2017 жылғы 15 маусымда "Қазақстан Халық Банкі" АҚ "Қазкоммерцбанк" АҚ-ның 96.81% жай акцияларын сатып алу-сату бойынша мәмілені аяқтады. Бұл акциялардың 86.09%-ы бизнесмен Кеңес Рақышевқа, 10.72%-ы "Самұрық-Қазына" АҚ Ұлттық Әл-ауқат Қорына тиесілі болған.
Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәміле алдын ала бірқатар шарттар орындалғаннан кейін аяқталған. Орындалған шарттар мыналар:
• Халық банк және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (ары қарай – Ұлттық банк) тарапынан кешенді тексерістің жүргізілуінің аяқталуы;
• Нұржан Субханбердин және Орталық-Азия Инвестициялық Компаниясы иелік ететін Қазкоммерцбанк АҚ акциялар пакетін Рақышевтың сатып алуы;
• Қазкоммерцбанк алдындағы БТА Банк қарызының толық өтелуі;
• Қазақстандағы тиісті реттеуші органдар және белгілі бір басқа да құзіретті орындардан стандартты реттеуші мақұлдамасын алуы;
• 2014 жылғы келісім бойынша Қазкоммерцбанк АҚ "Самұрық-Қазына" АҚ алдындағы БТА АҚ акциялары үшін 41 млрд теңге қарызын өтеуі.
Осыған дейін хабарлағандай, ҚР Ұлттық банкі келісімімен Халық банк Казкоммерцбанктің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін салыстыруға болатын қазақстандық банктер ұстанатын мәндерге сай келтіру үшін Казкоммерцбанкті 185 млрд теңгеге қосымша капиталдандыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова ІТ-технология саласын дамытуды жалғастырып, клиенттерді кредиттеуді қайта бастап және Казкоммерцбанктің кәсіби кадрларын сақтап қалуға, клиенттік сервистің сапасын жақсартуға бар күш-жігерді салатынын атап өтті.