Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін отставкаға кетуді ұйғарған. Бұл жөнінде ол 27 тамыз күні Азаттық радиосыны берген комментариінде айтты. 

"Қазір менің ең басты мақсатым - апаттың салдарын жою. Енді сізді отставка мәселесі қызықтыратын болса, мен осы хабарды естіген соң бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға (өтініш) беремін, отставканы сұраймын, ал қалғанын жоғары басшылық шешеді" деді Ермекбаев Азаттық тілшісі Манас Қайыртайға.

Кеше, 26 тамыз кешке Жамбыл облысындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жойқын жарылыс болды. Соңғы ресми ақпаратқа қарағанда, жарылыстан 4 әскери қызметкер қаза тауып, бірінеше адам хабар-ошарсыз кеткен. 60-тан аса адам түрлі жарақат алып, ауруханада жатыр.

Жамбылда жарылыс болғаны хабарланған сәттен бастап қоғамда қорғаныс министрінің отставкасын талап еткендер болды. Олар осыдан екі жыл бұрынғы Арыстағы жарылыс та Ермекбаевтың кезінде болғанын уәж етіп, оның жұмысын сынап жатыр.

2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймалардың бірінде жойқын жарылыс болған. Мыңдаған оқ-дәрі, зарядталмаған снарядтар қарша бораған. Нақтырақ айтқанда, 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған. Жарылыс салдарынан бес адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Ондаған әлеуметтік маңызды нысан бүлініп, мыңдаған тұрғын үй зақымданған еді.

Сол кезде министр Ермекбаев  бір қаланың халқын босытып, тұрқын тып-типыл еткен апатты "табиғи құбылыс" деп атап, халықтан "кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқтығын" айтқаннан кейін көптің сынына қалған. Десе де қоғамдағы отставка туралы талап жиі айтылғанымен, ол жолы билік әрекетсіздік танытқан.

The Qazaq Times