БҰҰ Бангладештің Рохинджа мұсылмандарына пана болып отырған босқындар лагеріне шұғыл гуманитарлық көмек қажет екенін хабарлады. Мьянмадағы қантөгістен бас сауғалап келген 436 мың мұсылман өте ауыр жағдайда қалып отыр. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
БҰҰ-ның босқындарға жауапты қызметкері Филлиппо Гранди мұсылмандарға тамақ, алғашқы медициналық көмек, таза ауыз су, баспана, киім сынды барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін заттар керек екенін айтады. "Жергілікті халық тарапынан өте үлкен көмек болды, ендігі кезекте халықаралық қолдау шарасын ұйымдастыру керек", -деді ол.
Бірнеше күннен бері Бангладешке келген босқындардың биометрикалық деректерін қағазға түсіріп, оларды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Филлиппо Гранди қазір Мьянмадан ағылған босқындардың саны азайғанын, бірақ алдағы уақытта тағы қанша адам лагерьдегілердің қатарына қосылатынын болжау қиын екенін айтады. Ол сондай-ақ, шекарада рохинджалық мұсылмандарды тіркеп, оларға "босқын" статусын беру қызметін оңтайлы ұйымдастыру керектігін алға тартты.
Рохинджа мұсылмандары өз отандарына оралғысы келетінін жасырмайды. Бангладештің қауіпсіздік қызметі де босқындардың Бирмаға қайтқанын қалайтындықтарын айтады. Бангладештің жағалауында босқындардан бөлек, 700 мыңға жуық рохинджалық мұсылман мекендейді. Олардың көбінің құжаты болмағандықтан, бұл елде "заңсыз мигранттар" саналады.
Мьянма билігінің өкілі Аус Сан Су Чжи өткен аптада Бирмадан қоныс аударған мұсылмандарға оралуға рұқсат берілетінін айтқан болатын. Күні кеше UNISEF Еуропадан жолданған су тазартатын дәрі, санитарлық заттар мен өзге де қажеттіліктерден тұратын 100 тонналық көмек Бангладешке жеткізілгенін хабарлады.