Журналистердің мемлекеттік органдарға ақпарат алу мақсатында жолдаған сұрауларын жауапсыз қалдырған қызметкерлерге енді қатаң жаза қолданылатын болады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар еңгізу туралы» заң жобасының талқылауында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Осы уақытқа дейін БАҚ өкілдері тарапынан ресми органдарға жіберілген сауалдар мен хаттардың жауап мерзімі кешігіп, сапасыз түрде келетіндігі не мүлде жауапсыз қалатындығы туралы сындар жиі айтылып келген. Министрдің пайымдауынша, жаңа норма мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестікті нығайтады.

«Барлық мемлекеттік органдарда баспасөзбен байланысқа жауапты арнайы қызметкер болады. Оның міндеті - бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жолдаған сауалдарға толық, уақытылы әрі сапалы жауап беру. Қазір журналистердің 90 пайызға жуығы ресми органдардан 3 күн ішінде келетін жауаптардың сапасына наразылық білдіреді. Осыған байланысты арнайы сұрауларға жауап беру мерзімі 15 күнге дейін ұзартылады», - деді министр.

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2016 жылы ғаламтор қолданушыларының талқылануына салынған заң жобасымен жұмыс толық ашықтық және жариялылық жағдайында жасалған. Белгілі үкіметтік емес ұйымдар, журналистер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен Парламент депутаттары енген жұмыс тобы осы уақытқа дейін келіп түскен 200-ден астам ұсыныстың 70% жуығын ескеріп, құжатқа қосқан.

“The Qazaq Times”