«Мәселе Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына салынған БЖЗҚ қаржысына қатысты. Бұл сұрақ қоғамда үнемі талқыланып жатыр. Енді отырыста осы мәселеге тоқталсақ", - деді премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Оның сөзінше, "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес, "БЖЗҚ" АҚ-ға үкімет иелік етеді, сондықтан мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.
Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2014 жылдың қазанында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліне құны 250 млн долларды құрайтын Әзербайжан халықаралық банкінің борыштық бағалы қағаздары 10 жыл өтеу мерзімімен және 8,25% купондық мөлшерлемемен орналастырылғанын атап өтті. Ал Ұлттық банктің мәліметінше, 2014 жылдан бері аталған банктегі қаржының 52 млн доллары (15 млрд теңге) сыйақы ретінде БЖЗҚ-ға қайтарылған.
«Сіздің тапсырмаңызбен мен Әзербайжандағы қаржы министрімен сөйлестім және олармен үнемі байланыстамын. Оның түсіндіруінше, Әзербайжанның ұлттық валютасы давальвацияға ұшыраған соң, Әзербайжан халықаралық банкі кредиторлар алдындағы өзінің міндеттерін орындауды тоқтатқан. Әріптестерім "Әзербайжан үкіметі банк кредиторларының мәселелерін реттеу үшін бар күшімізді салады" деп отыр", - деді Сұлтанов премьер-министрге.
Айта кетейік, 23 мамыр күніӘзербайжан банкі кредиторлар алдындағы борышты құрылымдаудың үш нұсқасын ұсынған. Олар ұсынған үш нұсқа төмендегідей:
Біріншісі - ӘХБ-тің 250 млн доллар қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн АҚШ доллар етіп, 12 жылда 5,125 пайыз мөлшерлемемен қайтару.
Екіншісі - 250 млн доллар қарызды Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 15 жылда 3,5 пайыздық мөлшерлемемен қайтару.
Үшіншісі - 250 млн АҚШ долларын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 7 жылда 3,5 пайыздық үстемемен 250 млн АҚШ доллар етіп қайтару.
Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында осы жылдың шілде айында банктің құрылымдау бойынша ұсынған нұсқалары бойынша кредиторлардың жиналысы болатынын атап өтті. Егер құрылымдауға қатысты кредиторлар тарапынан қолдау болатын болса, онда одан кейінгі шаралар қолға алына бастайды.
«Әзербайжан тарапы мәлімдегендей, бұл жұмыс осы жылдың күзінде аяқталуы мүмкін. Сондықтан сіздің тапсырмаңыз бойынша барлығы бақылауда болады және сізге барлық ақпарат уақытылы хабарланады", - деді Бақыт Сұлтанов премьер Сағынтаевқа.
Еске салайық, бірнеше апта бұрын қазақстандық экономистер тарапынан Әзербайжан халықаралық банкіне зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі инвестицияланғаны туралы ақпарат тараған еді. Енді қазақстандықтар "салынған қаржы қайтпай қалуы мүмкін" деп қауіптеніп отыр. Дегенмен Әзербайжан билігі "қаражат қайтарылады" дейді.
“The Qazaq Times”