9 миллион теңгелік өтінімнің ішінен мал басының кеміп кетуіне байланысты тек 257 мың теңгесі мемлекетке қайтарылған.
Адвокат Анар Құсайынова бұдан маңызды логикалық сұрақ туындатып отыр:
«Егер қалған СПК-ларға ешқандай қайтару хабарламасы жіберілмесе және мемлекетке шығын келмесе, онда қалған миллиондаған субсидиялардың барлығы заңды негізде берілген болып шықпай ма?»
Алмасбек Садырбай: «Тергеудің шалалығы сонша — қошқар мен сиырды шағылыстырып қойған»
Сот процесінен кейін айыпталушы Алмасбек Садырбаймен тілдесуге мүмкіндік алған едік. Біз оған:
«Алмасбек мырза, сіз осының алдында „300 миллион теңге ауаға ұшып кетті“ деген едіңіз. Қазір де нақты көлемін атамасаңыз да, тағы бірнеше жүз миллион теңге туралы айтып қалдыңыз. Осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз?» – деп сұрадық.
Алмасбек Садырбай:
«Тағы да, жаңағы тергеудің жіберген қатесі — тағы да 200–300 миллион теңгенің көлеміндегі қаржы. Жетісу облысы ол қаражаттарға ешқандай қатысы жоқ екенін жәбірленушінің өзі тайға таңба басқандай айтып берді. Бұл, қайталап айтам, бұл тергеудің шала жүргізілгендігінің дәлелі.
Сол шала жүргізілгенінің дәлелі — міне, сіз сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, өткен жолы Павлодар облысының, әлгі... қошқармен сиырды ұрықтандырған ісіне әлі нүкте қойылған жоқ. 21 ай бойы біз дәлелдеп әлекпіз: қошқар сиырмен шағылыспайды!
Енді осы орайда мен Павлодар облысының әкімі Асайын мырзаға айтқым келеді: Сіздің ауыл шаруашылығы басқармаларыңыз бүгінгі күнде прокуратурадан, тергеуден қорқып, „қошқармен сиырды шағылыстырды“ деген құжаттарды мында сотқа алып келіп жатыр. Оның ешқандай қатынасы жоқ.
Мен қайтадан айтамын, мына мемлекеттік қызметкер, әкімшілік қызметкерлері тергеу мен прокуратурадан қорқады. Сұрасаң: „Жоқ, ешқандай жәбір көрген жоқпыз, ешқандай ондай құжат болған жоқ“ дейді. Сондықтан, Асайын мырза, білмеймін, мүмкін мен білмейтін шығармын мынау екі жыл бойы қамауда жатып, иә? Сіздерде сиыр мен қойды шағылыстырсаңыздар, онда солай болған шығар. Бірақ сіз ана өз басқармаңызды шақырыңызшы, разберитесь, мына жердегі істің мән-жайын қараңыз. Барлық құжат — ол қойдың әңгімесі. Сіздердің жәбір көрген жаңағы ауыл шаруашылық басқармаларыңыз бұқаны алып келіп, қыстырып қоя алмайды. Ана өтініш, талап-арыздарыңызды қайтарып алыңыздар! Сіздер жақтан үлкен қате кеткен. Сондықтан ауыл шаруашылық басқармасы қорқып, мойындамай жатыр.
Сондықтан Павлодар облысына, Павлодар облысының әкіміне Алмасбектен үлкен сәлем!» – деді.
Бүгінгі сот отырысы еліміздегі ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесінің шалағайлығын ғана емес, құқық қорғау органдарының айыптау актілерін дайындаудағы сапасыздығын да паш етті. Егер айыптау тарапының басты құжатында миллиондаған қаржы мен заңдық фактілер «екі еселеніп» немесе мүлдем жоқ болып шықса, істің әділдігіне қалай сенуге болады?
«The Qazaq Times» редакциясы соттың келесі кезеңдерін жіті бақылап отырады.

















АҚШ пен Иран келіссөзі қайта жалғаспақ: Доха кездесуі шиеленісті бәсеңдете ме?
Украина-Ресей соғысы «энергетикалық дуэльге» айналып кетті
Меморандумның күйреуі: Парсы шығанағындағы дауыл&әлемдік тәртіптің сын сағаты соғып тұр
Ормуз дағдарысы: АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім неге тез бұзылды?
Қонаевтағы сот: Адвокаты Алмасбек Садырбайға жасалған қысым туралы мәлімдеді, ал субсидия сомасы сотта «қысқарып» жатыр
Ережесіз әлем: Жаһандық ұлтшылдық пен ресурстар соғысы