ОПЕК елдерінің мұнай экспортынан түсетін жалпы табысы 2016 жылы 13,2%-ға қысқарған. Ұйымға мүше елдердегі мұнайдың төменгі көрсеткіші соңғы рет 2005 жылы тіркелген.
Яғни 2016 жылы экспорттан түскен пайда 445,7 млрд долларға дейін қысқарған. Ал 2015 жылы экспорт табысы 513,4 млрд долларды құрады. Мұндай мәлімет картельдің жыл сайын жарияланатын статистикалық шолуында айтылған.
ОПЕК елдері ең мол табысқа 2012 жылы жетіп, 1,2 трлн долларды құрады.
2016 жылдың қорытындысы бойынша ОПЕК елдері арасында мұнай экспорты бойынша кірісін көбейткен мелмекет әзірге Иран ғана. Көрсеткіш 1,5 есеге өсіп, 41,1 млрд долларды құрады.
Ал физикалық тұрғыдан алғанда 2016 жылы ОПЕК елдерінің экспорты 6,5%-ға өсті және тәулігіне 25 млн баррельді құрады.
Айта кетейік, 2016 жылдың қараша айының соңында ОПЕК пен оған мүше емес елдер арасында тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін жарты жылға қысқарту туралы шешім қабылдаған. Ал осы жылдың мамыр айының 25-інде картель мен оған мүше емес елдер бұл шешім мерзімін тағы 9 айға ұзартты.
Ал Қазақстан тарапы ОПЕК пен оған мүше емес елдердің мұнай көлемін қысқарту мерзімін ұзарту туралы шешімін қолдайтынын айтқан. Бұл бағаның қалыпты деңгейін сақтау үшін қажет деп мәлімдеді министрлікте.
Десек те бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын еместігін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, Қазақстанның қара алтын көлемін қысқартуы келісім аясында болады. Алайда шикізат өндірісін енді дамытып жатқан Қашаған сияқты кен орнының да мүмкіндіктері ескерілу қажет.