Уақыт көшінде артта қалған тағы бір қыс мезгілі жеңіл өткен жоқ. 88 мыңдай адам (КВИ+ 81 мың, КВИ 7 мыңға жуық) ауырып, дертінен айыға алмаған 884 адам (КВИ+ 700, КВИ- 184) көз жұмды. Көктемнің алғашқы күні коронавирус жұққан 658 адам, ал ақпанның ақырғы тәулігінде коронавирус пневмониясына шалдыққан 13 адам тіркелді. Қазір елде 19,5 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 535, U07.2 немесе КВИ- бойынша 6159) ауырып жатыр.

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Алматы қаласы (102), Ақмола (78), Павлодар (77), астана (65), Қостанай (62)  өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 893 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге жексенбіде жиыны 8 адам: Павлодар (4), БҚО (2), Алматы (1) облыстары мен Алматы қаласында (1) қайтыс болған.

Кейінгі жарты айда Алматы вирус жұққандар саны жағынан өңірлер арасында алғашқы қатарлардан көрінді. Дегенмен қаладағы эпиджағдай «жасыл деңгейде» деп санайтын бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 13 ақпан карантин шарасын жеңілдедетін жаңа қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түн жарымға дейін, базар-сауда орындары апта бойы, сауна-бассейн және санаторийлерге, бильярд, боулинг, ойынханаларға, аймақтар арасында қатынайтын автобустарға жұмыс істеуге рұқсат етілді.

#U07.2  Жексенбі күні, яғни ақпанның 28-і коронавирус пневмониясына жататын 13 науқас және 3 өлім жағдайы тіркелген.

Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – әдеттегідей Жамбыл (5), Қостанай (3), Ақтөбе (2) облыстарына тиесілі. Сонымен қоса, Алматы және Шымкент қалаларында, Павлодар облысында бір-бір адамнан көз жұмған. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 213-ке артты. 

#Жалпы  Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында тәулігіне ұдайы мың шақты жағдай анықталса, кейінгі кезде қайта біршама кеміген. Сонда да көрсеткіш тұрақсыз. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен бейсенбі 909, жұма 864, сенбі 801, айдың соңғы күні 635 науқас анықталған.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 19 694 науқастың 4360-ы ауруханада, 15 334-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 250 науқастың жағдайы қиын, ондағы 48 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 44 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Жалпы өткен қыста 88 мыңға тарта, жаңа жыл басталғалы Қазақстанда 61 мыңнан аса адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Елде қаңтар айының екінші мен ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген.

Әзірге вирус таралу қатері жағынан БҚО, Ақмола, Палодар, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.

Осыған дейін ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз.

(!) Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.

Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 214 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 263 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Өткен қыста редакция президент Тоқаев бірнеше рет сынаса да өзгере қоймаған ресми статистикадағы кемшіліктерді түзетуге мұрындық болды. Минитсрлік өкілдері және есеп жүргізуші мамандарымен апталап айтысуға тура келді.

Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген.

Министрлік редакция талабынан кейін статистикадағы кемшілікті мойындап, 26 желтоқсаннан бері ресми хабарламада пневмонияның бір тәулікке кешігіп жарияланатынын растап мерзімін көрсететін болды. 2 ақпаннан коронавирус пневмониясы анықталған науқастардың аймақтардағы көрсеткіші қоса күнделікті беріле бастады. Ал ақпанның 18-і коронавирус пен оның пневмониясынан қайтыс болғандардың есебін күн сайын жариялауға көшті. Бірақ соңғы статистикада мерзім жағынан қайшылық байқалды. Редакция мұны да министрлікке бірнеше мәрте ескертуге мәжбүр болды. Осылайша КВИ+ пен КВИ- дигнозынан көз жұмғандардың тіркелген күні ертеңіне емес, бір күннен кейін жарияланып келгені белгілі болды. Қате дегеніміз – ақпарат құралдары күнделікті статистиканың нақты болмауынан коронавирустан қайтқандарды өткен күнге теліп хабарлауға мәжбүр болған. 26 ақпан осы уақытқа дейін коронавирустың расталған түрінен «өткен күні» қайтыс болды делінген қате ақпарат түзетіліп,  «алдыңғы тәулік» ретінде көрсетіле бастады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан Үкіметі тек ПТР арқылы расталған деректерді уақытылы жариялайды, ал қалған негізгі көрсеткіштер (яғни, пневмонияға шалдыққандар, коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған адамдар саны – QT) бір тәулікке кешігіп беріледі. Бұған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің жетілмеуі себеп.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4461-і (КВИ+ / U07.1 – 2772, КВИ- / U07.2 – 628, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.

"The Qazaq Times"