Тәуелсіздік күні қарсаңында демократияға жол ашатын саяси реформаның жаңа топтамасын осы айда жариялайтынын сүйіншілеген Тоқаев бұл жолғы мақаласында мұны бір жылдың шаруасы емес дейді.
Кейінгі кезде «қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келе жатқанын» байқаған Тоқаев бүгін билік басылымында жаңа мақала жариялады. Жыл басындағы мәлімдемесінде президенттің реформалау туралы пікірі өткендегіге қарағанда екіұшты.
«Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн», – дейді.
Осының алғашқы қадамы ретінде ауыл мен кент әкімдерін сайлауды ұсынады. Осылайша ең төменгі деңгейден бастап «жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз», кейіннен аудан әкімдерін «сайлаймыз» дейді де артынан бұған күманданады. Егер «жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз» дейді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі тәрізді бастамаларын азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады деп санайды. Тоқаевтың сөзіне қарағанда, бұл тосыннан қабылданған мәжбүрлі шаралар емес, «елді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі».
Даңғазалық, асығыстық, жалаң ұран туралы сынай сөйлейтін президент сөзінде халық қолына шоқ ұстаған баланың кейпінде сипатталатындай. Жоғарыда аталған теріс ғадеттер бейне бір тек азаматтарға ғана тән тәрізді. Пандемияны еңсеруге бөлінген қаржыны да тонай беретін, қағаздағы есебі мен іс жүзіндегі қауқары қайшы болып шыққан, «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған атқарушы билікті ширатуға бір тал шыбық табылмайды.
«Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық», – дейді ол.
Тоқаев бүгінгі жағдайда Қазақстанның саяси жүйесі «заман талабына сай дамып келеді» деп бағалайды.
Бұған дейін ол Тәуелсіздік күніне арналған мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде «2021 жылдың басында жарияланатын саяси реформалардың жаңа жиынтығы дайындалып жатқанын» айтқан.
Ол «елді саяси тұрғыдан жаңғыртуға мүдделі» екенін жеткізіп, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидатын дамытуға бағытталған еліміздегі демократиялық өзгерістерге жаңа серпін береді деп сендіруге тырысқан.
Тіпті Тоқаев көктемгі карантин кезінде асығыс-шалажансар қабылданған сайлау, митингтер және партия құру туралы заңдардағы өзгерістерді «саяси реформалардың алғашқы легі» ретінде атаған еді.
Бүгінгі мақалада сөз болған он шақты ұсыныс – былтырдан бері айтылған «саяси реформалардың жаңа топтамасы» ма еді деген сауал туады. Егер олай болса, онда азаматтық қоғамның үміті ақталмағаны дейді құқық қорғаушылар.
Былтыр қаңтарда «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және коронавирус дерті күрт өршіген кезде экс-президент Назарбаевтың туған күніне орай «Тарихи тұлға тағылымы» атты арнау мақалалары жарияланған. Биыл сайлау қарсаңында әдеттегідей «Егемен Қазақстан» мемлекеттік газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыпта үшінші мақаласы басылды.