Мьянмадағы билік өкілдерінің жергілікті Рохинджа мұсылмандарына қарсы ұйымдастырған геноцидтен бас сауғалаған мыңдаған азамат Бангладеш жағалауындағы босқындар лагеріне күн сайын толыссыз ағылып жатыр. Бұл туралы "Әл-Жазира" ақпараттық агенттігі жазды.

БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің қызметкері Вивиан Танның айтуынша,  Рохинджа мұсылмандарына қарсы жаппай зорлық-зомбылық актілері басталған 25 тамыздан бері он күннің ішінде  өмірін сақтап қалу үшін Бангладешті паналағандардың саны 73 мыңға жеткен.

Бангладештің босқындарға арналған лагерьлері лық толы. Вивиан Тан Мьянмадан өмірін құтқарып қалу мақсатында мұнда келіп жатқан мұсылмандардың жағдайлары ауыр екенін айтады. "Олардың көбі бірнеше күн қатарынан ас ішпеген. Жараланғандар мен шұғыл медициналық көмекті қажет ететін адамдар көп", - дейді ол.

Мьянманың билік өкілдері "Араканды құтқару армиясы" атанған Рохинджа мұсылмандары жергілікті буддистерге қарсы күш қолдану әрекетін бірінші бастағанын алға тартып отырғанымен, жаппай қырып-жоюдан шекара асып, қашып құтылған босқындар Бирма басшылығының негізгі мақсаты - мұсылмандарды елден қуу екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың тамыз айында Мьянмадағы Аракан аймағын мекендейтін Рохинджа мұсылмандарының ауылдарын өртеп, адамдарын жаппай қырып-жою әрекеттері болған болатын. Қазір де жалғасып жатқан аяусыз геноцидке қарсы БҰҰ әлі ешқандай шара қолданбай отыр. Әртүрлі басылымдардың хабарлауынша, құрбан болған бейбіт тұрғындардың саны 400-ге жуықтаған. Мьянмаға ешқандай құқық қорғау ұйымдары мен журналистерді кіргізбей отырғандықтан, нақты ресми деректер жоқ. 2012 жылы дәл осындай мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылық оқиғасы болған кезде, 43 рохинджалық көз жұмған еді.

“The Qazaq Times”