АҚШ Президенті Дональд Трамп Филиппиннің мемлекет басшысы Родриго Дутертемен қарым-қатынасы өте жақсы деңгейде екенін жеткізді. Мұндай мәлімдеме олардың Манила қаласында болған кездесулерінен кейін жасалды. Осыған дейін АҚШ Филлипиндегі нашақорларды соттың шешімінсіз өлтіру саясатын айыптаған болатын. Родриго Дутертенің адам құқықтарына қайшы келетін шаралары туралы сын пікір білдіріп келген Дональд Трамптың ойы аяқ астынан неге өзгергені белгісіз.
АҚШ-тың Дональд Трамптан алдыңғы басшылығы да 4 мыңға жуық адамның өліміне себепкер болған Родриго Дутертенің есірткіге қарсы соғыс саясатын қолдамаған болатын. Дональд Трамп пен Родриго Дутертенің Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінің Asean саммитіндегі алғашқы кездесуі кезінде де қос ел басшысы бір-біріне қарсы пікір білдірген салқын көзқарастарымен есте қалған еді.
Соңғы кездесуден кейін Дональд Трамп адам құқықтарының қорғалуын талап ететін бастамасы туралы журналистердің сұрағына жауап берген жоқ. Ал Родриго Дутертенің баспасөз хатшысы кездесу барысында бұл тақырыпта әңгіме қозғалмағанын айтты. Ақ үйдің баспасөз қызметінің өкілі Сара Сандерс кейіннен Дональд Трамп адам құқықтары туралы ой қосқанын, бірақ қысқа қайырғанын хабарлады.
2016 жылдан бері Филлипинді нашақорлықтан толықтай тазарту мақсатында, қолға түсіп, қарсылық білдірген күдікті азаматтарды оқиға орнында соттың шешімінсіз бірден өлтіруге рұқсат беретін Дутерте саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан қатаң сынға ұшыраған.
Саммит қатысушыларына арналған кешкі ас барысында сахнаға шығып, филлипиндік махаббат туралы ән шырқаған Родриго Дутерте бұл өнері АҚШ-тың әскер басшысының тапсырысымен орындалғанын жеткізді. Дәл осы уақытта Манила көшелерінде Дональд Трамптың Филлипинге келуіне байланысты наразылық шерулері болып өтті. "Трамп үйіңе қайт!" деген ұрандағы плакаттармен көшеге шыққан халықты полиция күштеп таратты.
Дональд Трамп Филлипиндегі саммитке қатысуы арқылы өзінің Азия елдеріне бағытталған ресми сапарын аяқтады. Осыған дейін Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Вьетнамда болған АҚШ басшысы бірқатар маңызды өңірлік және әлемдік мәселелерді талқылады.