Қазіргі таңда Өзбекстан билігі өзінің жаңа қадамдарымен әлем жұртшылығын таң қалдырып келеді. Жақында Шавкат Мирзиеев өзбек журналистерін билікті сынауға, қоғамда болып жатқан өткір мәселелерді айтуға шақырды. Мемлекеттік телеарналардан адам құқығы, сөз бостандығы жайында әңгімелер айтыла бастады. Бұл шын мәнінде осылай ма? Өзбекстан билігі расында да дамудың жаңа жолына түсіп, демократияға бет бұра бастады ма?
Шілденің 5-сі күні Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абулазиз Камилов жергілікті мемлекеттік телеарналардың біріне тікелей эфирде сұхбат берді. Онда ол саяси себептермен сотталғандар жайында, елге адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық Human Rights Watch ұйымы қайтып оралатыны жайында, ВВС телеарнасының Өзбекстан қызметі ел аумағында өз жұмысын қайта жалғастыратыны жайында әңгіме қозғады. Ал бұдан бір апта бұрын Шавкат Мирзиеев Өзбекстан журналистеріне бюрократия, жемқорлық сынды қоғамдағы өзекті мәселелерді көпшілікке ұсынулары керек екенін айтты. Көпшілік Өзбекстан билігінде жасалып жатқан бұл өзгерістерді Мирзиеевтің демокартияға бет бұрысы деп айтып жүр. Бірақ бұл Ислам Кәрімовтің құрып кеткен ел басқару жүйесінің тығырыққа тірелуі болуы мүмкін.
Егерде Өзбекстан билігінде осындай жағдайлар болып жатса, онда осыдан отыз жыл бұрын Кеңестер одағы кезінде Михаил Горбачевтың алдынан шыққан ескірген, қауқарсыз басқару жүйесі, қазір Шавкат Мирзиеевтің да алдынан шығып жатыр деген сөз. Яғни бұл Шавкат Мирзиеевтің демократияға бет бұрысы емес, бұл оның экономикалық тұрғыдан бір орнында тұралап қалған, саяси жағынан өлі басқару жүйесін жандандыру үшін еріксіз жасап жатқан қадамдарының бірі.
Олай дейтін себебіміз Ислам Кәрімов құрып кеткен билік жүйесі қазір Мирзиеевке толыққанды ел басқаруға мүмкіндік бермей отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мирзиеев қазіргі уақытта журналистердің, азаматтық белсенділердің тынысын кеңейтіп қана қоймай, билік жүйесіне жаңа жас кадрларды тарту үстінде. Оған дәлел - шілде айының басында Өзбекстан білім министрінің орынбасары болып 22 жастағы Алишер Садуллаевтің тағайындалуы мен маусым айында Шавкат Мирзиеевтің қазір билікте жүрген азаматтарға қарата «енді бір, екі жыл шыдасаңыздар ар жағында жас буын да билік басына келеді» деп айтқан сөзі.
Бұдан бөлек қазіргі таңда Шавкат Мирзиеев Өзбекстан халқынан келіп жатқан сұраныс, талаптарға да еріксіз назар аударуда. Ислам Кәрімов кезіндегі билік халықпен мүлде санаспайтын болса, қазір жағдай мүлде басқа. Өйткені Кәрімов көз жұмғаннан кейін, оның отбасы, яғни Гулнара Кәрімованың тағдыры мен биліктегі ауыс-түйістер өзбек жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Сол үшін билік маңында болып жатқан дүниелерден Өзбекстан қоғамының назарын өзге дүниелерге аудару мақсатында Мирзиеев түрлі қадамдарға баруда. Мысалы осы жерде Шавкат Мирзиеевтің өзбек журналистеріне «қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді қозғаңдар» деген сөзінің шын мәніндегі мағынасын да аңғаруға болады. Ол осы сөзі арқылы Кәрімов отбасы маңындағы даудан қоғам назарын басқа дүниелерге аударумен қатар, елдегі билік білмейтін проблемалардың басын ашып алуды да көздеп отырғандығын байқаймыз.
Жалпы Ислам Кәрімов дүниеден озғалы бері ресми Ташкент Кәрімовті жиі-жиі мақтап, насихаттағанымен Мирзиеев билігі Өзбекстанның қазіргі қиын жағдайын өз мойындарына алғылары келмейтінін де байқатты. Олар соңғы уақытта ескіліктің дәуірі өткенін айтып, жаңа уақыттың, жаңа қадамдардың жасалатын кезі келгенін халық санасына сіңіруде. Бұл Мирзиеевтің Ислам Кәрімов құрып кеткен жүйеден бір жолата құтылғысы келетіндігінің белгісі.
Қорыта келгенде бүгін Өзбекстан билігінің басына келген күн, ертең Кеңестер одағы құлағалы бері президент ауыстырып көрмеген ТМД елдерінің қай-қайсының болсын басына келері хақ. 20-30 жыл билік басында отырған адамның құрған жүйесі, дүниеден өткен соң өзінен кейінгі билік жүйесін құруға өз зардабын тигізетінін Өзбекстан жағдайы дәлелдеп отыр.