Шенділер байтағын «асырап» отыр деп жалдан босатқысы келмейтін Байқоңырда тағы шу шықты. Бұл жолы өңір тұрғындары 31 арнаға өздерінің ресейлік полицейлерден жәбір көргендерін ашынып айтты.
Нақтырақ айтқанда, Қазақстан «Жастар жылы», «жастарды қолдаймыз, қорғаймыз» деп күбініп-күмпиісіп той бастағанда, Аралдың арқа тұсындағы Байқоңырда Жолдыбай үкіметінің жонды полицейлері қазақ жастарын тағы да ашық сабады.
Мұны «тағы да» деп тарқатқанымыз да, жергілікті халықтың уәжінен еді. Олардың айтуынша, соңғы уақытта мұндай оқиға жиі қайталана бастаған. Жергілікті жұрт «бейбіт күнде көшеге шығудан қалдық» дейді.
Мәселен, мұндай «жазаға» Жасұлан Қожантаев есімді байқоңырлық жігіт іліккен. Оның айтуынша, достарымен бірге кешкі уақытта қыдырып жүреді. Осы кезде полицейлер оны мен жанындағы жолдастарын еш себепсіз аяусыз тепкіге төсейді. Тіпті, бетінде тәртіп сақшыларының таяғынан үлкен ісік те қалып отыр.
Ол – ол ма, Жасұланның анасының айтуынша, Олар ұлына аталған оқиғаға байланысты ақпарат тарамауы үшін құқай да көрсетіпті. Ал ауыр соққыдан соң жарақат алған Жасұлан бүгінде ауруханада жатыр.
«Ұрып-соғып ішке апарғаннан кейін: «Біз сені таңға дейін ұрып-соғамыз немесе осы жерден шығып, жай ғана құлап қалғаныңды айтасың», – деп айтқан», – дейді анасы Айзада Қожантаева.
«Құлап қалу» демекші, осы оқиғамен тұспа-тұс соққының астында қалған тағы бір азамат – Мәулен Сайлаубаев. Бұл азаматты да тепкіге көміп берген Байқоңырдағы полицейлер. Оның сөзінше, бет-аузын тұмшалаған тәртіп сақшылары жұмыста жүрген жерінен алып кеткен:
«Наркологиялық посттың алдында көліктің бір жағына тығып ұрды. Жерге жатқызып ұрды», – дейді Мәулен Сайлаубаев.
Осылайша, тәуелсіз отанда айдың-күннің аманында таяқ жеген азаматтың намысы бір күйсе, көзінің қарашығын көлденең жұрттың көгала қойдай ғып сабағанына Мәуленнің Анасының намысы екі күйіп отыр.
«Неге осындай іске жол беріліп отыр? Неге біз, Қазақстан азаматтары, өз елімізде, өз жерімізде отырып, зардап шегеміз? Неге балалар осылай зардап шегеді?» – дейді жәбірленген жігіттің анасы Ғазиза Тәжібаева.
Ал президенттің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Қожаниязов бүгінде осы жағдайдың мән-жайы анықталып жатқанын айта келіп, бұл оқиғаны орыстардың шоқыну мерекесімен байланыстырады:
«18-19 қаңтарда орыстарда шоқыну мерекесі болды ғой. Соған байланысты тәртіп күшейтілген. Құжаттарды сұраған кезде араларында текетірес болған», – дейді ол.
Байқоңырдағы бассыздық бұл ғанама еді?