Ас үйде шай ішіп, журнал көріп отыр едім, кенет үй ішінен қызымның:
– Әке! – деген дауысы естілді. Мен оған:
– Не болды? – деп дауыстадым.
– Тез кел!
– Не жұмыс?
– Жұмысым бар!
Жұмысы болса барайын деп, бөлмеге кіргенімде қызым екі жұдырығымен жағын таянып, жерде екпетінен кітап көріп жатыр екен. Қарасам Киплингтің балалар ертегілері жинағы болып шықты.
– Ау, не жұмыс?
– Әке, өлу деген не ?
– О, бәрекелді. Мынаның сөзін қара! Сен осыны сөзсіз білгің келе ме?
– Иә, кітапта бір жылан туралы айтыпты. Оның аты Клайт екен. Ол «өлім мына менмін, өлудің мәнісі не» депті.
– Өлу деген адамның немесе кез-келген хайуанның өлуіне қаратылады.
– Онда өлу деген не?
– Айталық, бір адам өмір сүркісі келмесе, иә ауыр науқасқа кіріптар болса, қартайса немесе басқа біреу ұрып өлтірсе.
Мен осындай аянышты да, мейірімсіз толып жатқан сөздерді айта келіп, шамамның келісінше біртүрлі самарқау пішінмен:
– Қорықпа қызым, қорқатын дәнеңе жоқ, біз бәрімізде өлетін боламыз, – дедім.
Бүйтпегенде қайтейін? Мүмкін ең жақсысы төтесінен қойып қалмай, әзіл-қалжыңға айналдырып жіберген жөн болар. Немесе, мысалы, сенің бұны ойлауыңа әлі ерте деген сияқты бірер ауыз уағыз айтып қойсам құтылар ма едім әлде? Онда сәбидің миына түсініксіз де үрейді бір әсер қалып қоймай ма? Мен қайтерімді шынында, білмей қалдым.
Қызымның көзі алақандай болып, әңкі-тәңкі түсінбеген бейнемен:
– Онда адам қайта тірлік ете алмай ма? – деп сұрады.
– Тірлік ете алмайды.
– Одан соң ше?
– Одан соң дегенің қалай?
– Онда, адам кейін қайтып кетеді?
– Ештеңе де болмайды, тек үлкен адамға айналады. Сенің есіңде ме? Дачадағы кезімізде бір жолы сен бір көбелек ұстап алдың да оны қолыңа салып, қатты қысып жібердің. Сөйтіп ол қайтып ұша алмайтын болып қалды. Әсілі ол тірі еді. Бірақ, сен өлтіріп тастадың, ол өлі көбелекке айналды.
Қызым ештеңе демей отыра кетті, кітабын жауып қойып, ойлы күйде терезеге қарады. Артынан ол байсалды пішінмен, бейне менің қалай жауап беретінімді алдын-ала біліп алған кісіше:
– Адам да осылай бола ма? – деп сұрады.
– Иә, солай болады.
– Адам өлгеннен кейін тағы қандай күйге түседі?
– Жұрт оны жерге көмеді, немесе арнаулы дайындалған мешке салып өртеп жібереді.
Ол тағы да үнсіз ойланып отыр.
– Барлық адам өлеме ме? Адам мәңгі жасайды, мәңгі өлмейді деу мүмкін емес қой, солай ма?
– Солай, мүмкін емес.
– Онда сен де өлесің бе?
– Иә, мен де өлемін.
– Шешем де өле ме?
– Өледі.
– Мен де өлемін бе?
– Өлесің, бірақ сен өте ұзақ жасайсың. Ержетесің, есейесің, балалы-шағалы боласың, кәрі әжейге айналасың, сонан кейін барып өлесің. Бірақ, бұған ұзақ уақыт керек. Сондықтан, тап қазір мұндай нәрселерді ойлап әуре болма...
Осыны айттым да мен ас үйге шығып кеттім, шынын айтсам қашып құтылдым.
Мен тамақ істей жүріп, манағы айтқан сөздерім қызымның санасына залалды ма, жоқ па? Мүкін тіпті қатерлі болып жүрмесін деп ойладым. Істегендерім дұрыс па, әлде керісінше есуастың ісі ме? Бұл жағы өзіме де анық болмай қалды.
Қызымды тамаққа шақырдым. Ол жүгіріп келіп маған жабыса кетті. Мен оны құшақтай алдым. Ол кішкене қолымен мойныма асылып тұрып, ентіге сыбырлап сөйлеп кетті.
– Енді білдім. Менің ересек адам болғым келмейді. Ержеткім келмейді. Мәңгі сәби боламын. Сонда мәңгі өлмейді екенмін. Менің ойым дұрыс па, әке?!
Мен оны сүйдім де оған:
– Әлбетте дұрыс, сенің ойлағаның өте дұрыс! – дедім. Онан соң беталды көйтіп:
– Дегенмен тамақты қалай да жеуіміз керек қой... – дей беріппін.
Аударған: Ұшқын ШАЙСҰЛТАН
«The Qazaq Times»