Филлипиндегі есірткіге қарсы күрес агенттігінің жаңа басшысы нашақорларда жазалау заң жүзінде ғана жүзеге асатынын жеткізді. 2016 жылдан бері мемлекет басшысы Родриго Дутертенің бастамасымен есірткімен байланысы бар деген күдікпен қолға түскендердің басым көпшілігі полицияға қарсылық көрсету барысында оқиға орнында соттың шешімінсіз атылған болатын. Жаңа басшы полицияның жұмысына жаңашылдықтар енгізіп, әлем тарапынан көп сынға ұшыраған қатаң жазалау шарасын адам құқықтары жөніндегі заңдарды бұзбай орындауға ынталы екендігін білдірді.
Агенттік басшысының айтуынша, тамыз айынан бері жүргізілген 1 341 операция кезінде небәрі бір адам ғана қаза тапқан. Осы жылдың қазан айында Родриго Дутерте нашақорлықпен байланысты қылмыстарды зерттеу қызметін полициядан алып, бұл құзыретті Филлипиннің есірткіге қарсы күрес агенттігіне жүктеген болатын. Бұл жазықсыз азаматтардың өлімі жиілегеніне байланысты халық пен адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар тарапынан заңсыз ату шараларын доғару туралы талаптардың күшеюіне алып келді. Филлипин полициясы мен Үкімет қаза тапқандардың барлығы есірткімен байланысы бар және қолға түсіру барысында полицияға айқын қарсылық көрсеткен азаматтар болғанын айтады.
Есірткіге қарсы күрес агенттігі өткен айда 400 адамды тұтқындап, құны 1 млн фунт стерлинг болатын ақ ұнтақты қолға түсірген. Агенттік басшысы халықтың наразылығына қарамастан, нашақорлықпен байланысты қылмыстармен жұмыс істеу құқығы полицияға қайта берілгенін қалайтынын жасырмады. Өйткені агенттікте небәрі 2 мың адам жұмыс істейді. Оның кадрлық және бюджеттік мүмкіндіктері сапында 165 мың қызметкері бар полиция бөлімшелерінен әлдеқайда төмен. Филлипиннің Президенті Родриго Дутерте егер алты айдың ішінде есірткімен байланысты қылмыстар төмендемесе, бұл құзыретті полицияға қайта тапсыратынын айтқан болатын.