Мьянмадағы Рохинджа мұсылмандарының жағдайын қалт жібермей жазып жүрген ақпарат құралдарының бірі  - ВВС. Өзінің меншікті тілшісін сол өңірге жіберіп, эксклюзивті сұхбаттар мен суреттер, бейнежазбалармен бөлісіп отырған халықаралық ақпарат агенттігі "Рохинджа мұсылмандары деген кімдер?" тақырыбында бейнематериал дайындаған екен. Біз жиырма күнге жетпейтін уақыт ішінде өз үйінен жырақта қалған жандардың жанайқайын қазақ тіліне аударып, өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік. 

Рохинджа азаматының бірі өз қоғамын туған жері Мьянма мен бас сауғалау үшін паналаған Бангладештің ортасында қалған футбол добына ұқсатады.  Өйткені екі тарап та оларды өзекке теуіп отыр. Осы уақытқа дейін босқындар лагеріне келген мұсылмандардың Бирма билігінің ауылдарын өртеп, адамдарын абақтыға жапқаны, қыз-келіншектерге зорлық қылғаны туралы мәлімдемелерін шетелдік басылымдар жиі жариялады. Мына бейнематериалдағы азамат та "Біздің басымыздан өткен жағдайға Алла ғана куә" деп,  жоғарыда айтылғандарды растап отыр. Бірақ соған қарамастан, мұндағы босқындар өз туған жерлеріне қайтуды қалайды."Бангладешті бүтіндей иелігімізге берсе де, біз отанымыз Мьянмаға қайтқымыз келеді!", - дейді бейнежазбадағы рохинджалық азамат. 

Соңғы деректер бойынша Банглдештегі босқындар лагеріне жеткен мұсылмандардың саны - 294 мың. Бирма билігі мұсылмандарға қатысты жасалған әрекеттер мен өздеріне тағылған айыптауларды жоққа шығарды.

“The Qazaq Times”