"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының экономикалық әсері байқалмайды, ал бұл оған қаражаттың босқа жұмсалып жатқанын көрсетеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру бойынша өткен республикалық кеңесте осылай мәлімдеді.
Президент цифрландыру бұл мақсат емес, экономикалық өсімге қол жеткізудің құралы екенін атап өтті.
"Мен Ресейдің цифрландыру бағдарламасы 2024 жылға қарай ЖІӨ өсімін 5-6 тлрн рубльге дейін жеткізетінін білемін. Олар осы үшін 1,5 трлн рубль жұмсағалы отыр. Ал оны қайтару 3-4 есе. Әрине бұл өсім емес, бірақ бірге-бір қосылады. Ал біздің бағдарлама жасаушылар қанша қайтарады? Біз ештеме естімедік. 2021 жылға қарай 251 млрд теңге жұмсаймыз. Қайтарым қандай? Цифр жоқ. Егер осылай жұмыс істей берсек ақша желге кетеді немесе ұрланады. Сондықтан мақсатымызды анықтап алайық. Егер біздің жасаушылар бағдарламаның әсері қандай болатынын жоспарлай алмаса, олар біздің дамуымызды тежегісі келеді деп есептеу керек. Мен нақты айтпаймын, бірақ солай болуы мүмкін", - деді Президент.
Сондай-ақ, ол цифрландыру бойынша Ресей және Беларусь елдерімен арнайы комиссия құру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
"Мен ЕАЭО мүшелерін ренжіткім келмейді, сондықтан цифрландыру бойынша біріккен комиссия құрып оны алға жылжыту керек. Түрлі тәжірибе бар, біз олармен бөлісе аламыз, мамандар бар. Президент жанынан арнайы комиссия құру керек. Премьер-министр мен оның кеңсесі комиссияның жұмыс органы болады", - деді ол.
Осылайша Президент аталған бағдарламаны осы жылдың соңына дейін жасап шығуға тапсырма беріп, 2018 жылдың басынан бастап бұл жұмысты өзі жеке бақылап отыратынын мәлімдеді.