Ғалымдар күніне 800 грамм жеміс-жидек пен көкөністерді қабылдау адамның өмір жасын ұзартатынын дәлелдеп шықты
Әр күнде 80 граммнан 10 мәрте көкөніс пен жеміс-жидекпен қоректену адамның өмір жасын едәуір ұзартуға ықпалын тигізеді.
Лондондағы Imperial college ғалымдарының есебінше, ұсынылған әдіс бойынша тамақтану 7,8 млн-ға жуық мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін.
Бір реттік 80 грамм, бұл небәрі бір тал банан, алмұрт немесе үш қасық бұршақ. Бұл күнделікті тұрмыста қолданылатын және кең тараған жеміс, көкөніс түрлері. Ал оларды мүмкіндігінше көп пайдаланса, сәйкесінше ағзаға пайдасы да арта бермек, бұл туралы bbc.com хабарлады.
200 грамм көкөніс пен жемісті пайдалану
Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім деңгейін 13 % - ға
Қатерлі ісік ауруларына шалдығу деңгейін 4 % - ға
Мезгілсіз өлім деңгейін 15% ға
800 грамм көкөніс пен жемісті пайдалану
Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім деңгейін 28 % - ға
Қатерлі ісік ауруларына шалдығу деңгейін 13 % - ға
Мезгілсіз өлім деңгейін 31% ға төмендетеді.
Бұл нәтижелер 22 миллион адамның қатысуымен ұзақ уақыт жүргізілген 95 түрлі сараптамалық зерттеу нәтижелері бойынша алынып отыр. Ал толыққанды зерттеу нәтижелері International Journal of Epidemiology басылымында жарияланған. Осыған дейін ғалымдар түрлі аурулардың пайда болу қатерін төмендететін көкөністер мен жемістерді анықтаған болатын. Мысалы, жасыл және сары түсті көкөністер: саумалдық, бұрыш және де шаршыгүлді өсімдіктерді, оның ішінде түсті қырыққабатты пайдалану қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу үшін алма, алмұрт, цитрусты жемістерді көптеп пайдаланып, крестгүлді өсімдіктерден түрлі салаттарды дайындап жеген пайдалы.
Сонымен қатар, көкөніс пен жемістерді күнделікті пайдалану ағзадағы холестерин деңгейін төмендетіп, қан қысымын қалыпты нормада ұстап, қан айналым жүйелерін ретке келтіріп және де иммундық жүйені жақсартуға ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кем дегенде тәулігіне бес мәрте (400 грамм шамасында) кез-келген, тіпті мұздатылған, көкөніс пен жемістерді қабылдауға кеңес береді. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, жоғарыда айтылған кеңестер бойынша тамақтануға кез-келген адамның материалдық мүмкіндігі жете бермейді.
Гауһар Жақыпбай
«The Qazaq Times»