«Бәріне бірдей ұнайды деп күтуге болмайды. Бізде ондай иллюзия жоқ.
Біз қоғамның барлық жігі мен топтарының мүдделерін ескере отырып,
мемлекеттің мүддесін негізге аламыз. Ең бастысы – мемлекет мүддесін қатаң сақтау. Әрине, бәріне ұнауы мүмкін емес». Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Sayasat.kz сайтына берген сұхбатында "Дін саласындағы заңнамаға енгізілетін түзетулерді қоғам қалай қабылдауы мүмкін?" деген сауалға осылай жауап берді.
Айта кетейік, осы жылдың 20 маусымы күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Аталған құжатты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген.
Министрдің сөзінше, тұжырымдама заң жобалау үшін және саяси-теориялық
негіздерді құру үшін қажет. Тұжырымдаманың негізінде заңнамаға өзгерістер
мен толықтырулар топтамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер
оны талқылау оң нәтиже беретін болса, 13 заң мен 4 кодекске шамамен 60
түзету мен толықтырулар енгізіледі.
Сондай-ақ, ведомства басшысы: «Біз заңнаманы әзірлеу кезінде
қоғамның пікіріне жүгінеміз және түзетулерді қоғамның барлық өкілдерімен
ашық түрде талқылау қағидасын ұстанамыз. Осы заң жобасын дайындау
кезінде, жоба сарапшылардың, діни бірлестік өкілдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің
көптеген талқылауынан өтті. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Қараша-желтоқсан айларында оны Мәжіліске жолдауды жоспарлап отырмыз» - деді.