Филлипиндік жасөспірім Киан Лойд де Сантос ел Президенті Родриго Дутертенің бастамасымен 14 айдан бері жүргізіліп келе жатқан "есірткіге қарсы соғыстың" құрбаны болды. Кезекті рейд кезінде полиция қызметкерлері жазықсыз жігітті басынан атып, қараусыз қалған өзен жағасына қалдырып кеткен. Бұл туралы Reuters ақпараттық агенттігі жазды.
Өткен аптада болған оқиға бүкіл Филлипинде, Родриго Дутертенің есірткіге қатысы бар деген күдіктілерді соттың шешімінсіз, қолға түскен жерінде қарсылық білдіргені үшін өлтіруге рұқсат беретін саясатына наразылық тудырды. 14 айдың ішінде мыңдаған адам сотсыз өлтірілген. Мемлекет басшысы мұндай қатаң жаза Филлипинді нашақорлық пен есірткі саудасынан арылтады деп сенгенімен, бұл саясат әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен сынға ұшырады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Киан Лойд де Сантос офицерлерді көрген бойда, олардың үстінен оқ жаудырған. Өздерін қорғау мақсатында қарсы атылған оқтың бірі жас жігіттің басына тиіп, ол оқиға орнында мерт болған. Құқық қорғау қызметкерлері жас баланың нашақор болғанына сенімді.
Ал кешкісін болған оқиғаға сырттай куә болған азаматтар офицерлер дүкеннің жанында тұрған жеткіншекке өздері барып, оны соққыға жыққанын айтады. Онан соң, де Сантосты сүйрелеп, қараңғы қоқыс орнына алып кеткен. Мұны көрген мектеп оқушысы олардың соңынан еруге қорыққанын айтып, Reuters агенттігі журналистерінен атын жасырып қалуды сұраған. Жергілікті тұрғындар "есірткіге қарсы соғыс" жаппай репрессияға айналып бара жатқанынан қауіптенеді. Олар де Сантостың қару не наша сатып алуға мүмкіндігі болмағанын, оның өте кедей тұрғанын айтады. Жасөспірімді танитындардың пікірінше, ол өскенде полиция қызметкері болуды армандайтын, әзілдеуді ұнататын, жақсы бала болған.
Қазір халық белсенділері мен Прокуратура, жергілікті халық мемлекеттен жас баланы еш себепсіз жер жастандырған полиция қызметкерлерін жазалауды сұрап, сотқа шағымданып отыр. Сот процесінің қай тараптың пайдасына шешілетіні әлі белгісіз.