Осы аптаның ең басты халықаралық жаңалықтары, АҚШ пен Куба арасындағы жаңа дипломатиялық дағдарыстың қалыптасуымен басталды. Өткен аптаның соңында, 17 қыркүйек күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Кубада тұратын АҚШ Бас елшілігінің шабуылға ұшырағаны себепті, Уашингтон тарабы Кубадағы АҚШ елшілігін жауып тастауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Айта кетейік, өткен аптаның соңында Кубадағы АҚШ елшілігі шабуылға ұшырап, кем дегенде 21 адамның жарақат алғаны туралы хабарланған. АҚШ жақ Кубада туратын канадалық дипломаттардың да шабуылға ұшырағанын алға тартты.
АҚШ-тың әскери ұшақтары Корей түбегі кеңістігінде ұшты.
АҚШ Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынағына жауап ретінде, Оңтүстік Корея және Жапониямен бірлескен, әскери әуе күштерінің жаттығуын өткізді. Оған АҚШ өзінің озық әуе кемелерін – екі B-1B жауынгерлік ұшағы мен екі F-35 жойғыш ұшақтарын қатыстырды. Бұл реткі жаттығудың басты ерекшелігі – әуе күштері әуе шабуылдарынан қорғануға емес, керісінше зымыран нысандарын жойып жіберуге жаттығу болды.
Иран АҚШ-ты 2015 жылғы ядролық келісімін бұзды деп айыптады.
Еуропада өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық форумында Иранның вице-президенті Салехи «АҚШ 2015 жылы жасасқан ядролық келісімді бұзды» деп айыптады. АҚШ президенті Трамп Иранның аталған келісімді толықтай орындағанынан сенімсіз екенін айтып, әлемдік қауымдастықтан Иранға жасалатын санкцияларды қалпына келтіруге тырысқан. Алайда, Иран жақ өздерінің келісімді толығымен ақтап шыққанын, керісінше бұл талаптарымен АҚШ үкіметінің келісімді бұзып отырғанын айыптады. Иран вице-президентінің бұл айыптауы, БҰҰ Бас Ассамблеясында әлем басшыларының бас қосуына бір күн бұрын жарияланғандықтан, әлем елдері екі ел арасындағы шиеленістің қайта өршуінен алаңдаған еді.
АҚШ президенті БҰҰ мәжілісінде сөйлеген сөзі әлем басшыларын алаңдатты
Трамп БҰҰ мәжілісінде сөз сөйлеп, Солтүстік Корея, Иран қатарлы елдерді қатаң айыптады. Ол сөзінде Солтүстік Кореяның әлемге ядролық қауіп төндіргенін айтып, егер АҚШ пен оның одақтастарына қатер төндірсе, АҚШ Солтүстік Кореяны толығымен жойып жіберетінін айтты. Трамп сөзінен кейін өзге елдер басшылары бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесінен алаңдап отырғандарын жеткізді. Трамп сөзін бір ел қолдаса екінші ол қарсы пікір жолдады.
Ресей мен Қытай алғаш рет әскери одақтастыққа қадам қойды.
Ресей мен Қытайдың әуе және теңіз күштері Тынық мұхитта бірлескен әскери оқу жаттығуын өткізді. Осыған дейін екі елдің бірлескен жаттығуларының арасында бұл ең көлемдісі болып саналады. Бұл Солтүстік-Шығыс Азия дағдарысында екі елдің ортақ қадамын әйгіледі. Өңір қайшылығындағы өзге тараптар екі елдің бірлескен әскери жаттығуын Ресей-Қытай арасындағы әскери одақтың қалыптасуының бастамасы деп бағалады.
АҚШ қорғаныс бюджетін тағы арттырды
АҚШ Сенаты сол елдің қорғанысқа бөлетін қаражатын арттыру ісін мақұлдап бекітті. Соның нәтижесінде Пентагонның мемлекет бюджетінен алатын қаржысы 640 млрд АҚШ долларынан 690 млрд долларға дейін көбейді. Құрама Штаттың қорғанысқа бөлген қаржысы өзге елдерді алаңдатты. Айта кетейік, бұл елдің қорғаныс бюджеті өзінен кейінгі сегіз елдің қорғаныс қаражатынан да асып түседі. 700 млрд долларға жуық қаражаттың ішінде АҚШ-тың Сүрия, Ауғанстан және Ирактағы қарулы күштеріне беретін ақшасы 6 млрд доллар деп көрсетілген.
Күрдтер Ирак үкіметінің қарсылығына қарамастан референдум өткізбек, алайда Бағдат билігі жетерлік қарсы тұрмады.
Өткен апта соңында Ирак күрдтерінің тәуелсіздік референдумы Ирактың ең жоғары соты жағынан заңсыз деп табылып, тоқтатуға бұйрық берген. Алайда, Күрд Автономиясы Бағдат билігіне қарамастан референдумды жалғастыратынын білдірді. Ирактағы күрдтердің тәуелсіздік алуына көршілес Түркия, Иран және Еуропа Одағы мен АҚШ-та қарсылық білдірген еді. Дегенмен, барлық тараптың қарсылығы жетерлік дәрежеде болған жоқ. Ирак үкіметінің салғырттық танытуынынң себебі ретінде шетел сарапшылар: Ирак үкіметі күрдтердің түбі тәуелсіздік алатынын біледі, сондықтан олардың референдумына қатты қарсылық білдіріп, күшті дайындықтан өткен күрд армиясының қозғағысы келмейді деді.
АҚШ пен Иран дауында ЕО Иранды жақтады
АҚШ үкіметінің Иран 2015 жылғы келісімді толық орындамады деген уәжіне, Еуропалық Одақ қисынсыз екенін айтып қарсы пікір білдірді. Еуропа Одағы келісімнің Иран жағынан толықтай жүзеге асқанын растады. Келісімнің орындалуына жауапты Бірлескен Комитет те Иран жағына шығып отыр.
Ким Жоң Ун Трампқа жауап қайтарды
Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун сол елдің Орталық Ақпарат Агенттігі арқылы Трамптың сейсенбі күні БҰҰ мәжілісіндегі сөзіне жауап берді. Ол сөзінде: «Оның сөзі отпен ойнағандық, Трамп президент болуға жарамайды» деді. Сонымен бірге ол АҚШ-қа жауап ретінде ең қатаң шара қолданғалы отырғанын да ескертті. Екі елдің басшылары бір-бірін ауыр сөздермен сыбап алды.