Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры көрсетілетін қызметтерді жаңғырту және оңтайландыру бойынша салымшылар мен алушыларға жаңа қызметтер ұсынады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Қордың мәліметінше, 2017 жылдың маусымында қор бірқатар жаңа сервистерді іске қосқан. Енді салымшылар қор кеңсесіне келмей-ақ, сайттағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтініш беру және сол өтініштің орындалу барысын қадағалау мүмкіндіне ие болады.

Ал зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбадан басқа 20 саннан тұратын банктік шот туралы мәлімет және банктің деректемелері керек. Теңгелік шотты екінші деңгейдегі банкте немесе «Қазпошта» бөлімшесінде ашуға болады.  Бұл ретте Қор салымшыға өтінішінің орындалу барысы жөнінде СМС-хабарлама жіберіп отырады.

Биыл аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы іске қосу жұмыстары басталады.

Сондай-ақ, 2017 жылдың үшінші тоқсанында Қор тағы бір электронды қызметті – салымшының қосымша деректемелеріне өзгерістер/толықтыруларды электронды тұрғыда енгізу жоспарланған. Бұл деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні және осы құжатты берген орган), пошталық және (немесе) электрондық мекенжай, сонымен қатар үй, жұмыс және ұялы телефон нөмірлері жатады.

“The Qazaq Times”