Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының портфеліндегі Әзербайжан халықаралық банкінің проблемалы облигацияларын ауыстыру 2017 жылдың қыркүйек айының соңына қарай аяқталып қалуы мүмкін. Бұл туралы БЖЗҚ басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева мәлімдеді.

Алматыда өткен баспасөз конференциясында ол Ұлттық банк үкіметпен бірге ӘХБ-ның 250 млн доллар көлеміндегі міндеттемелерін Әзербайжан үкіметінің мемлекеттік құнды қағаздарына айырбастап, 3,5 сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылда қайтару (2032 жыл) туралы ұсынысына дауыс бергенін атап өтті.

"Қазіргі кезде осы келісімді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Келісім 2017 жылдың қыркүйек айының соңына қарай аяқталып қалуы мүмкін", - деді қор басшысы.

Ал қор басшысының орынбасары Сәуле Егеубаева болса БЖЗҚ портфеліндегі ӘХБ облигацияларының құны 1 шілдедегі жағдай бойынша өзгеріп, 67,6 млрд теңге болғанын мәлімдеді. Ал 1 маусымдағы есеп бойынша 64,4 млрд теңге болған еді.

Бұдан бұрын Егеубаева проблемалы банктегі зейнетақы активтерін бағалау үшін  Bloomberg ақпараттық жүйесі пайдаланылатынын түсіндірген.

"Жыл басында баға номиналды құнның 85 пайызын құраған, маусымда 82 пайыз болды. Осыған байланысты актив құны қаржы есебінен өзгеріп отырады", - деді ол.

Еске салайық, мамыр айында  қазақстандық экономистер тарапынан Әзербайжан халықаралық банкіне зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі инвестицияланғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін 23 мамыр күні Әзербайжан банкі кредиторлар алдындағы борышты құрылымдаудың үш нұсқасын ұсынған. Олар ұсынған үш нұсқа төмендегідей:

  • Біріншісі - ӘХБ-тің 250 млн доллар қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн АҚШ доллар етіп, 12 жылда 5,125 пайыз мөлшерлемемен қайтару.
  • Екіншісі - 250 млн доллар қарызды Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 15 жылда 3,5 пайыздық мөлшерлемемен қайтару.
  • Үшіншісі - 250 млн АҚШ долларын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 7 жылда 3,5 пайыздық үстемемен 250 млн АҚШ доллар етіп қайтару.

“The Qazaq Times”