Қазан айының 1-і күні Каталонияда тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткені белгілі. Ел халқының 42 пайызы қатысқан референдумда дауыс берушілердің 90 пайызы Каталонияның тәуелсіз ел атанғанын қолдайтындарын білдірген. Бірақ ресми Мадрид Каталония халқының 42 пайызы қатысқан референдум қорытындысын заңсыз деп танып, "референдумды ұйымдастырушылар Каталония тәуелсіздігін құрдымға жіберді" - деп мәлімдеген. Осыған байланысты әлем назарын өзіне аудартқан Каталония референдумына дейін және кейін бұл аймақта қандай саясат жүргізілгендігіне қысқаша тоқталатын болсақ.

Референдумға екі апта қалғанда ресми Мадрид Каталония үкіметінің бірқатар министрлерінің үйінде тінту жұмыстарын жүргізген. Жергілікті әскер мен құқық қорғау органдары референдум өткізуге қарсы шығудан бас тартқан соң, Испания билігі Каталонияға ұлттық гвардия мен арнайы жасақ сарбаздарын кіргізеді. Референдум қандай да бір халықаралық бақылаушылардың қатысуынсыз өткен. Ұйымдастырушылар бастапқыда дауыс берушілер өз дауысын электронды чиптер орнатылған карталар арқылы береді деп жоспарлаған. Алайда орталық база өз жұмысын бастамай жатып тоқтатқаннан кейін, барлығы өз дауысын ескіше бюллетен арқылы берген. Референдумның ұйымдастырылу деңгейі төмен болғаны соншалық, кез келген адамның үйдегі принтер арқылы бюллетен жасап, оны қалаған сайлау жәшігіне апарып тастай беруіне мүмкіндігі болған. Бірақ осының барлығына қарамастан жергілікті билік өкілдері "ел халқының 90,9 пайызы тәуелсіз ел болуды қолдап дауыс берді" деген мәлімдеме таратқан.

Фото: elpais.com

Бірақ көптеген испаниялық және халықаралық сарапшылар референдумның шын мәніндегі қорытындысы бұл емес деп есептейді. Олардың ойынша, Каталония билігінің ешқандай халықаралық ұйымдар мен ресми Мадридтің келісімінсіз өткізген референдумының шын мәніндегі қорытындысы -полициямен қақтығыста зардап шеккен 844 адам. Оның өзінде олардың қандай дәрежедегі дене жарақаттарын алғандығы жайында не ресми Мадрид билігі, не Каталония билігі ешбір мәлімет таратпады. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, полициямен қақтығыс кезінде бір адамның көзіне оқ тиген және бір адам инфаркт алған. Каталония автономиясының ресми өкілі Жорди Турулдің айтуынша, ел билігі референдум өткізуге  2315 сайлау учаскесін ашпақ болған. Бірақ ұлттық гвардия мен арнайы жасақ сарбаздары олардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген. Тіпті 207 сайлау учаскесін жауып тастаған.

Қазан айының 1-і күні өткен референдумда дауыс берушілердің арасында «Барселона» футбол клубының ойыншысы Жерар Пике де болған. Оның командасы дәл сол күні өз алаңында «Лас-Пальмас» командасымен ойын өткізген. Бастапқыда клуб басшылығы ойынды кейінге қалдырмақ болған. Бірақ олай істеген жағдайда техникалық жеңіліс алатындықтарын ескеріп, ойынды көрермендерсіз стадионда өткізген. Аталмыш ойынға «Лас-Пальмас» командасының ойыншылары тұтас Испанияны насихаттайтын форма киіп шыққан. Ойынан кейін «Барселона»  ФК басшылығы «Каталонияның көптеген жерлерінде ел халқының демократиялық жолмен таңдау жасауына кедергі келтірілуде» деген мәлімдеме жасаған. Ал Каталония автономиясының ресми өкілі Жорди Турул ресми Мадридті ел халқына репрессия жасауда деп айыптап: «Біз Энрик Мильо бастаған Испания үкіметінің отставкаға кетуін талап етеміз» - деп мәлімдеген. Испанияның оппозиция өкілдері де елде болып жатқан жағдайларды пайдаланып, Испания премьер-министрі Марияно Рахояның отставкаға кетуін сұрайды. Осыдан кейін ел бойынша әлеуметтік желілерде #RajoyDimision (Рахоя отставкаға кетсін) деген хештегтер лезде тереп кеткен.

Жалпы Каталония осыған дейін 2009 және 2011 жылдары Испаниядан бөлініп шығуға байланысты елде бірнеше рет референдум өткізген. Бірақ олардың барлығы нәтижесіз болған. 2014 жылы Каталония билігінің заң шеңберінде референдум өткізуіне Испания соты тыйым салған. Осыдан кейін олар елде «Сіз Каталонияның тәуелсіз мемлекет болғанын қалайсыз ба?»  деген тақырыпта әлеуметтік сауалнама өткізген. Сауалнама қорытындысы бойынша, Каталония халқының 81 пайзы «иә» деп жауап береді. 2015 жылы Каталония парламенті Испаниядан бөлініп шығуға байланысты декларация қабылдаған. Ал 2017 жылы қыркүйек айының 6-сы күні ел парламенті ресми Мадридтің келісімінсіз  қазан айының 1-і күні референдум өткізуге шешім шығарған. Ал бұл шешімнің нәтижесі қандай болғанын соңғы уақытта Каталонияда болып жатқан жағдайлар көрсетті.

“The Qazaq Times”